Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Зерттеуге қатысқан респонденттер арасында Mechta.kz, Kaspi.kz, Sulpak, Halyk Market, Қазақстандағы Ozon Marketplace, ForteMarket бар. Зерттеуге сүйенсек, электронды коммерция нарығының дамуындағы басты рөлді пандемия кезеңі атқарды. Соған қарамастан келер жылдары нарықтағы өсім динамикасы баяулайды деген болжам бар. 2021 жылдың алты айымен салыстырсақ, нарық өсімі транзакция, сатылым көлемі бойынша әлсіреген, орташа чек теңгемен 1 пайызға төмендеген. Бұған елдегі қаңтар оқиғасы әсер етті дейді сарапшылар. Ресей мен Украина арасындағы соғыс та елеулі кесірін тигізіп отыр. Өйткені осы оқиға салдарынан жеткізу тізбегі бұзылып, транспорттық тариф өсіп, инфляция ырық бермей кетті.
Талдау қорытындысы мобилді телефон арқылы жасалатын сауданың әлі де қарқынды екенін байқатқан. 2022 жылдың 6 айында бүкіл сатылымның 93 пайызы смартфон арқылы жасалыпты. Бұған мобилді қосымшалар мен маркетплейстердің бұрынғыдан да қолайлы бола түсуі себеп. Жалпы, бөлшек электронды коммерция нарығының алты айдағы көлемі 501 млрд теңгені құрапты. 2021 жылдың алты айымен салыстырғанда 18 пайызға өсу бар. Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде және наурызда теңге бағамы 500-ге жеткен кезде онлайн сатылым көлемі күрт төмендеген.
Қазақстандағы Ozon Marketplace өкілдері елімізде электронды сауданың жедел дамып жатқанын айтады.
«Ірі ойыншылардың алдында көп міндет тұр. Тиісінше, геосаяси жағдай жаңа мүмкіндік пен перспектива ашты. Биыл Ozon Қазақстанда түрлі санат бойынша сатылымның айтарлықтай өсуін тіркеп отыр. Екінші тоқсанның өзінде Ozon-дағы қазақстандық сатушылардың айналымы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 6 есе өсті», дейді.
Зерттеу авторларының айтуынша, жылдық өзгерістерді талдаған кезде
биылғы алғашқы үш айдағы тоқсандық өсімнің 2021 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда әлдеқайда төмен екені (13 пайыз және 130 пайыз) көрінген. 2022 жылдың сәуіріне таман сұраныс қалыпқа келе бастаған, алайда екінші тоқсанда нарық көлемі 22 пайыз деңгейіндегі болмашы өсім көрсеткен. Ал 2020 және 2021 жылдары осындай кезеңде сатылым көлемі 2 есе артқан екен. Бұлай кері кетуге инфляция әсерін тигізді дейді сарапшылар. Жыл басынан маусымға дейін инфляция 10,5 пайызға жеткен. Ал осы кезеңдегі орташа жалақының көбеюі 9,3 пайыз болған.
«Инфляция мен жалақы көрсеткіштерінің өзгеруін ескере отырып, сату көлемінің бұл өсуі тұтынушылар көбірек тауар сатып ала бастағандықтан емес, негізінен бағаның өсуіне байланысты болды деп болжауға болады. Азаматтар аса қажетті тауарларды ғана сатып ала бастады. 2022 жылдың 6 айында сату көлемі өсу қарқынының жалпы баяулауына қарамастан, қазақстандық бөлшек электрондық коммерция нарығы тартымды болып қала береді, сөйтіп жергілікті және шетелдік нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына ықпал етеді», дейді зерттеу авторлары.
ForteMarket пайымынша, Қазақстанда электронды сауданы дамытуға қосымша кедергілер пайда болған жоқ. Кәсіби логистикалық, сервистік және маркетингтік компаниялар көбірек келіп жатыр дейді.
Жылдың бірінші жартысында транзакция саны өсіп, 19,3 млн бірлікке жеткен. Былтырдың алты айымен салыстырғанда 19 пайызға көп.
«2022 жылдың бірінші тоқсанында сатылым 35 пайызға құлады, ал транзакция небәрі 19 пайызға төмендеді. Екінші тоқсанда сатылым 29 пайызға артты, ал транзакция небәрі 6 пайыздық өсім көрсетті. Бұл бірінші тоқсанда орташа чектің төмендегенін және екінші тоқсанда транзакция орташа сомасының көбейгенін көрсетеді. Жылдың бірінші тоқсанында нарықтың негізгі көрсеткіштерінің, соның ішінде транзакциялар санының төмендеуі нарықтың қалыпты үрдістеріне сәйкес келеді. Бірақ биылғы бірінші тоқсандағы транзакция санының төмендеуі былтырдың көрсеткішінен де асып түседі (былтыр небәрі 1 пайызға ғана төмендеген – ред.). Бұл тенденцияны қаңтар оқиғасынан соң тұтынушылардың офлайн сауда-саттыққа шыға бастауымен түсіндіруге болады», делінген зерттеуде.
Өсімнің төмендеуіне тағы қосымша себептер ретінде – теңгеге қатысты доллар курсының күрт жоғарылауы, азық-түлік өнімдері импортының кенеттен қысқаруы аталады. Мұның бәрі бағаның өсуіне, азаматтардың төлем қабілетінің төмендеуіне алып келді.
Mechta.kz мамандарының айтуынша, қазіргі геосаяси жағдай салдарынан логистика қымбат әрі күрделі болып кетті. Бұл өз кезегінде ассортимент пен тауар бағасына соққы болып тиді.
Сондай-ақ сарапшылар алғашқы алты айды зерттей келе, орташа чек сомасының 1 пайызға төмендегенін анықтаған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында сату көлемі транзакциялар санына қарағанда баяу қарқынмен өсті.
«Валюта курсының құбылуы және қаңтарда онлайн сатылымның шектеліп қалуы төлем қабілетін әлсіретіп кетті. Орташа чектің жылдық төмендеуі екінші тоқсанда 5 пайызға жетті.
Ал 2022 жылдың бас кезінде тұтынушылық сұраныс және сатып алушылар тәртібі қалай өзгерді? Бұл сұраққа әр компания әртүрлі жауап береді. Sulpak компаниясының пікірінше, саяси жағдай тұтынушылық сұранысқа қатты әсер етті: «Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде сатылым құлады. Ақпандағы девальвация болуы мүмкін деген сыбыстың алдында сұраныс күрт артты, алайда наурыздағы жағдайдан соң сұраныс қайта төмендеді. Бағаның жаһандық өсуі сатылымды 2022 жылы ақшалай мәнде ұстап тұруға көмектесті, бірақ тауар саны тұрғысынан нарық 25 пайызға қысқарды».
Kaspi.kz тұтынушылардың негізінен күнделікті қажетті тауарларды онлайн сатып алатынын айтады. «Азық-түлік, дәріхана, тұрмыстық тауар, балалар заттары, сұлулық және денсаулық, жануарларға арналған тауарлар категориясы бойынша тапсырыс 5 есе өсті», дейді компания өкілдері.
ForteMarket пікірінше тұрғын үй нарығындағы белсенділік азаматтардың тұрмыстық техника, электроника, құрылыс материалдарын сатып алуын ынталандырған.
«Біз Қазақстандағы бизнесті тек 2021 жылдың соңында ғана бастадық. Бизнес тұрақты өсіп жатыр. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстандағы тапсырыс саны 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екі есе өсті. Бұған қазақстандық сатушылардың тауарына ресейлік сатып алушылар тарапынан туындаған жедел қарқынды сұраныс себеп болды. Ресейліктер негізінен Қазақстаннан компьютерге арналған компоненттер, автомобильге қажетті материалдар, ұсақ тұрмыстық тауарлар алдыртады», дейді Қазақстандағы Ozon Marketplace.