Спорт • 24 Қазан, 2022

Ұлт спортының үміті

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кешегі күнге дейін қазақ спортшыларының даңқы әлемге тек күрес, бокс, дзюдо секілді жекпе-жек түрлерінің арқасында шығып келді. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің айшықты жеңісінен кейін дүние жүзінің майталман мамандары қазақ балуандарына, Олимпиада және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін жеңімпазы Серік Қонақбаев секілді былғары қолғап шеберлеріміздің табысынан кейін әлем елдерінің өкілдері қазақ боксшыларына құрметпен қарайтын болды. Қазір де солай.

Ұлт спортының үміті

Әйтсе де, кейінгі жылдары спортшылардың жаңа буыны тыңнан түрен салып, жаңа спорт түрлерін меңгере бастады. Олар жай меңгеріп қана қоймай, санаулы жылдың ішінде өз қатарластары арасында алпауыт елдердің өкілдерін жүлдесіз қалдырып жүр. Мәселен, орта ғасырларда Фран­цияда пайда болған теннис спортында кейінгі бір-екі жылдың көлемінде Алаштың өрендері жарқырап өнер көрсете бастады. Алысқа бармай-ақ теннистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының биылғы әлем чемпионатындағы жетістігін айтсақ жетіп жатыр.

Ақсүйектердің ойыны саналатын теннис спорты федерациясы елімізде 1992 жылы құрыл­ғаны­мен, 30 жылдан бергі қажырлы ең­бектің жемісі енді көріне бас­тады. Тен­нистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы биыл Чехияның Простеев қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатына ел тарихында тұңғыш рет қатысып, әлемнің ең үздік төрт құрамасының қата­рынан көрінді.

Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен те­рез­есі тең өнер көрсетті. Жерлес­тері­міз жаһандық біріншілік ба­ры­сында былтырғы әлем чемпионы – Италия, сонымен қа­тар Аргентина, Словения секілді құра­маларды жарыс жолынан ығыс­тырды. Дүниежүзілік додада ел намысын қазақтың талантты ұлдары – Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жал­ғасбай және Даниэль Та­за­бе­ков қорғағанын айта ке­тейік.

Сондай-ақ қыздарымыз да ұлдардан қалысқан жоқ. Жуырда ғана Таиландта 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Азия чем­пионаты аяқталды. Сары құр­лық бәсекесінің жекелей сынында қазақтың екі қызы – Ариана Гогулина мен Альбина Кәкенова барлық қарсыласын тізе бүктіріп, Азияның үздік теннисшілері атан­ды. Командалық сайыста да Қазақстан құрамасының өкілдері топ жарды. Азия біріншілігінде өрелі өнерімен көзге түскен Аль­бина Какенова 14 жасқа дейін­гі теннисшілер арасында Азия рейтингінде көш бастады. Бұл да бір тарихи көрсеткіш.

Ойлылар ойыны саналатын шахмат спортында Динара Сә­дуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева секілді әйел­дер және ерлер арасындағы гросс­мейстерлердің жақын арада орнын басатын мықты буын қалыптасып келеді. Мәселен, қазан айының алғашқы онкүндігінде Әзербайжанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы дүние­жүзілік шахмат олимпиадасы ұйымдастырылды. Бұл додаға Қазақстан құрамасының 12 және 14 жастағы спортшылары қатысса да, өздерінен үлкен шахматшыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Тіпті ерлер арасындағы жарыста сынға түскен Сауат Нұрғалиев жеке есепте барлық партияда үздік нәти­же көрсетіп, олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Сондай-ақ тағы бір зерек шахматшы Иман­ғали Ақылбай қола жүлдегер атан­ды.

Қазақстан құрамасының спортшылары өздерінен үлкен жастағы шахматшылармен ойнаса да, жалпыкомандалық есепте шахмат спортының үздіктері саналатын Үндістан мен Иранның командаларын басып озып, үздік төрттіктің қатарынан көрінді.

Кеңес өкіметі тұсында қазақ жеңіл атлеттерінің аты озған-ды. КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяғы Ғұсман Қосановтың 1960 жылы Рим Олимпиадасында күміс ме­дальға ие болғанын спорт жан­күйерлері жақсы біледі. Ғ.Қо­сановтың ізін ала Әмин Тұяқовтың есімі жеңіл атлетика спортында жаңғырды. Әмин ағамыз алты дүркін КСРО чемпио­ны, өз заманында 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден КСРО-ның бірнеше рекордын жаңартқан даңқты желаяқ болатын. Өкінішке қарай, кейіннен Ғұсмандай, Әмин­дей желаяқ ағалардың жеңісті жолы біразға дейін үзіліп қалған­дай еді. Әйтсе де, егеменді елде дүниеге келген жас дарынды спортшылар жеңіл атлетикадағы үмітімізді қайта жаққандай болды.

Осыдан бірер күн бұрын Ку­вейттің бас шаһары – әл-Ку­вейт­те жеңіл атлетикадан жасөс­пі­рімдер арасындағы Азия бірін­шілігінде Қазақстанның спортшылары ауыз толтырып айтар­лықтай жетістікке қол жет­кізді. Нәтижесінде, 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль еншілеген өрен­деріміз жалпыкомандалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бұл – Қазақстанның жас­өспі­рімдер арасындағы Азия бірін­ші­лік­те­ріндегі ең үздік нәти­желерінің бірі.

Міне, бұл – қазақ спортының болашағына балаған жас спорт­шы­ларымыздың тек бір жарыс­та ғана қол жеткізген толайым табысы. Са­наулы жылдардан кейін еліміздің негізгі құрамына қабылданатын бұл буынға ел намысын қорғауды Олим­пиада, әлем, Азия чемпионаттарында сеніп тапсыра беруге болады деген сенімдеміз.