24 Мамыр, 2014

Қазақстан үлесі жоғары бағаланды

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
09.jpg-23-05 Мемлекет басшысы VІІ Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік ІІ конференция аясында БҰҰ өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Президентпен кездесуге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Гьян Ачарья, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің прези­денті Мартин Сайдик, БҰҰ Бас хат­шы­сының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының  Шығыс Тимор жөніндегі арнаулы кеңес­шісі Ноэлин Хейзер және БҰҰ Сауда және даму жөніндегі кон­фе­ренциясының Бас хатшысы Мукиса Китуи қатысты. Мемлекет басшысы БҰҰ өкіл­деріне Форум жұмысына қатыс­қаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ тәуелсіздігінің алғашқы күн­дерінен бастап Қазақстан Ұйымның барлық бағыттағы қызметін белсене қолдап келе жатқанына тоқталды. Қазақстан Президенті Семей ядролық полигоны жабылған күнді БҰҰ ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-әрекет күні деп жариялағанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құруды ұсынғандығына да тоқталып өтті. – Бүгінде Алматыда БҰҰ ұйымдарының, бағдар­лама­ларының, қорлары мен мамандан­ды­рылған мекемелерінің 18 өкіл­дігі қызмет істейді. Осы хаб арқы­лы біз өңірлермен, әсіресе Ауған­стан­мен жұмыс жүргізе алар едік, – деді Мемлекет басшысы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Г. Ачарья өз кезегінде Ұйымның Бас хатшысы  Пан Ги Мунның VІІ Астана экономикалық форумына табыс тілеген сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, БҰҰ жүйесіндегі түрлі бастамалар мен идеяларды Қазақстанның белсене қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. – Сіздердің жаһандық күн тәртібіндегі белсенді көшбасшылық ұстанымдарыңызды әрдайым қолдап келеміз. Біз Қазақстанның ядролық қарусыздану, өркениеттер арасында сұхбаттастық орнату және Азияда өзара сенім жүйесін қалыптастыру тұрғысынан жасаған қадамдарын жоғары бағалаймыз, – деді  Г. Ачарья. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ  Ислам даму банкі тобы арасындағы серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Осы рәсімнен кейін Қазақстан Президентіне Жаһандық диалог және ынтымақтастық  орталығы­ның 2013 жылғы «Әлеуметтік бизнес-диалогты нығайтуға үлес» номинациясындағы сыйлығы тап­сырылды. Сыйлықты Еуропа Парламентінің мүшесі Марио Давид және Болгарияның экс-президенті Петр Стоянов табыс етті.
Соңғы жаңалықтар