Пікір • 25 Қазан, 2022

Мәртебелі мейрам

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, мәдениет және мерекелер мәселелерін қайта қарастырды. Аталған заң актісіне сәйкес, 25 қазан еліміз үшін ұлттық мереке – Республика күні болып қабылданды.

Мәртебелі мейрам

Бұл мерекені – ұлттық мереке ретінде басты назарға ала отырып, ел аумағында тойлануы саяси-құқықтық, әлеуметтік-тәрбиелік, мәдени-руханилық тұстарды қамтитын тарихи феноменге айналып отыр. Республика күнін мерекелеудің мемлекет пен қоғам тағдыры үшін қандай маңызды аспектілері бар?

Біріншіден, тарихи аспект тұрғы­сынан қарастыратын бол­сақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік еге­мен­дігі туралы декларациясы қабыл­дана отырып, еліміз тәуелсіздік алуға алғаш­қы қа­дамын жасаған тарихи күн ре­тінде айқындады. Қазақстан кеңестік рес­пуб­­ликалардың ішін­дегі алғашқылардың бірі болып өз егемендігі туралы мәселені көтерді, оған түрткі болған оқиға­лар­дың қатарында 1986 жыл­ғы желтоқсандағы көтеріліс бар. Осыған байланысты, тарихшылар мен заңгерлердің па­йымдауынша, еліміздің басты мерекесін 25 қазанда, нақ осы декларацияның қабылдануына орай атап өту заңды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып өтіп, бұл мерекенің тарихи маңыздылығын айшықтады.

Екіншіден, саяси-құқықтық негіздегі аспектілер тұрғысынан алғанда, қа­был­данған деклара­цияда ҚазКСР егемен­дігі жа­рия­ланып, Қазақстанның тә­уел­сіз мем­ле­кет ретіндегі сая­си-құқық­тық негіздері айқын­дал­ды. Онда алғаш рет ел аума­ғының тұтастығы, оған қол сұғыл­майтын, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкіл­дерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қай­та түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітіл­ді. Сондай-ақ құжатта саяси, эко­номикалық және әлеумет­тік мәселелерді өз бетінше ше­шу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мем­лекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің иесі болып танылды. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек, 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Консти­ту­циялық заң қабылданды.

Үшіншіден, Республика күні тойла­нуының тәрбиелік аспек­тісіне тоқталсақ. Яғни Рес­пуб­лика күні – өскелең ұрпақ пен жастардың сана-сезі­мі қалыптасуы барысында пат­рио­тизмнің, Отанға дейін сүйіс­пеншілікті және басқа да жағымды қасиеттерін дамытатын тәрбиелік аспекті ретінде түсіндіреміз.

Төртіншіден, бұл он жылдан астам уақыт бойы ұмытылып қалған Республика күнінің ме­рекеленуінің мәдени-рухани қыр­лары. Бұл мейрамның қай­тарылуының астарында үлкен мәдени мән бар екені күмән кел­­тірмейді. Ұлттық мерекенің мемлекеттің одан әрі рухани ба­ғытта дамуына оң әсері де бар. Осы мейрамның оралуымен елімізге еркіндік, сөз бос­тан­дығы құндылықтарының екпі­ні арта түсуде. Бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» ­айқын көрінісі.

Еліміздің жас ғалымдар қа­уымы Рес­пуб­­лика күнінің жаң­ғыруын қолдайды, өйткені ке­зінде 25 қазанды Ұлттық мере­ке­лер күнтізбесінен шығару шын мәнінде қоғамда алуан түрлі сұ­рақ пен түсініс­пеу­шілік ту­дыр­­ды, ел назарын алаң­дататын мәселеге айналды. Тәуелсіз­ді­гі­міздің негізін қалаған алғаш­қы заң актісі ретінде еліміздің еге­мендігі туралы декларацияның қабылданған күні лайықты түрде атап өтілуі жастар мен ғалымдар қауымы үшін үлкен қуаныш пен мәртебе!

 

Айман КЕЛДИНОВА,

Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері

 

Алматы