Қоғам • 24 Қазан, 2022

Балаларға арналған баянды бағдарламалар

387 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Көңілін кірбің шалмаған, кіршіксіз таза кішкентайлардың күлкісі – кемел келешегіміздің кілті. Қауіптен қаперсіз, қайғысыз, қамсыз, құлдыраңдап өсіп жатқан балдырғандарға қарап қаншалықты ізгі қоғам құрғанымызды байқауға болады. Бұл ретте болашақ қамын әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға мемлекет қамқорлығы сезілетіндей жан-жақты жағдай жасауды көздейтін пәрменді бастамалар көтеріп келеді.

Балаларға арналған баянды бағдарламалар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Армандарға жетелеген атаулы жыл

Мемлекет басшысы ел тізгінін ұстаған сәттен бастап балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Бұған мемлекет деңгейіндегі стратегиялық міндет ретінде мән беріп, бұл ұстаным әр Жолдауда жас ұрпақ қамына қатысты нақты тапсырмалармен беки түсті. Ал қазіргі 2022 жылдың «Балалар жылы» деп жариялануы аталған бағыттағы жұмыстарды одан сайын жандандыруға серпін берді.

Әлбетте, балаларға қамқорлықты күшейтетін бастамаларға тоқталғанда, ойымызға бірден оралатыны – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Көсе­гемізді көгертетін бұл жаңалық көп­ші­ліктің көптен күткен, көкейінде жүр­ген үмітімен үндеседі. Өйткені ұлт бай­лығының үлесін әр шаңырақ сезінетіндей игілікті халықтың көксеп жүргені қашан? Бақсақ, Президент мұндай ойға әу бастан-ақ бекіген сияқты. Оған ең алғашқы халыққа арнаған Жолдауында айтқан ойы айғақ бола алады. Онда ол: «Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет. Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы», деп шегелеп айтқан еді. Ал арада үш жыл өткенде осы ойды нақты іске асыратын тетік ретінде жаңа бағдарлама­ның қолға алынатыны жарияланды. Дәлі­рек айтсақ, Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы қыркүйектегі Жолдауында: «Ба­лалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы
1 қаң­тардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді.

Ұрпақ амандығы – басты назарда

Ізгі қоғамның іргесін бекітетін ұстын – балалардың амандығы, даму еркіндігі, қауіпсіз кеңістігі. Олардың кіршіксіз таза өмірінің былғанбауын қадағалау, сұсты көздерден, сұғанақ қолдардан сақтау – ең негізгі қоғамдық жауапкершілік. Осыған жіті мән берген Мемлекет басшысы 2019 жылы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Кейіннен бұл арнайы заңмен бекітіліп, балалардың өміріне дақ түсірген қылмыстардың жазасы тым қатайтылды.

Сонымен қатар ана мен баланың амандығын, балалардың денсаулығын кү­тіп, жан-жақты медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету үнемі назарда ұстайтын мәселе екені анық. Бұл халықаралық құжаттарда да, ұлттық құжаттарда да саяси мәні бар маңызды көрсеткіш ретінде белгіленген.

Кейінгі 5 жыл ішінде елімізде бала туу көрсеткіші айтарлықтай өсті. 2021 жылы 30 жыл ішінде ең жоғарғы туу көрсеткіші тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққанда 23,4-ке жетті, дүниеге 440 мыңнан аса сәби келіп, нағыз «бэби бум» болды. Алайда өткен жылмен салыстырғанда биыл 9 ай ішінде босану саны 7,2%- ға (301 627 босану) төмендеп, 306 721 сәби дүниеге келді. Мамандардың хабарлауынша, жалпы босанудың 70 пайыздан астамы қалыпты жағдайда, ауытқусыз өтіп жатыр. Ал 30 пайыз әйелдерде ден­саулығында болатын ауруларына бай­ланысты жүктілік пен босанудың асқы­нулары кездеседі.

Аналардың қауіпсіз босануына коронавирус инфекциясы да айтарлықтай кері ықпалын тигізді. Былтыр 2020 жылмен салыстырғанда бала туатын жастағы және жүкті әйелдердің арасында COVID-19 жұқтыру көрсеткіші 2,5 есеге артты. 2021 жылы жансақтау бөлімшелеріне түскен жүкті әйелдердің саны да 2,4 есе артып кеткен екен. Оның ішінде өкпенің толық зақымдануы мен тыныс-жүрек жетіспеушілігі анықталған 61 пациент экстракорпоралдық мембраналық оксигенация (ЭКMO), 500-ге жуық әйел жасанды өкпе вентиляция аппаратына қосылды. Содан медицина қызметкерлері 1,5 мыңға жуық өте ауыр халдегі әйелдің өмірін сақтап, аман-есен отбасына оралуына себепкер болды.

Осы тұста қаншама отбасыға бала сүю бақытын бұйыртқан шарапатты бағдарлама «Аңсаған сәбиді» арнайы атап өту керек. Бұл бағдарлама арқылы былтыр 3 018 жүкті әйел есепке алынып, оның ішінен 2 219 бала аман-сау дүниеге келді.

Сонымен қатар қазіргі таңда Прези­дент пәрменімен сирек кездесетін орфан­дық ауруларға шалдыққан балаларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Елімізде орфандық ауруларға 100 мың тұрғынға шақ­қанда 50-ден аспайтын жағдай таралатын аурулар жатады. 2022 жылдың
1 шілдесіндегі жағдай бойынша диспан­серлік науқастардың электрондық тірке­лімінде орфандық аурулары бар 12 мың­нан аса бала тіркелген.

Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 қазандағы бұйрығымен орфан­дық аурулар мен оларды емдеуге ар­нал­ған дәрілік заттардың тізбесі бекіті­ліп, оған 66 нозология енгізілген. Кейін­гі үш жылда амбулаториялық деңгей­де дәрілік қамтамасыз ету 15-тен 30 сирек кездесетін нозологияға дейін, қамтыл­ған пациенттер саны 9,3 мыңнан 24,8 мыңға дейін, ал орфандық дәрілік заттар
47 атаудан 98 атауға дейін ұлғайтылды.

Биыл сирек кездесетін аурулары бар пациенттер 20 млрд теңгені құрайтын дә­рі­лік заттармен қамтамасыз етілді. Бұ­ған қоса Ұлттық қордан 5 жаңа ауру­ды 20 жаңа орфандық препаратпен қам­туға 16 млрд теңге бөлінді. Оның ішін­де жұлынның бұлшықет атрофия­сын емдеуге пайдаланылатын, 1 құтысының құны шамамен 42 млн теңге тұратын Нусинерсен препараты бар. Ал «Қазақстан халқына» қорының қатысуымен жұлын бұлшықет атрофиясы бар 5 балаға 1 қаптамасының 1 млрд теңгеден аса құны бар «Золгенсма» препараты, тағы да бірқатар қымбат ­препарат сатып алынды.

Жедел лимфобластикалық лейке­мия, туа біткен жалпыланған берардинел­ли-Сейп липодистрофиясы, жұлын бұлшықет атрофиясы және нейробластома бар балалар амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ эпилепсиямен, Дюшеннің бұлшықет дистрофиясымен және созылмалы С вирустық гепатитімен ауыратын балаларға жаңа препараттар енгізілді.

Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер арасындағы меморандумдар аясында орфандық дәрі-дәрмектерді ­сатып алуға қаржыландыру көлемін 2021 жылғы 11,5 млрд теңгеден 2024 жы­лы 18,6 млрд теңгеге дейін ұлғайту көз­дел­ген. 2022 жылы 2 мыңнан аса пациент жер­гілікті бюджет қаражатынан 13,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Білімді ұрпақ биікке ұмтылады

Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Бұл ретте білім беру жүйесін барынша күшейту маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Аталған саладағы қордаланған мәсе­ленің бір көрінісі қала мен ауылдағы білім сапасының алшақтығынан байқалатын. Бұл олқылықтың орнын толтыруға Пре­зидент тапсырмасымен әзірленген аз қам­­тылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасы едәуір септігін тигізіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша облыстық дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтар дарынды балалардың мәліметтер базасын құрды. Арнайы мониторинг нәтижелері бойынша 95 мыңнан аса дарынды оқушы анықталды, оның 29 мыңнан астамы – ауылдық жерлерден және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан. Сонымен қатар 63 мыңнан аса баланың ерекше зияткерлік қабілеті бар, 32 мыңнан аса оқушы мәдениет және спорт саласында үздік нәтижеге қол жеткізді. Жалпы, республикада 3,6 млн білім алушының 6,3%-ы – дарынды балалар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда дарынды балалар саны 10 667-ге, яғни 3,1%-ға артты.

Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олим­пиадаларының жеңімпаздары мен жүл­дегерлеріне біржолғы ақшалай сый­ақы да беріле бастағанын атап өткен жөн. Мұндай дарынды оқушыларды дайындаған мұғалімдері де ескеурсіз қал­майды, оларға да бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы беріледі. Бұл біржолғы сыйақының заңмен бекітілген тиісті мөлшері мынадай: алтын медаль иегеріне – 1 500 еселенген АЕК, күміс медаль – 1000 еселенген АЕК, қола медаль иегеріне – 500 еселенген АЕК. Қазір елімізде 1 АЕК көлемі 3 063 теңге екенін еске сала кетейік. Осындай сыйақымен биыл 27 жеңімпаз бен жүлдегер оқушы және оларды дайындаған 26 педагог марапатталды.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қамы да назардан түскен емес. Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың қадамдық жоспарын әзірлеп бекітті. Қазіргі кезде өңірлерде балаларды қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жыл басынан бері 21,4 мың орындық 260-қа жуық мектепке дейінгі ұйым ашылды. 2-6 жастағы балалардың 87,8%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, яғни 1 млн-нан аса бала мектепке дейінгі ұйымдарға және мектепалды сыныптарға барады. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 13 мың орынға 60-тан аса мектепке дейінгі ұйым ашылады деп күтілуде.

Бұған қоса қосымша білім беру мәселесіне де баса мән беріліп жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ­балаларды қосымша біліммен қамту 70,5%-ды құрады. Бұл дегеніміз – 2 млн-нан аса бала. Енді осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 90%-ға жеткізу көзделіп отыр екен. 1 523 мектептен тыс ұйымдар­да қосымша біліммен шамамен 1,1 млн бала қамтылған. Сондай-ақ мектептер базасында 1,3 млн-нан аса баланы қамти отырып, балалардың мүдделері бойынша үйірмелер мен секциялар желісін дамыту арқылы қосымша білім беру іске асырылуда.

Түптеп келгенде, септігі мол осындай серпінді іс-шаралармен жас ұрпақтың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету ел ертеңіне, жарқын болашаққа жасалып жатқан қуатты қадам екені айқын. Ендігі тілек – осынау ізгі мақсаттағы бастамалардың түгел баянды болғаны.