Үкімет • 19 Қазан, 2022

Сенаторлар республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылады

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламент Сенатының депутаты Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өткен жиында Қаржы және бюджет комитетінің сенаторлары республикалық бюджет жобасын жан-жақты қарап, алдағы кезеңге арналған бюджет шығыстарының негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылады

ҚР Парламентінің Сенатында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларының таныстырылымы болды.

Жиын барысында Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева мен ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Амрин баяндама жасады.

Қаржы министрінің орынбасары биылғы жылы Бюджет кодексіне қабылданған түзетулерді ескере отырып, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша материалдар құрамына бюджет тәуекелі мен мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы талдамалық есеп алғаш рет енгізілгенін хабарлады. Сондай-ақ әлеуметтік саланы, экономиканың нақты секторын және еліміздің әлеуетті құрылымдарын қаржыландыруды күшейту де жоспарланып отыр.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтудің жаңа тетігі мен 2030 жылға қарай валюталық активтерді 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жолымен қысқартуға жол бермеу туралы айтып берді. Осылайша, 2023 жылы республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2,2 трлн теңге мөлшерінде белгіленді, 2024 жылға қарай 2 трлн-ға дейін және 2025 жылға дейін 1,9 трлн-ға дейін қысқаратын болады.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобасында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жекелеген тәсілдер ұсынылды. Олардың қатарында өңірлердің дербестігін арттыру, бюджеттердің кіріс базасын нығайту, бюджеттік жоспарлауда бюрократтықтан бас тарту және басқалар бар.

Ұлттық банк өкілі еліміздің ақша-несие саясаты саласындағы ахуал туралы айтып берді. Ал Есеп комитетінің мүшесі тұсаукесер барысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына комитеттің қорытындысын ұсынды.

Заң жобалары Сенатта комитеттің жұмыс топтары мен отырыстарында талқыланып, кейіннен Палатаның қарауына ұсынылады.