Аймақтар • 24 Қазан, 2022

Қуанышты еселеген қоныс той

271 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қыркүйектің үшінде қып-қызыл өрттің ішінде қалып, үй-жайы қора-қоп­сы­сымен қоса жанып кеткен Әулиекөл ауданындағы 91 отбасы Республика күні мерекесі қарсаңында мемлекет салып берген жаңа үйлерінің кілтін алды. Ырысты елдің белгісі – бекем бірлігінде, тосыннан төнген табиғи апат бейбіт далада мүлгіп жатқан Аманқарағай орманын шарпып өткенімен, ел ынтымағының берік екенін, берекелі өмірдің кілті бекем бірлікте екенін көрсетіп кетті. Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге қаржы бөлініп, жанашыр көптің ісі мен бірліктің күшімен тұрғызылған жаңа шағын аудан символикалық түрде «Бірлік» деп аталды.

Қуанышты еселеген қоныс той

Кеше ғана қызыл жалынға оранған қылқан жапырағы күлге айналып көкке ұшқан қарағайлы орманның суыған көз жасындай сап-салқын жаңбыр жауып тұрғанда шатырдың астында шаттық кілтін үлестірген облыс әкімі сөзін салтанатты шараға жиналған көпшілікті ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаудан бастады.

– Бүгін осы ұлы мейрамның қарса­ң­ында жүзге жуық отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын тойлағалы отыр. Осыдан аз ғана уақыт бұрын болған алапат өрт үлкен зардабын тигізгенін білесіздер. Қиын сәтте Әулиекөлге ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі келіп, жағдайды тікелей бақылауына алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өрт зардаптарын жоюға бағытталған нақты шаралар қабылданды. Қалың ел бірігіп, өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмекте шек болған жоқ. Біз Қазақстан халқының бірлігін, отандастарымыздың жанашырлығын айқын сезіндік. Үкіметтің қолдауымен жедел түрде тұрғын үй құрылысына кірістік. Бұл іске еліміздің және облысымыздың маңдайалды құ­рылыс компаниялары бар күш-жігерін салды. Соның арқасында айналасы аз уақыт ішінде жаңа баспаналарыңыз дайы­н болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығы осындайда айтылса керек, – деді Архимед Мұхамбетов.

Әулиекөлдің іргесіндегі құрылыс 6 қыркүйекте басталған. Айналасы бір жарым айдың ішінде толық аяқталып бітті. 45 күннің ішінде тақыр жерде 91 үйлі үлкен бір ауыл пайда болды. Қисынға шағып көрсек, күніне екі үйден салынып отырыпты. Бір-бірінен аумайтын көк шатырлы, қызыл кірпішті, ауданы 100 шаршы метрлік, төрт бөлмелі келісті үйлер. Әр үйдің жанында мал ұстап, қосалқы шаруашылық жүргізуге қолайлы 10 сотық жері бар. Ауласы жасыл шарбақпен қоршалған. Жаңа үйлердің бәрі табиғи газбен жылытылады, ішіне су кіріп тұр. Дәретханасы мен ваннасы бар. 91 үйдің бәріне интернет қосулы тұр. Тұрғындар оны осы жылдың соңына дейін тегін пайдаланады. Шағын ауданның аумағы абаттандырылып, тақтайдай түзу көшелер төселіпті.

о

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орын­басары Динара Ықыласованың айтуынша, «Бірлік» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді «БК-Строй», «СК КBS», «Строй Элит Дом», «Рудный соколовстрой», «Алюминстрой», «ЭкспоТранс», «Статус Трейд», «Сыл», «Елена Д», «Нуркапстройгаз», «Арвис», «Транс Compani» сияқты 12 құрылыс компаниясы тұрғызған.

 «ЭПК-Forfait» компаниясы электр желісін жүргізіп, «Бакбилдинг» серік­тестігі су құбырын, «Алия-Сервис» ЖШС газ құбырын тартып берді. «Ван» компаниясы қалашыққа көше салып, асфальт төседі.

– Қазір өртеніп кеткен тұрғын үйлер мен ғимараттар сүріліп, оның орнына балаларға арналған 4 алаңқай, 1 футбол және 2 спорт алаңын салу жұмыстары бас­талды. 10 қазаннан бері 64,1 гектар алқапты алып жатқан Басаман және Семиозерный орман шаруашылықтары аумағында орман өртінің салдарын жою, тазарту және ағаш дайындау жұмыстары жүріп жатыр, – деді Динара Ықыласова.

Кесілген ағаш заңмен бекітілген ере­жеге сәйкес сұрыпталып, саудаға шы­ғарылады. Түскен қаржы орманды қалпына келтіруге жұмсалады. Оталатын орманның аумағын анықтап белгілеуге 100-ге тарта адам жұмылдырылған. Ал ағашты құлату, бұтағын тазалау, тасымалдау тәрізді шаруа­ны 63 адамнан тұратын 7 бригада атқарып жатыр. Сонымен қатар бұл жұмыстарды атқаруға 14 трактор сатып алынған.

Тауар тасымалымен айналысатын ірі компаниялардың бірі жаңадан салынған 91 үйдің бәріне бір-бір тоңазытқыш кір­гізіп қойыпты.

– Бұл қайырымдық шара ешбір имидж­­дік сипатта немесе PR мақсатта ұйым­дас­тырылып отырған жоқ. Біздің бас­ты мис­сиямыз – компанияның әлеуметтік жауап­кершілігіндегі міндеттерді іске асыру. Әрбір мұқтаж отбасына барынша ашық түрде көмек беру, – дейді компания өкілдері.

Жаңа қонысқа орналасқандардың ішінде бұған дейін бала-шағасымен бірге көршісінің үйін паналап келген Рахметовтер отбасы да бар. Алапат өрт кезінде бұл отбасының Аманқарағайдағы қос үйі жылдар бойы тірнектеп жиған дүние-мүлкімен қоса жанып кеткен. Тіпті, өртеніп жатқан ауылдың ішінде отағасы да қалып қоя жаздапты. Қайта дер кезінде аман-есен табылғаны абырой болған.

– Сол күні мен Рудныйда тұратын туыс­ымыз қайтып, таңертең сол жаққа кетіп ем, қайтып келгенше бәрі жанып бітіпті. Жол­дасым көрінбейді. Жан ұшырып іздей бастадық. Қойымен бірге түтіннің ара­сында жүрген жерінен ұлым тауып алды. Жолдасымды әкім алып шықты, балам қойды айдап шықты. Бір баламыз қалада. Өзім үй шаруасындағы адаммын. Қолымызда 14 бас қойымыз бар. Малға ыңғайлы болсын деп, осы жаңа мекеннің шетіндегі №7-ші үйді қалап, сұрап алдық. Өртке дейін 100 бас тауық ұстағам. Оның бәрі жанып кетті. Балаларым, немерелерім бар. Бұрын ас бөлмесін есептемегенде, үш бөлмелі тас үйде тұрдық. Іргесі мықты, төбесі осы өзіміз кірейік деп отырған үйдікі сияқты биік болатын. Осыдан бір жыл бұрын газ тартып, су кіргізіп алғанбыз. Ол үйім бүкіл дүние-мүлкімен бірге өртеніп кет­ті. Қыста көрпе құраушы ем, құрағым да, көрпем де кетті. Балалардың киім-кешегіне дейін жанып кетті. Енді көзіміз көрген, естіген жерден барып көмек алып жатырмыз. Азық-түлікті де беріп жатыр. Далада қаламыз ба деп қорқып едік, үй беріп жатыр, міне. Халқымыз түсі игіден түңілме дейді ғой, бізді мемлекет қамқорлығына алып, осы үй салынып біткенше тікелей қадағалап, қар түсіп, күн суытпай жағдайымызды жасап берген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Енді ешкім жаманшылық көрмесін, іргеміз бүтін болсын. Осы соңғы екі айға жуық уақыттың ішінде ауызбіршіліктің не екенін көзімізбен көріп, жанашырлықтың қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезіндік. Алла осы қасиетімізден айырмасын, – дейді ағынан жарылған Жұмакүл ана.

Аманқарағайдың орманы тек жердің көркі ғана емес, бір қауым жұртты асырап отырған нәпақа көзі де еді. Виталий Дычко бұған дейін осы орманнан саңырауқұлақ теріп, моншаға қайың жапырақты сыпырт­қы буып, оны жол бойындағы базарда сатуды кәсіп етіп келген. 3 қыркүйекте астындағы автокөлігі, сол күні үстіне киіп жүрген спорт костюмі мен құжаттарынан басқаның бәрі үйімен қоса жанып кетті.

– Біз айналаны түтін басып кеткен соң, балалардың амандығын ойлап, бәрін тастап басқа ауылдағы туысымыздың үйіне кетіп қалдық. Төрт баламыз бар. Өрт басылған соң келсек, үйіміздің сау-тамтығы қалмапты. Қора-қопсымыз да өртеніп кеткен. Қазір қарындасымның үйін паналап отырмыз. Ол үйде төртеу еді, оның үстіне алтаумыз барып қосылдық. Ақшалай, азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек алып тұрамыз. Жергілікті әкімдік мамандары жағдайымызды үнемі сұрап-біліп, керегімізді тауып беріп тұрады. Мемлекет екі баламды лагерге жіберді. Сол жақта әрі демалады, әрі сабақтарын оқиды. Мектеп жасына дейінгі екі кіш­кен­тайым тегін балабақшаға барып жүр. Қыркүйектің басында бар дүние-мүлкімізден айырылғанда қатты абдырап қалдық. Тіпті өмірден түңіліп кеттік десек болады. Балалардың болашағы қалай болады, енді қай жерге барып тұрақ табам деген ойлар түнімен көз ілдірмейтін. Соның бәрі көрген түстей өте шықты. Баспанасыз қалған әр отбасы өздерін қорғайтын мемлекет деген ұлы күш барын осы жолы жан-тәнімен сезінді. Президенттің өзі бастап кеткен құрылыс қар түсіп, күн суытпай тез аяқталып, әрқайсымызға үй беріп жатыр.

Сапасы бұрынғы ескі үйімізден әлдеқайда жақсы. Өртеніп кеткен үйім ескі әрі ішкі бөлмелерінің орналасуы да қолайсыз болды. Мемлекет салып берген жаңа үй кірпіштен өрілді, жылы әрі кең, газ бен су кіріп тұр, бөлмелері де кең. Құрылыстың қалай жүріп жатқанын күнара келіп көріп тұрдық. Құрылысшылардың күннің атысынан түн жарымға дейін бел жазбай жұмыс істегенін көзімізбен көрдік. Ол жігіттерге деген алғысымыз шексіз, – деді Виталий.

и

Әулиекөлдік кәсіпкер Акиф Байра­м­овтың жол бойындағы дәмханасы үйімен бірге өртке оранған. Қазір үйінің орны ғана жатыр, ал дәмхананың қалқиған қабыр­ғасы ғана қалыпты. Кәсіпкер «Күшіміз бірлікте» қоры өзі сияқты өрттен зардап шеккен 5 кәсіпкерге 36 млн теңге көмек көрсеткенін айтып, ризашылық білдірді.

– Сол күні аяқ астынан айналаны алапат өрт алып кетті. Мен қып-қызыл жа­лынға оранып жанып жатқан үйіме кіріп, іштен сөндірмек болып, біраз әуреге түстім. Бірақ шамам жетпеді. Өрт күшейіп сыртқа шығар есікті таппай қалдым. Әбден әлім құрып бара жатқанда, әйтеуір көрер күнім бар екен, өрт сөндірушілер алып шықты. Олар болмағанда, сол жерде біржола құлайтын едім. Ол кісілерге мәңгілік қарыздармын. Кәсіпкерлік палатасының өкілдеріне де рақмет, көп көмектесті. Біздің облыс әкіміне, аудан, ауыл әкімдеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Жандары қалмай жағдайымызды сұрап, ақыл беріп, көмек көрсетіп, керегімізді тауып беріп, қолдан келгенше аянып қалған жоқ. Үйімнен де, дәмханамнан да айырылдым. Дәмханам 22 жыл жұмыс істеп тұр еді. Қабырғасы ғана қалды. Ішіндегінің бәрі өртеніп кетті. Сарапшылар алғаш шығындарымды есептеп 9 млн теңге берді. Сол қаржыны пайдаланып дәмхананың сыртын дұрыстап жатырмын. Бірақ оны толық қалпына келтіруге бұл аздық етеді. Ғимаратты қалпына келтіру шығыны қайта есептелген соң, «Күшіміз бірлікте» қоры тағы 14 млн теңге қосып берді. Қазір өзім жатақханада, отбасым туған-туыстарымыздың үйін паналап жүр. Құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталды. Бүгін, міне, көптен күт­кен қоныс тойға да жеттік, – деді кәсіпкер.

Салтанатты шара аяқталған соң, әркім өз үйіне қарай асықты. Дәл осыны күтіп тұрғандай, сіркіреп тұрған жаңбыр сұйылып барып, артынша жапалақтап қар жауа бастады. Біз мінген көлік жаңа ауылдан шығып, күре жолға түскенде, айнала ақ мамыққа оранып алған еді.

 

Қостанай облысы