Қазақстан • 24 Қазан, 2022

Елдік еңбек

17606 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республика. Бұл – латынның «ортақ іс», Алаштың «жұрт ісі» деген ұғымының баламасы.
1990 жыл 25 қазан. Біріміз ойда, біріміз қырда жүрдік. Үшіншіміз яки сол кезде әлемге жасындай танылған қазақ – Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштан қара жерге абыроймен түскеніне он-ақ күн болған еді.

Елдік еңбек

Егемендік декларациясы жарияланған күн. Одақ жаңарамын дегенде, қайраткерлер ойы сан саққа бөлінді. Өткенді қимайтындар, енші алудан гөрі селбесіп жүруді оңай көретіндер қарасы көп. Балтық бойы бағытын айқындап алған. Украин жұрты абадандап тұр. Кавказ республикалары да оң аяқпен азаттық асуына қадам басқан. КСРО-ның қысылған халқы күнде тікелей эфирден көрсетілетін одақтық Жоғарғы кеңестің кеңірдек жыртысқан жиы­нынан шаршаған... Иә, тарих сахнасына легитимсіз келген большевизм-социализм билігінің күні батып бара жатты. Бірақ соңғы «тұяқ серпуі» жеңіл өтті деуге де болмайды.

Қиын да жауапты кезеңде ұлт оқығандары, қайраткерлері, зиялылары Азаттықтың негізін заңмен де, кісілік ұстаныммен де қалады. Қазақ қоғамы буырқанып бұрсанды. Білік, білім, тәжірибе алға шықты. Алпыс екі тамыр бүлкілдеп, миллиондардың жүрегі «Ел! Жер!» деп соқты. Намыстың деңгейін ештеңемен өлшеуге келмейтін еді. Өйткені оның қызуы бізге балға мен орақ дәуірі үйреткен домна пешіндей мың градуста бұрқ-сарқ қайнап жатты.

Сол кезеңдегі тұрлаулы тарихтың куәсі, бәлкім тиянағы – Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі декларациясы.

Бүгінгі ұрпаққа ұлт ныспысы түсінікті, ал «КСР» (кеңестік социалистік республикасы) түсініксіздеу. Әрине, талаптысы парқын біледі. Бірақ халық та, жұрт жақсылары да қаламаған сол «КСР» қысқарған сөзі мен ел аңсаған «мемлекеттік егемендік» ұғымының өзі – қорғасын қара бұлттан шыққан күнді елестетті. Бұл – «мың өліп, мың тірілген» қазақ азаттығының рәмізді күні еді.

Енді өзіміз үшін аббревиатурадан арашалап алған «Мемлекеттік егемендік декларациясы» құжатына үңілейік.

«2. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады...

  1. Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды».

Осы заңдық ұғымдар мен сөздердің құжатқа жүйелі түсуі, оның Жоғарғы кеңесте (парламент) талқыланып бекітілуі – сол кез үшін өрге аса ауыр тасты дөңгелетіп шығарғанмен бірдей еді. Мұны елдік еңбек десек жарасады.

Декларацияның кіріспесіндегі «... Қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып...» деген жолдар саясатта, қоғамда жаңа кезең басталғанын жариялады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев тарихи Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек!» деп, 25 қазанға ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынуы халық көңілінен шықты.

Президенттің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның рәмізі деуінің жөні бар. Бұл тұжырымның сан ғасырлық елдік-мемлекеттілік жолымызды, күресімізді, шежіремізді зерделеуге жұмылдыратын қуаты бар. Ұлы дала төсіндегі мемлекеттілік құрылымдар, қазақ халқының генеалогиялық береке-бірлігін құраған, тарихта аты таңбаланып қалған мемлекеттер, байырғы қағандар мен хандардың елшілдік жолы һәм жарғысы, Батыстың да, Шығыстың да дүйім жұртына сіңіп, дәулетін тасытқан ежелгі қандастарымыздың тағдыр-талайы, бір ғасыр бұрын патшалық империя мен большевизм бүлігі қирандысының астында қалмасын деп шарқ ұрған Алаш республикасы мен Түркістан мұхтарияты ізденісі – бәрі де Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «тарихи қадамның» мазмұнында тұр.

Бұл – біздің маңдайымызға басатын, пейіл-ниетіміздің ашықтығын көрсететін күн.

«Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз», деген Мемлекет басшысы сөзі – әділетті Қазақстанның әліппесіндей.

Әлемді терең текетірес пен дағдарыс буып тұрған күрделі кезеңде әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды қолға алған Президент мұның мәнін «халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар барлық азаматтың мүддесін тең қорғау» деп түсіндірді.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан әр буынның мойнында тарих жүктейтін міндет барын қадап айтқан еді. Біз мұны ұмытпауға тиіспіз. Бүгінгі Қазақстанның жауапты азаматтарының міндеті – «саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңарту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру». Бұйырса, нәсібіміз де осыдан қалыптаспақ.

Елдіктің ұстыны сынды бабаларымыз: «Ергенек болмаса, есік тұра ма? Еңбек болмаса, нәсіп тұра ма?» деген екен. Жаратқан іргеміздің берік, еңбегіміздің жемісті болуын жазсын.