Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 533,1 мың адам қатысқан. Оның 345,1 мың адам жұмысқа орналасты, ішінде 224,3 мыңы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 12,5 мың адам жіберілген.
Өз кәсібін бастау үшін 12 мың адам мемлекеттік грант берілді.
ҚР ЕХӘҚМ көрсеткен деректер бойынша:
Субсидияланатын жұмыс орындарына 152,6 мың адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 13,6 мың, жастар практикасымен 25,3 мың, қоғамдық жұмыстармен 107,7 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 3,4 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 425 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 2,2 мың адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 105,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Еске салайық, бұған дейін халықты жұмыспен қамтуға арналған шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2021 жылы бағдарламаға 651,8 мың адам қатысты.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ оларға кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие мен қайтарымсыз мемлекеттік грант беріліп, қолдау көрсетілді. Қысқа мерзімді курстарда және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқытылды.
Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасындағы бағыттардың бірі - жұмыс күші көп аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіру саясаты жүзеге асырылды.