Қазақстан • 25 Қазан, 2022

Мемлекеттілік негізі

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егемендік Тәуелсіздік деген сөздің құқықтық синонимі десек болады. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстан егемендігін жариялады. Сол кезден бастап Тәуелсіздікке алғашқы қадам жасалды. Құжат декларация деп аталғанымен, заңдық күшке ие болды. Бұл маңызды құжат бізге көптеген мүмкіндік берді.

Мемлекеттілік негізі

Ең әуелі өз жерімізде өзіміздің заңы­мыз үстем құрып, бұған дейін Мәскеуге бағынатын жергілікті кәсіпорындарды республикалық меншікке өткіздік. Тағы бір ойып тұрып атап өтерлігі, сол кезде еліміз үшін үлкен проблемаға айнал­ған Семей ядролық полигонын жабуға декларацияның көп көмегі тиді. Маңызды құжат саяси жүйе­ні өзгертуге де құқықтық күшке ие болды деуге толық негіз бар. Атап айтсақ, президент институтын енгізу, министрлік кабинетін жасақ­тау сияқ­ты басқарушы органдар жүйесін жаң­ғыртуға мүмкіндік берді. Бұл бағыт­тағы жұмыстар келесі жылы, яғни 1991 жылдың желтоқсанында жариялан­ған Тәуелсіздікке дайындық болды.

Сол кезде Кеңес одағының басшылары қайтсек те одақты сақтап қаламыз деп жалпыхалықтық референдум өткізуге оқталды. Десе де Егемендік декларациясының негізінде елімізде федерациядан конфедерацияға ауысуға дауыс берілді. Кеңес одағы басшылығы наразылық танытқанымен декларация өзіміздің заңдылыққа сай екені дәлелденді. Осылайша, 1991 жылдың наурызында Кеңес одағын сақтап қалу жөнінде өткен референдумның еліміз үшін заңды түрде ешқандай салдары болмады деп айтуға негіз бар. Керісінше, референдумнан кейін біздің республиканың басшылығы федерациядан конфедерацияға өту бойынша тиісті жұмыстарды бастады.

Декларация этностық емес, ұлттық мемлекетті құру жөніндегі құжат. Бұл екі ұғымды шатастыруға болмайды. Біз әлі күнге дейін этнос пен ұлтты синоним ретінде қарастырамыз. Біз 1990 жылдан бастап ұлттық негіздегі мемлекетті құра бастадық. Бұл туралы құжатта өте ашық жазылған. Тәуелсіздік жарияланғанда да, Конституция бекітілгенде де ұлттық мемлекет құру ұстанымын негізге алдық.

Отыз жылдың ішінде қателіктер де болды. Десе де саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйемізді азаматтық қоғам құруға бағытталған жолмен келе жатырмыз. Барлық игіліктердің негізі Егемендік жөніндегі декларация екенін естен шығармаған жөн.

 

Еркін ӘБІЛ,

Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы