Ансамбльдің аты айтып тұр, бұл қазақ өнерін ғана емес, Түркі әлемінің рухын музыкамен танытып жүрген топ. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер Түрігім туып-өскен» демей ме Мағжан? Демек Тұран – күллі Түркі әлемі. Оның бай мұрасын, отты күйлерін домбыра мен қобызда, жетіген, сазсырнай мен сыбызғы, тағы басқа ұлттық аспаптарда, заманауи нұсқада тыңдау ғажапқа қалдырады. Өзгеше күйге бөлеп, көкейге көшпелілер өркениетінің рухын қондырады. Музыканың тілі ежіктеп түсіндіруді қажет етпейтін тілсіз тіл. Сондықтан аталған ансамбль орындауындағы күй-әуендер Тұран топырағында өнген бізге төлтума, ал шетелдіктерге таңсық. Өткен заманның өзінде Мағжан «Тұранды мақтамаймын тіпті текке, онсыз да Тұран мәлім талай шетке» дегеніндей, біздің ансамбль бүгінде шетелдерде көбірек танымал. Осы уақытқа дейін 70-тен астам елде 600-ден астам концерт берген тұрандықтар кешін түркі жұрттарына танымал ноғай жырауы Арслан Сұлтанбековтің «Домбыра» туындысымен ашты. Композицияның өзегінен жойқын рух, алапат сезімдер тасқыны қылаң береді. Осыған жапсарлас орындалған «Бүркітті» де әлгіндей рухтағы дүние деп қабылдадық. Қазақтың қылқобызы қасқыр боп ұлығанын, аққу боп сұңқылдағанын естіген едік. Бұл жолы бүркіттей шаңқылдап шыға келгенде және оған дауылпаз сынды аспаптар қосылғанда, жігерлендірмей қоймайды. Қиялыңа қыранның қанатын беріп ұшырады.
Әйгілі Кетбұқаның «Ақсақ құлан» күйінің 20-ға жуық нұсқасы бар. Бір-біріне етене бәрі. «Тұран» ансамблі оны өздерінше құбылтып, күй аңызын жағалата отыра орындайды екен. Дауылпаз, дабыл сынды рух көтеретін аспаптар үні қапталдас шығады. Ансамбль қазақтың ұлттық аспаптарының көбінің дауысын орнымен сабақтастыра алғандығымен де ерекшеленеді. Бұл ретте кемі жоқ. Мәселен, үш ішекті домбыра мен жетіген, сыбызғы мен сазсырнай қалай қабысса, ұрып ойналатын ұлттық аспаптар мен шаңқобыз, тайтұяқ та домбыра мен қобыздың үнін одан сайын рухтандырып жібереді. Ал сахнаны тұтасымен алып тұрған үлкен экранда жүріп жатқан бейнелер тіптен ғажап әсер сыйлайды.
Бұдан бөлек ансамбль Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрімен бірігіп бірнеше шоқтықты туындыларды сәтті орындай алды (дирижері – Ерлан Нұртазин). Олармен бірлесе Ақтоты Райымқұлованың «Толғау», «Қазақ елі», «Дала сыры» атты композицияларын ойнап шықты. «Қара жорғаға» келгенде дирижер иығын қомдап билеп кеткенде, тыңдарман тұрып қол соқты. Концерттің қалай өтіп, аяқталғанын осыдан-ақ пайымдарсыз, ендеше.