Аймақтар • 21 Қазан, 2022

Жәрдемі көп жәрмеңке

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қалалық әкімдіктің және Халықты жұмыспен қамту орталығының қолдауымен Алматы қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Жәрдемі көп жәрмеңке

Жәрмеңкеде жастар мен оқу орын­дарын тәмамдаған түлектерді, сон­дай-ақ жұмысшыларды көптеп кездестіруге болады. Олардың дені өнеркәсіп, өндіріс орындары, сауда желілері, азық-түлік, медицина, білім берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандары тарапынан қажетті ақпарат алса, енді бірі сауалдамадан өтіп, жаңа жұмыс орын­­­да­рының мүмкіндігімен танысты.

Халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғы директорының орынбасары Нұржан Ауталиевтің айтуынша, бү­гін­­де қызмет көрсету саласында мамандар жетіспейді. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 160 жұмыс беруші қатысып, 3 мыңнан аса бос жұмыс орындары ұсынылған. Азаматтардың жекелеген санаттары бойынша жұмыс іздеп келген мүгедектер, пробациялық есепте тұрғандар, бас бостандығынан айы­ру орындарынан босатылғандар, али­мент бойынша борышкерлер жұ­мыс­пен қамту шараларымен таныс­ты. Жәрмеңкеге азаматтардың жекелеген санаттарына арналған жұмыс орындары бойынша квоталары бар жұмыс берушілер қатысты. Осы орайда бүгінде қарызы 3 млрд теңгеден асатын жұмыссыз борышкерлердің жәрмеңке алаңынан бос жұмыс орындарын қарастыруға мүмкіндігі де ескеріліп отыр.

Алматы қаласында тұрақты тір­кеу­­дегі жұмыссыз азаматтардың қысқамерзімді курстардан өту мүм­кін­дігі бар. Халықты жұмыспен қам­ту орта­лығына жұмыссыздық бо­йын­ша тір­келгеннен кейін кәсіптік бағ­дар алуға жолдама беріледі. Осы жолы жәр­меңкеге 3 мыңнан аса адам жұмыс іздеп келсе, мыңнан астамы жұмысқа орналасуға жолдама алды. Ресми дерек бойынша қалада жұмыс іздеп жүргендердің саны 50 мыңнан асады.

«Казлегпром» ЖШС маман жөнін­дегі менеджері Дина Искакова кәсіп­орында тігіншілер, әсіресе аяқкиім тігетін ер адамдардың жетіспейтінін алға тартты. Мектеп формасы, әскери және арнайы киімдер, аяқкиім тігуге маманданған кәсіпорын жылына 1,5 млн түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың жұп аяқкиім шығарады. Мұнда жұмысшының айлық жалақысы – 250-350 мың теңге аралығында. Жұ­мыс­шы мамандарын оқытатын колледждер Алматы технологиялық университетімен келісімшартқа тұр­ған. Алайда оқу орнын бітірген тү­лектер кәсіпорынға жұмысқа тұруға аса қызығушылық таныта қоймайды екен. Қазіргі жағдайда кәсіпорынға жүзге жуық жұмысшы керек. Осы орай­да кәсіпорын басшылығы жұмыс істеуге келісімі болса, арнайы оқытып, біліктіліктен өткізу мүмкіндіктерін ұсынып отыр.

Жәрмеңкеде «Казатомпром», «Қаз­­телеком», қалалық Төтенше жағ­­­­­дайлар департаменті, «Поли­граф­­комбинат», демалыс орындары, банк­тер, оқу орындарының маманда­ры жұмыс іздеушілермен сұхбат­тасып, сұрақтарына жауап берді. Мамандардың пікірінше, жұмыс беру­ші­лермен тікелей байланыс орнатып, жұмыс табуға септігін тигізген жәр­меңке еңбек нарығындағы ахуалды зерттеуге де ықпал етеді.

 

АЛМАТЫ