Мәселен, бұдан бір жарым ай бұрын ауруханада жүкті әйел қайтыс болды. Жүктіліктің 17-аптасын өткерген әйел түсік тастаған. Бірақ неге екені белгісіз бұл туралы денсаулық сақтау саласының басшылары ештеңені ашып айтпады.
«Мына адамның әйелі қайтыс болды. Күйеуі баласының 10 күннен бері мәйітханада жатқанын неге бүгін білген? Арызы осы кезге дейін неге қабылданбайды?», деп дабыл көтерді қоғам белсендісі Нұрлан Жонасов.
Күйеуінің айтуынша, ауруханаға түскен жүкті әйелді дәрігерлер бір күннен соң шығарып жіберген.
«Әйелім үйге келген соң жағдайы нашарлап, қан құсты. Ауруханаға жатқаннан кейін көз жұмды», деп налыды күйеуі. Ал 17 апталық шақалақтың мәйіті 10 күн бойы мәйітханада жатқан. Шақалақтың шетінегені туралы әйелдің күйеуіне де, туыстарына да ешкім хабарламаған. Шақалақтың мәйітханада жатқанын туыстары әйелдің қайтыс болғаны туралы анықтама алуға келгенде бір-ақ білген. Ауруханада көз жұмған әйел үш жыл бұрын күйеуге шыққан. Оның артында шиеттей екі баласы қалды.
Жүкті әйелдің ауруханада көз жұмуы бұл бір ғана емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың дерегіне қарағанда, 12 қазанда екі ана өлімі тіркелді. Оның бірі – облыстық, екіншісі – Мақат аудандық ауруханасында көз жұмған. Екеуі де Мақат ауданында тұрған.
Ауруханадан отбасына оралмаған жүкті әйелдің бірінің жасы – 33, екіншісі 34-те екен. Бұл нағыз бала тәрбиелейтін, ошақ отын маздататын жас қой. Бірақ екеуі де бір күнде отбасын, бауыр еті – балаларын аңыратып, о дүниеге аттанды.
– Облыстық ауруханада көз жұмған 33 жастағы әйел жүктіліктің 17-аптасын өткеріп жүрген. Бұл оның үшінші жүктілігі екен. Ол Мақат аудандық орталық ауруханасында бақылауға алынған. Биылғы мамыр айынан менингиома диагнозы қойылып, невропатологтің есебінде тұрды. Оның ауруы бір жыл бұрын басталған. Мамыр айында МРТ тексеруінен өтті. Соңғы аптада бас ауруы үдеп, жүрек айнуы жиілеген. Облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне 9 қазанда ми қабығының үстіндегі мидың қатерсіз ісігі диагнозымен түсті. Оны ауруханаға қабылдау кезінде бас ауруы, айналуы, жүрек айнуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, көру қабілетінің нашарлауы, жалпы әлсіздік жөнінде шағым айтты, – дейді А.Байдуәлиев.
Ауруханада жүкті әйелге зертханалық-диагностикалық және аспаптық зерттеулер жүргізіліп, дәрігерлердің кеңесі берілген. Содан соң тиісті емдеу тағайындалыпты.
– Екі күннен кейін, 11 қазанда жағдайы нашарлауына байланысты науқас қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Механикалық желдету аппаратына қосылды. Алайда дәрігерлердің емдеу шараларына қарамастан, науқас 12 қазанда таңертең қайтыс болды. Алдын ала сепсис, септицемия, сол жақ жоғарғы пневмония, мидың маңдай-париетальді бөлігінде көлемді ісіктің түзілуі, көп органның жеткіліксіздігі, септикалық күйзеліс диагнозы қойылды, – деп нақтылады басқарма басшысы.
Ал 34 жастағы жүкті әйел Мақат аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жүктіліктің 32-аптасында пневмония диагнозымен жеткізілген. Ол да үшінші баласын өмірге әкелуді асыға күткен.
– Жүкті әйел дереу механикалық желдету аппаратына қосылды. Бірнеше сағат ішінде оның жүрегі үш рет тоқтады. Дәрігерлер оның жүрек соғуын үш рет қалпына келтірді. Алайда барлық реанимациялық шараға қарамастан, науқас кешкі мезгілде қайтыс болды. Науқасқа вирустық-бактериялық генезис сепсисі, септикалық күйзеліс, оң жақ төменгі пневмония, реактивті гепатит, бауыр мен бүйрек жеткіліксіздігі, ұрықтың антенатальды өлімі диагнозы қойылды, – дейді А.Байдуәлиев.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жүкті әйелдер өлімінің түпкілікті себептері қызметтік тексеру, паталогоанатомиялық зерттеу нәтижелерінен кейін нақтыланады. Инфекцияның қоздырғышын анықтау, вирусологиялық, бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алынған. Мақат ауданындағы эпидемиялық жағдайды зерттеу қажеттігі туындап отыр.
Әрине, медициналық тексеру, талдау жасалады. Қылмыстық іс те қозғалады. Мұның бәрі әкімдікке, министрліктерге есеп беру үшін қолға алынатыны ешкімді таңдандырмайды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігін өмірге бала әкеліп, елдің демографиясын көбейтуді ойлаған аналардың ауруханаға аяқтай келіп, отбасына табытпен оралғаны алаңдатуға тиіс. Өйткені о дүниелік болған жүкті әйелдердің соңында анасыз қалған балалардың көз жасын тексерумен де, есеп берумен де құрғата алмайтынымыз өкінішті-ақ.
Мұнай мен газдың үстінде отырып, Ұлттық қорға, елорда мен өзге өңірлерге миллиардтап қаржылай қолдау беруден тартынбайтын Атырау облысында жүкті аналарды аман алып қалуға медицинаның да, дәрігерлердің де құдіреті жетпеді. Бұл тек бір өңірдің емес, ел медицинасының осал тұсы екені даусыз. Бұл өңірде бала сүйгісі келген аналардың бәрі ауруханадан аман оралар күн қашан туар екен? Әйтпесе, жаңадан отбасын құрған жастардың жүрегі отандық аурухананың табалдырығын аттауға дауаламайтыны даусыз-ау.
Атырау облысы