Руханият • 19 Қазан, 2022

Ғасыр шежіресі

400 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде жарық көргеніне бір ғасыр толып отырған Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті өзінің терең жатқан тарихымен ерекше. Биыл 1-мамыр күні газеттің шыққанына 100 жыл толды. «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұжым қызметкерлеріне арнайы құттықтау хат жолдап, басылымда жұмыс атқарып жүрген барлық қызметкерді айтулы күнмен құттықтаған болатын.

Ғасыр шежіресі

Әуелі «Кедей еркі» деген атпен 1922 жылдан бастап шығатын басылымның тұңғыш ұйымдастырушысы және ре­дакторы белгілі Алаш қайраткері Сы­дық Абланов болған. Басылым одан ке­йін «Еңбек», «Диқан дауысы», «Кол­хозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деген атаулармен шықты. Содан бері талай белесті бағындырған Әулиеата өңірі­нің бас басылымында әр жылдары Ғаб­ды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалды­баев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қаса­бай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт секілді елге танымал азаматтар бас редактор болды. Кемел Тоқаев, Не­сіп­бек Дәутайұлы, Асқаржан Сәрсек, Тынышбай Рақым, Жақсылық Сәтібеков, Елен Әлімжан, Мұрат Сыздық сияқты белгілі ақын-жазушылардың «Aq jol» газетіне сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Бәрінің де аймақтың ата басылымының дамуына, өркендеуіне үлес қосқанын айта кеткен жөн.

Жалпы, «Aq jol» газетінің тарихын­да ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Түр­кістан солай туған» атты әйгілі шы­ғар­масының алғаш рет жарық көргені айтылады. Жазушы сол кезде Әулиеата өңіріндегі Сарысу ауданының Түркістан ауылына барып, арнайы очерк жазғаны тарихтан белгілі. 1937 жылы Жамбыл қаласында жастардың республикалық бас­қосуы өткен кезде, аталған жиынға қатысқан, кейіннен атақты ақын Сырбай Мәуленовтің тұңғыш өлеңі жарияланған екен. Сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев­қа жазықсыз жала жабылған тұста газет қызметкері Қыстаубай Байтуовтың қай­раткер тұлғадан сұхбат алғаны да бір тарих. Ал белгілі қайраткер азамат Асанбай Асқаров та негізсіз жалалы болғанда «Aq jol» газетінің ол кісіге ара­ша түскені де шындық. Бұл туралы белгілі ақын, басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бек­босын өз естелі­гін­де «...белгілі жур­налист Жақсылық Сәтібековті Біш­кек­­ке аттандырдық. Көп кешікпей оның «Асқаровтың соты» атты очеркін сот әр сөзден ілік іздемес үшін өзім әбден сүзгіден өткізіп жариялап та жібер­дік. «Еңбек туынан» соң оны ме­нің ұсынысыммен Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстанға» бас­ты. Күллі Қазақстан көтеріліп кеткен­дей болды», деп жазады. Тағы бір айта ке­терлігі, кезінде бүгінгі «Aq jol» (сол кездегі «Еңбек туы») газетінің 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қа­тыс­қаны үшін жазаланған Қайрат Рысқұлбеков, Жам­был Тайжұмаевқа араша түскені де белгілі. Мұның бәрі де бүгінде жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Aq jol» сынды белді басылымның тарихы, шежіресі. Әрине, келтіре берсе мұндай оқиғалар газет тарихында көп болған. Мұның бәрі де бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық дүниелер. Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы «Шыншыл жарияланымдары үшін ­Жам­­был облыстық «Ақ жол» газетіне және оның редакторы А.Бекбосынұлына риза­лығымды мен өзімнің «Заманым туралы» атты кітабымда білдіргенмін. Енді мынадай мерейтой үстінде «Ақ жолға», оның мың-сан оқырманда­­ры­на, Жамбылдың жалпы ел-жұртына амандық-саулық, береке, ынтымақ, ақ жол тілеймін», деген екен. Сондай-ақ Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның да «Ақ жолды» республикадағы ең бір айбынды, халыққа қадірлі газеттердің бірі деп білеміз», деген аталы сөзі бар. Сол сияқты, Асанбай Асқаров, Темірбек Қо­жакеев, Мырзатай Жолдасбеков, Фа­риза Оңғарсынова және өзге де елге сыйлы тұлғалардың «Aq jol» газеті туралы жылы лебіз білдіруі де біз үшін абырой.

Жуырда «Aq jol» газетінің 100 жыл­дығына орай, «Ғасыр шежіресі» атты кітап жарық көрді. Бұл кітап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Aq jol» газетінің ұжымын құттықтау хатымен ашылып отыр. Сондай-ақ, кітапта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов секілді бірқатар лауазымды тұлғалардың құттықтауы берілген. Жалпы, кітап тарихи басылымның бір ғасырлық шежіресін қамтиды.

Бұл күнде «Aq jol» газеті туралы Тұр­сынхан Толқынбайұлы, Жаңабай Миллионов, Ахметжан Қосақов, Ма­хам­бетәлі Дүйсебаев, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбек, Құрманбек Әлімжан, Мақұлбек Малдарбеков, Сәулембай Әбсадықұлы, Болат Жаппарұлы, Әділбек Баққараұлы, Аманғали Әбуов, Әбілда Сәрсенбиев, Баймаханбет Ахмет, Сейсен Қожеке, Ақылжан Мамыт және басқа да мықты азаматтардың айтары көп-ақ. Сонымен қатар, бірқатар ардагер азаматтар «Aq jol» газетінің шежіресі туралы жазып, аталған басылымда қызмет атқарған азаматтар туралы жиі қалам тартып келеді. Мәселен, Тұрсынхан Толқынбайұлының кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақын Әшірбай Есмұрзаев жайлы мақа­ласы, Көсемәлі Сәттібайұлының қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негі­зін қалаушы Кемел Тоқаев тура­лы мақаласы басылым шежіресін түген­деуге атсалысқан дүниелер деуге болады. Өкінішке қарай, «Aq jol» газетінде еңбек еткен бірқатар атпал азаматтар өмірден мезгілсіз өтіп кетті. Бұл күнде қалың оқырман да, газет қызметкерлері де Бақтияр Әбілдаұлы, Мақұлбек Рыс­дәулет, Болат Мәуленов, Сапарғали Әлібай, Лесбек Сайлаубеков, Болат Бек­жанов, Мұрат Сыздық, Асқаржан Сәрсек секілді азаматтарды сағына еске алады. Бұл азаматтардың салып кеткен сара жолы, журналистика саласындағы бай тәжірибесі бүгінде көптеген жастардың игілігіне жарап келеді.

«Aq jol» газетінің алғашқы саны жа­рық көргелі бері мұнда көптеген аза­мат­тар жұмыс істеді. Әрине, шағын бір мақа­лада ол кісілердің бәрін бір­дей айту мүмкін емес. Дегенмен, талай ­буынды қалыптастырып, талай буынды алмастырған өңірдің бас басылымында еңбек еткен әрбір азамат барлық құрметке лайық деп білеміз. Бір ғана Мақұлбек Рысдәулеттің бас редактор болған тұсында жұмысқа қабылданған азаматтардың дені бұл күнде редак­ция­ның белді қызметкерлеріне айналып отыр. Тіпті, бірқатары шәкірт тәрбиелейтін жағдайға да жетті. Ең бас­тысы – «Aq jol» газетінің бай тари­хында, жүз жылдық жылнамасында әрбір бас редактордың, әрбір журналистің сара, дара жолы қалды деуге болады.

Бүгінде «Aq jol» газетінің жарық кө­руіне, оқырман қолына дер кезінде жетуіне Жамбыл облысының әкімі Нұр­жан Молдиярұлы Нұржігітов қамқорлық көрсетуде. Қазіргі таңда «Aq jol», «Знамя труда» және «Arai» жастар газеті, үш бірдей облыстық газет «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі­нің құрамына бірігіп, бір ұжым ретінде жұмыс істеп келеді. «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры Оралхан Дәуіт. Бұл күнде «Aq jol» газетінде 25 қызметкер жұмыс істейді. Бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова, жауап­ты хатшы Маржан Рақай, шолушы Аман­гелді Әбіл, бөлім меңгерушілері Жүр­сінгүл Жақып, Марат Құлибаев, Гүл­жан Рахман, Есет Досалы, тілшілер Құра­лай Сейсенбекқызы, Эльвира Жа­рыл­­қасынова, Есен Өтеулі, Сәнді­бек Пі­ренов, Нұржан Қадірәлі, Aqjolgazet.kz сайтының контент-редак­торы Айтол­қын Кенжебекова, аға дизайнер Ораз­күл Әбдікерімова, коррек­тор­лар Сая Әлімжанова, Ақерке Мұрат­баева, дизайнерлер Динара Балаева, Айман Сейділдаева, фототілші Ақ­әділ Рыс­махан, техникалық қолдау қыз­ме­ті­не жауапты Алмаз Орманов секіл­ді аза­маттардың еңбегі атап өтуге тұрарлық.

«Aq jol» газеті Жамбыл жұртшы­лы­ғына жүз жылдан бері жол тартып келеді. Тарихи басылымның әлі де оқыр­манға берері мол. Басылым оқырманымен бірге мәңгі жасай береді деген сенім мол!

 

Хамит ЕСАМАН,

Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы