Аймақтар • 21 Қазан, 2022

Адал еңбекпен есейген

1829 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылды қазақтың алтын бе­сігіне балайтын жанның бірі – Аманғали Жаңабаев. Әлі де облыс орталығынан шалғайдағы Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылында тұрады. Бұл ауылға зейнетке шыққан соң көшіп келген. Оған дейінгі ғұмыры саф ауасы ты­нысыңды ашар қыр төсінде өтті.

Адал еңбекпен есейген

Өмірлік серігі Іңкәрмен бірге жеті бала тәрбиелеп, бәрін де адал еңбекке баулыды. Балаларына маң­дай термен тапқан нанның тәтті боларын ұғындырды. Өйт­кені Аманғали Жаңабаев – ғұ­мырын мал шаруашылығына ар­­наған еңбек адамы. Қыр тө­сін­де кіндік қаны тамып, әкесі Отар­байдың тәжірибесін жадына түй­ген ол еңбекке ерте араласты. Он сегіз жасында «Қызыл ту» кең­ша­рында шопанның көмекшісі болып бастаған кәсібін әскерден оралған соң қайта жалғастыр­ды. Осы кеңшардың түйесін де, қо­йын да бақты. Түлік санын төлімен көбейтудегі адал еңбегі үшін «Қызылқоға ауданының чемпион түйешісі» атанды. Бұл оның жалғыз марапаты емес. Жыл са­йын осындай марапатпен мерейі тасыды.

Оның балалары әр мамандық­ты игерген. Отбасында мұғалім мен дәрігер де, құқық қорғау сала­сының маманы да бар. Бұл әулет үшін мал шаруашылығы – атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіп.

Адал еңбекпен есейген әке­нің абыройлы еңбек жолын жал­ғас­тыр­ған ұлдары Думанбек, Құр­манбек, Есен, Темір 2006 жылы мал шаруашылығын дамытуға бет бұрды. Сөйтіп, Құрманбек жетекшілік ететін «Құрман» шаруа қожалығын құрды. Қазір бұл қожалықта 230 жылқы, 140 түйе, 330 мүйізді ірі қара мен 1 500 қой бар. Адал еңбекпен есейген, жасы жетпістің желкенін керген қария әлі де үйде отыра алмайды. Балалары бағымын келістірсе де бір мезгіл төрт түліктің қоңына көз салып, ақыл-кеңесін беруді міндеті санайды. «Мырзабай» және «Наурызбай» атауын ал­ған қыстақтың дайындығын тек­середі. «Жамансай» аталатын жер­дегі жайылымның құнарына көз салады.

Қожалық жетекшісі Құрман­бек мал тұқымын асылдандыру үшін селекциялық жұмысқа бет бұрды. Сөйтіп, абердин-ангус, қазақтың ақбас сиыры се­кілді тұқымдарынан тараған жаңа типті мүйізді ірі қараның төлі алынды. Мақсат – жазғы мез­гілдегі аптап ыстығы, күзгі қара суығы мен қақаған аязы секілді табиғи құбылысқа төзімді сиыр өсіру. Жалынан ұстатпайтын асау жылқыны «Көшім» мен «Мұ­ғалжар» тұқымымен асылдан­дырудың жемісі көріне бастады. Қазір асыл тұқымды әр жабағы 140-160 кило таза ет береді.

Он алты жыл бұрын құрыл­ған шағын шаруашылықтан асыл тұқымды мал фермасына айналған «Құрман» шаруа қо­жа­лығы мемлекеттің қолдауын кө­ріп отыр. Асыл тұқымды малға берілген субсидия қаржысымен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып, Ойыл ауылдық округінің орталығы – Жасқайрат ауылында ет-сүт өнімдерін өң­дейтін цехтың құрылысы бас­талды. Бұл цехта мал өнімдері озық технологиямен өңделеді. Цехты 2023 жылы толық іске қосу көзделген. Осылайша, ауыл тұрғындарына «Жасқайратта жасалған» таңбасымен шұжықтар мен сүзбе, қатық, қаймақ мен май секілді табиғи әрі сапалы өнімдер ұсынылмақ. Шаруа қожылығында жұмыс істеп жүрген 40-қа жуық ауыл тұрғынының қатары тағы 10-15 адамға көбейеді.

– Адал еңбек қана адамды абыройға бөлейді. Үнемі іздену, үйрену қажет. Әсіресе мал ша­руа­шылығын дамыту үшін қы­рағылық қажет. Өзің өсіріп отыр­ған малға жанашырлық таныт­пасаң, еңбегің еш болады. Төрт түліктен де табысы көл-көсір табыс табуға болады. Бірақ мал бағуды қиын көретіндер бар. Тегінде қиындықсыз жетіс­тікке жететін жұмыс бар ма? Ша­руа қожалығын құрып, мал ша­руашылығын дамытуға бет бұрған ұлдарым қиындықты жеңіп келеді, – дейді Аманғали Жаңабаев.

Әке мен шешенің тәлімді тәр­­биесін көрген балалары қа­йырымдылық істерден шет қал­май­ды. Жыл сайын Наурыз, Құр­бан айт, Қарттар күні секіл­ді ме­рекелерде әлеуметтік тұр­мы­сы төмен және баласы көп отба­сыларға, мүгедек жан­дар­ға де­меушілік көрсетеді. Мүм­кін­дігі шектеулі 20 баланы қам­қор­лы­ғына алған. Ауылдағы «Шал­қы­ма» мәдениет үйінің бір бөл­ме­сін балалар үшін күрес бөл­месі ре­тінде қайта жасақтауға қар­жылай қолдау көрсетті. Он отба­сының әрқайсысына қысқы мал азығы үшін 10 рулонды тегін береді.

 

Атырау облысы