Әлеуметтік институт рөлін атқарған құндылықтың қожырауы – отбасының ыдырауына әкеп соғады. Елімізде кейінгі 8 жыл бойы байрағы желбіреп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауындағы мемлекеттік саясат та осындай мүддеден туғаны анық. Жыл сайын мәртебесі тасыған отбасылар мәлім болып келеді. Қарағанды өңірінде өткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі үлгілі отбасыларды танытты.
Әуелі байқау аудан, қала деңгейінде өткені мәлім. Содан барып, оның арасында үздіктері облысқа жолдама алды. Облыстық кезеңде 25 отбасы бақ сынасты. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар. Елдің тыныштығын күзеткен, халықтың хас өнерін өрге сүйреген, ұжданды ұрпақ өсіруде білім нәрімен сусындатуды мұрат еткен әулет адамдарының әрбірі кімге болса да, өнеге.
Ал байқау қорытындысында Нұра ауданы Кертінді ауылында тұратын Әлімбаевтар әулеті бірінші орынға лайық танылған-ды. Әулеттің үлкені – Тельман Әлімбаев 1939 жылы дүниеге келген. Өңір құрылысында, ауыл шаруашылығында қолтаңбасы қалған еңбек ардагері. Әрі құрылысшы, әрі агроном. Ауылының өркендеуіне аянбай үлес қосқан.
Алпыс жыл отасқан қосағы Күлпан шешеміз алтын құрсақты ана. Алтын алқа иегері. 8 перзент сүйіп, 22 немере, 3 шөбере көрген ата-әженің ел алдында абыройы асқақ, жүзі жарқын, мерейі үстем.
– Әуелі байқаудың аудандық кезеңіне қатысып, бас жүлде иелендік. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Байқаудың шарты бойынша отбасы мүшелері толық қатысуы қажет екен. Бір ауыздан келісіп, қатысуға өтінім бердік. Енді, міне, облыстық кезеңнің жеңімпазы атандық. Шынын айтсам, жеңімпаз атанамыз деп күткен жоқпыз, – дейді әулеттің үлкен қызы Жанна Әлімбаева. Енді ел алдында отбасының қадір-қасиетін паш ету үшін Астанаға аттанады. Мәселе байқауда, жүлдеде емес. Мақсат – жалқы. Ол – көпшілікке өмірдің өтпелі сынақтарына сынбай, төтеп беріп, осындай ақарлы-шақарлы отбасы болу мүмкіндігін дәлелдеу.
Екінші орын Ақтоғай ауданынан келген Күлшікеновтер отбасына бұйырған-ды. Күлшікеновтер 4 баладан 10 немере тәрбиелеп отыр. Отағасы – Нұрлан Күлшікенов Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының үш мәрте иегері, Мәдениет саласының үздігі. Жары Айгүл – облыстық, республикалық байқауларда оза шауып, бәйге алып жүрген өнерпаз, лауреат. Отағасы өзінің үлкен әулеттен шыққанын айтады. Он баланың ортасында ер жеткен ол шетінен өнерлі екеніне мақтанады. Сол өнер қазір балаларына дарыған. Туа біткен дарын мен талант отбасылық ансамбль құруға ықпал еткен екен.
– Бір үйде 10 бала өстік. Бәріміз музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтамыз. Өзімнің аудандық «Тоқырауын толқындары» ансамблінің құрамында жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан астам уақыт өтті. Отбасылық ансамбліміз бар. Байқауға отбасым толық қатысты. Облыстық байқаудан ІІ орын алу деген – зор жетістік. Әрине, жетістікке жетуге әрқайсысының үлесі бар. Біздің мақсат – қазақ өнерін дәріптеу. Ұлттық өнерімізді насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізу өзімізге артылған жауапкершілік әрі міндет. Ауызбіршіліктің, осы бір ұстанымымыздың нәтижесінде жеңіске жеттік деп білемін, – деді Нұрлан Күлшікенов.
Ал жүлделі үшінші орынды Саран қаласынан Костиндер, Қарқаралы ауданынан Балықпаевтар отбасы бөлісті.
«Мерейлі отбасылардың» мерейін тасытуда өңірдегі ірі өндіріс кәсіпорындары да қалыс қалмады. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жеңімпаздарға сый-сияпат жасады. Атап айтқанда, Әлімбаевтар мен Күлшікеновтердің отбасыларына 10 күнге шипажайға жолдама, Костиндер мен Балықпаевтар отбасыларына қаржылай сыйлық тарту етті. Приозерск қаласынан келген Қабышевтар отбасына арнайы сыйлық табыстады.
Осылайша, ұрпағымен мың жасайтын қазақтың ұлағатын тағы бір мәрте дәріптеген байқау биыл мәреге жетті. Мемлекет ішіндегі шағын мемлекет – отбасының қоғамдағы орнын үлгі ететін мұндай іс-шаралар басқа отбасылардың да бірлігін бекемдей түсері анық.
Қарағанды облысы