Қоғам • 20 Қазан, 2022

Айтқандары әлі құлағымда жаңғырады

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асанбай Асқаров ағамызбен кездесуіміз аз ғана уақытқа созылса да, ол кісінің бойындағы бекзаттықты өзіме үлгі етуге ұмтылып келемін.

Айтқандары әлі құлағымда жаңғырады

2000 жылдар болса керек. Ол кезде Жамбыл облысына қарасты Меркі аудандық ауруханасында жұмыс істеймін. Ағамыз Меркідегі санаторийде демалуды жоспарлайды. Өкінішке қарай, жолда ағамыз жол апатынан зардап шегіп, мен еңбек ететін емдеу мекемесіне дереу жеткізілген еді. Мен кезекші дәрігермін. Ағамызды шұғыл рентгенге түсірдік. Асанбай Асқаровтың сол жақ иығы сынғанын анықтадым. Ем-шара бөлмесінде екеуміздің арамызда мынадай қысқа ғана әңгіме өрбіген еді:

– Кімнің баласысың? – деп сұрады Асанбай ағам.

– Менің әкемді танымайсыз, аға. Мен Кіші жүздің баласымын, – деп асығыс жауап бердім.

– Еһ, осы қазақты құртқан жүзге бөліну ғой. Мен сенің әкеңнің атын сұрап едім, сен жүзіңді айттың, – деді ол ренжіңкіреп. – Нар­тәуекел, бастаңдар операцияларыңды.

Біршама уақыттан кейін Асанбай ағамыз наркоздан оянды. Қайта рентген жасағанымызда сынып, қозғалған сүйек жабық түрде орнына түскенін көрдім. Бұл уақытта аудан әкімі мен аймақтың біршама шенеунігі ағамыздың жағдайын білу үшін дәлізде тағатсыздана күтіп тұрған еді. Арасында құзырлы орган қызметкерлері де бар. Сонда ағамның айтқан сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырады.

– Бақыт (аудан әкімі), мен милицияңның бастығын танымаймын. Мені соққан қазақ жігіті, бірақ ол сотталмасын! Онсыз да түрмелерді қазақтар толтырып жатыр. Машина ертең дайын болсын, мен Алматыға жол жүруім керек, – деп қысқа қайырды.

Осы бір ауыз сөзінен-ақ ағамыздың қандастарына деген жанашырлығы мен қамқорлығын анық байқауға болатын еді. Өзінің ұлтжанды мінезімен халықтың ризашылығына бөленген азамат болатын.

 

Әділбай МЕДЕТБАЕВ,

Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры