Құрғақ қоспалармен қамтиды
Ел көлемінде мәрмар ұнтағын алғашқылардың бірі болып шығара бастаған кәсіпорын – «Art-KZ» ЖШС. Серіктестіктің өнімі құрылыстағы түрлі құрғақ қоспаларға, бояуларға қосылады. Жалпы, Текелі өңіріндегі кәсіпорындар еліміздегі мәрмәр ұнтағына сұраныстың 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұған дейін бұл өнім шетелдерден тасымалданатын. Серіктестіктің атқарушы директоры Евгений Майерленің айтуынша, кәсіпорын 2008 жылы құрылған. Дегенмен мәрмәр ұнтағын шығару бастамасы «Алатау мәрмәр» ұйымынан басталған. Бүгінде «Art-KZ» ЖШС 15 мың тонна шикізат өндіреді. Сонымен қатар айына 300 тонна дайын құрғақ қоспа шығарады.
«Біз шығаратын мәрмар ұнтақ «AlinEX» брендінің өнімдері «Белоснежка», «Радуга», «Selena» сияқты танымал бояулардың құрамына қосылады. Біз дайын құрғақ қоспаларды өндіре бастадық. Шикізат пен өнімдеріміз негізінен Талдықорған, Алматы және Астанаға жіберіледі. Инвестор осыдан 3 жыл бұрын өз қаржысына құрал-жабдықтарды жаңартты», дейді Е.Майерлен.
Оның айтуынша, қазір зауыт 15 адамды жұмысқа алуға дайын, кәсіпорындағы диірменге машинист керек. Машинистер 214 мыңнан 218 мың теңгеге дейін жалақы алады. Зауытта 3 бригада бар, ондағы әр жұмысшы айына 15 күн жұмыс істейді, еңбек демалысы – 30 күн. Оған қоса кәсіпорын өз тарапынан жұмысшы жалақысының 5 пайыз көлемінде жұмыс беруші есебінен қосымша зейнетақы жарнасын төлейді. Нысанның өз карьері бар. Қазір зауытта 50 адам еңбек етеді, ал жалпы мәрмәр кластерінде 500-дей адам жұмыспен қамтылған.
«Бүгінгі жастар қол еңбегінен қашады, одан гөрі блогер болып, интернетте отырғанды ұнатады. Жаңа құрылған облысымызға өнеркәсіпті көтеріп, құрылысты ұлғайту керек. Экономика үшін оның маңызы зор. Біз қолымыздан келгенше отандық құрылыс саласын дамытуға үлес қосып келеміз, жұмыс орындарын ашып, өндірісті жолға қойдық. Қазір кәсіпорынның ең жас маманының жасы – 22-де, ең үлкені – мен, 72 жастамын. Өмірімнің елеулі бөлігін осы салаға арнадым», дейді Евгений Эмильевич.
Айта кетелік, Текелі қаласының облыс өнеркәсібі өндірісіндегі үлесі – 13,1 пайыз. Мұнда құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар, ашытқы, бордюр, таурит, сүт өнімдері шығарылады. Қалада шағын және орта бизнестің 1 500 субъектісі бар, онда 3 800 адам жұмыс істейді.
Жас металлургтерді тәрбиелейді
Осындай өндіріс орны Қаратал ауданында да бар. Бұл – жоғары сапалы кремний өндіретін «KazSilicon» зауыты. Республикада баламасы жоқ кәсіпорын. Бұрынғы металлургия комбинаты алты жылдық үзілістен соң биыл наурыз айында қайта түледі. Қазір кәсіпорын іргесін кеңейту мақсатында қосымша екінші пеш орнату туралы келісімшарт жасасу үстінде. Сонда зауыттың жылдық қуаттылығын 6 мыңнан 7 200 тоннаға дейін көтеруге мүмкіндік туады. Алғашқы кезеңде 19 адамды жұмысқа қабылдаса, қазір олардың саны 253-ке жеткен, алдағы уақытта тағы 100 адамға арттыру жоспарланып отыр.
Мұнда Қаратал ауданының Жылыбұлақ ауылына таяу жердегі «Сарыкөл» кен орнынан желілік кварц түріндегі шикізат жеткізіледі. Сөйтіп мұндағы жоғары технология арқылы жоғары сапалы, яғни 99,3 пайыз кремний элементі өндіріледі.
Жалпы кремний әлемде радиоэлектроника, компьютер, ұялы телефон микрочиптерінде, автокөлік өндірісінде қолданылатындықтан сұранысқа ие. Дайын өнім Еуропа елдері мен Жапонияға жөнелтіледі. Комбинатта қазақстандық мазмұнның үлесі – 80 пайыз, яғни «Сарыкөл» кен орнының кварцы, Қарағандының көмірі, Петропавлдың ағаш жаңқалары қолданылады.
Серіктестіктің бас директоры Марат Сәрсеновтің айтуынша, комбинаттың үздіксіз жұмысын 5 ауысым қамтамасыз етеді. Мұндағы жұмысшылардың түгелге дерлігі – жергілікті тұрғындар.
«Жұмысшылардың орташа айлық жалақылары – 286 мың теңге, оған қоса бонустық төлем жүйесі бар. Жалпы, металлургия саласында жұмыстың ауыр әрі жауапты екеніне қарамастан, әрі бұрын бұл бағытта істеп көрмесе де, әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары. Бәрін көріп-біліп, үйренуге бейіл. Біз олардың мұндай құлшынысын ынталандыруға тырысамыз, мансаптық жағынан өсуіне мүмкіндік жасаймыз. Мәселен, алғашында темір балқытушы кәсібінен бастаған талапты бес жас қазір шебер маманына ауысты, яғни шебер – қоластында 16 жұмысшысы бар басшылық лауазым. Оған жігіттер өздерінің табанды еңбегімен жетті. Ал техникалық жөндеу бригадалары бірнеше ауысымда жұмыс істейді. Барлығы да өз ісін жетік біледі, бір сөзбен айтқанда жұмыс жүйесін, пештің құрылымын бастан-аяқ меңгеріп алған мамандар. Оның бәрін олар осы жерде үйренді, енді білгендерін жас мамандарға үйретіп жатыр», дейді М.Сәрсенов.
Аталған зауыт Бастөбе серистік-техникалық колледжімен келісімшарт жасасқан, дуалды оқыту жөнінде уағдаластық бар. Соған орай электрик, электромонтер, слесарь, монтер, электргаз дәнекерлеуші мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттер екінші курстан бастап осы жерде іс-тәжірибеден өтеді. Осылайша кәсіпорын ұжымы жаңа жұмысшылармен толығып, жас мамандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасалады.
Еске салсақ, жыл басынан бері Қаратал ауданының экономикасына 5,3 млрд теңге инвестиция салынған. Ал жалпы облыс экономикасына өткен 8 айда 129 млрд теңге инвестиция тартылып, 6,4 пайыз өсім көрсеткен.
Гемпшир тұқымын таратады
Қаратал демекші, «Qazyna» инновациялық фермасы былтырдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығын жолға қойып, ағылшынның қазақ жеріне бейімделген Гемпшир тұқымын республика көлемінде таратуды бастады. Осылайша ферма түрлі бағыттағы асыл тұқымды қойлардың генофондын қалыптастыруға үлес қосуда. Ферманың негізгі базасы Жетісудың Лепсі өңірінде орналасқан шаруашылықта, жалпы 5 мыңдай қой өсіріліп отыр. Ал Қаратал ауданы аумағындағы зертханасында қазір 130 бас қошқардан ұрық алу процесі жүруде.
Ферманың басқарушысы, зертхана директоры Серік Мұқановтың айтуынша, Мыңбаев ауылындағы Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен, Алматы мен Астанадағы ғылыми зерттеу орталықтарымен, селекционерлермен бірлесіп жүргізілген жұмыс қазір өз нәтижесін беріп отыр.
«Шаруашылықта қойдың Суффолк пен Гемпшир түрлерін будандастыру арқылы асыл тұқымды Гемпширдің еліміздің климатына бейімделген түрін шығарған. Алғашында түгелдей қоңыр жүнді болып туған төлдің өсе келе қоңыр жүні тек басы мен аяғында ғана қалады екен. Бұл будандастырылған тұқымның төлі осы өңірде туғызылып, өсірілген. Қазір одан алынған ұрық ел аумағына таратыла бастады. Болашақта қазақтың Еділбай тұқымды қойына да басымдық беруге ниеттіміз», дейді ол.
Гемпшир – негізінен етті қой тұқымы. Бұл салмағымен ерекшеленеді екен. Мәселен 1 қой 100-150 килоға дейін тартады, соның 60 пайызынан таза ет шығады. Етінің дәмі де ерекше. Тез өсіп-жетілетін тұқым. Мамандар қойға берілетін азық рационын қатаң бақылайды. Осы ретте мал азығы құрамындағы микроэлементтерді түгендеп беріп отырады. Оның үстіне арнайы зертханада қой ұрығын алып, тиісті температурада сақтауға қажетті барлық жағдай жасалған.
«Жалпы, мұнда бір қойдан күніне 2-3 миллилитр ұрық материалы алынады. Оған арнайы қоспаларды араластырғанда 8 миллилитрге жеткізіледі, сосын мұздатылып, азотта сақталады. Оны 20 жылға дейін сақтауға болады», дейді ферма зертханашысы Динара Байчалова.
Жуырда қой ұрығының 40 мың дозасы Жамбыл облысына жөнелтілген. Қазір 150 мың доза дайын тұр. Бұл ретте Қостанай, Павлодар, Маңғыстау өңірлерінен де сұраныс түскен. Ферма қошқар басын көбейтіп, Чехиядан, Британиядан тағы 3 бас асыл тұқымды қой алдырды. Бұл жобаға әзірге 280 млн теңге инвестиция салынған. Алдағы уақытта оның көлемі де арттырылады. Жалпы шаруашылықта 50-ге жуық адам жұмыс істейді.
Күн сәулесінен қуат алады
Бүгінде Жетісу облысында жалпы қуаты 104,7 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны бар. Соның бірі – Қаратал ауданындағы «АлматыЭнергоПроджект» ЖШС-ның күн электр стансасы. Қуаттылығы 4,95 МВт құрайтын станса 2021 жылдың маусымынан бастап белсенді жұмыс істей бастады. Оған 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. «АлматыЭнергоПроджект» компаниясы негізінен жаңартылған энергия көздерін өндіруге маманданған. Жетісудағы жобадан басқа Түркістан облысында да осындай «Жетісай» және «Мақпал» күн электр стансаларының жұмысын жүргізіп отыр.
Кәсіпорынның бас диспетчері Бауыржан Әлімбаевтың айтуына қарағанда, 10 гектар аумақта 11 008 күн панелі қойылған. Бір панель күніне 450 Вт электр өндіреді. Өндірілген электр энергиясы «KEGOC» АҚ желісіне жеткізіледі. Қазір мұнда 11 адам жұмыс істейді. Жаңартылған энергия көздерін өндіру ісін жергілікті мамандарға арнайы бас инженерлер келіп үйреткен. Жұмысшылардың жалақысы орта есеппен – 250 мың теңге.
Биыл жалпы қуаты 50 МВт, құны 19,2 млрд теңге, 6 жұмыс орнын құратын тағы 1 жоба Сарқан ауданында іске қосылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін жалпы қуаты 156 МВт, құны 87,3 млрд теңге тұратын 10 жобаны іске асыру жоспарланған, оларда 141 жұмыс орны құрылады.
Жетісу облысы