Қазақстан • 26 Қазан, 2022

Жұлдызы биік жан

214 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мойынқұм ауданы Жамбыл облысының жартысына жуық жерін алып жатқан киелі мекен. Бұл жер кешегі Керей мен Жәнібек хандар қазақ хандығының алғаш туын тіккен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған, күні кеше ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанған атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов «Мойынқұмда ауылым» әнін арнаған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, малшылардың маршалы атанған, қазақтың қасиетті қара шалы Жазылбек Қуанышбаев пен ел Тәуелсіздігінің бастауы болған «Желтоқсан» оқиғасының құрбаны, қазақтың қайсар ұлы, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің елі екенін әрқашан мақтан етеміз.

Жұлдызы биік жан

Осы шөл және шөлейт аймақты игеру мақсатында тың жерден 1965 жылы ­аудан ашып, сол ауданды үзіліссіз 20 жыл байыпты басқарған, биыл тірі бол­ғанда 100 жасқа толатын, Екінші дү­ниежүзілік соғыстың ардагері, үлкен жүректі азамат Айтбай Назарбековті жақсы білетіндердің қатары бүгінде ­сиреп қалды.

Ел басына күн туған қиын-қыстау за­манда қолына қару ұстап, жаумен шай­қасқан Айтбай аға өмірінің қай кезеңін ал­сақ та, қайраткерлігі мен қайсарлығы, бі­лім­ділігі мен біліктілігі байқалып тұрады.

Ол 1922 жылдың 5 шілдесінде Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүниеге келді. Мектеп бітіргеннен кейін Қапыланбек ауыл шаруашылы­ғы техникумында оқып жүргенде соғыс басталады. Қан майданға алғашқы күндерден қатысып, 1945 жылы наурыз айында жараланып елге қайтады.

1946-1956 жылдар аралығында Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1956-1961 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1961-1962 жылдары Шу өңіріне келіп, Көктерек аудандық партия комитеті­нің бірінші хатшысы қызметінде болды. Ал 1962 жылы Көктерек және Шу аудандары қосылған кезде Шу аудан­дық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1965 жылы жаңадан ашылған Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 1985 жылы тамыз айында құрметті еңбек демалысына шықты. Ол өзінің қарым-қабілетінің арқасында көзге түсті. Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде жұлдызы жарқырады.

1964 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диумының Жарлығы бойынша шөл және шөлейт аймақты игеру, мал ша­руа­шылығын дамыту мақсатында жа­ңа­дан ашылған аудан тізгіні Айтбай Назарбековке тапсырыл­ды. Аудан ор­та­лығы болып Фурмановка а­уылы белгіленді. Шағын ғана Фурмановка ауылынан аудандық мекемелерге кеңсе, олардың қызметкерлеріне үй тауып беру өте қиын болды. Ауылды аудан орталығына айналдыруға көп күш жұмсады. Осы тұста құрылыс материалдары жетіспей, жұмыс жүрмей жат­қанда тұрғын үйлер қабырғасына жергілікті табиғи мате­риалдарды пайдаланып, қамыстан то­қылған матылар­мен тұрғызу идеясы іске асты. Сондай-ақ қой қоралары мен жас төлдер тұра­тын жылыжайлардың төбесін буылған қамыстан жасалған фашинмен жабу тәрізді жұмыстар қолға алынды. Ал мұн­дай әдіс құрылыс шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттырды. Сол үйлер мен қоралар әлі күнге дейін пайдаланылуда. Мойынқұм тәрізді құмды өңірді берекелі, жасыл желекті өлкеге айналдырды, ауыл-аймақтың ажарын кіргізді. Сан ғасыр бойы береке-дәулетті ішіне бүгіп, сырын ашпай құлазып жатқан жерге тіршілік әкелу Айтбай Назарбеков басқарған кезде мойынқұмдықтар­дың еншісіне тиді.

Мал шаруашылығын интенсивті өр­кендетуге бет бұрған жаңашыл басшы Айтбай Назарбеков бағалы бастама­ны республикада алғашқылардың бірі болып іліп әкетті. Ол малшы кадрларды даярлауға, топтық-бригадалық әдіспен еңбек етуді ұйымдастыруға, осы салада еңбек етушілердің жұмысын жеңіл­де­тіп, тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Құм жайылымдары мен тау аңғарларына ірілендірілген шопандар, бақташылар бригадалары қоныс тепті. Оларға электр желілері тартылды, монша, клуб, үй салынды. Жұмыс­қа жастар көптеп тартылды. Олардың арасында білгенін үйретіп, ақыл-кеңе­сін аямайтын екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев бастаған Еңбек Ерлері Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, қой қырқудан Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Шотай Тайбағаров, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған шопандар Мешітбай Қойшыбеков, Нұржамал Туғанбаева, Күлзада Тілеубаева сында басқа да еңбек майталмандары жүрді. Айтекең қазақ­тың қасиетті қара шалы атанған атақ­ты шопан Жазылбек Қуанышбаевпен ақылдасып, көп жетістікке жетті.

Айтбай жаңалыққа құмар еді. Мал өсірудегі Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының бастамасы Айтекең­ді бейжай қалдырмады. Лезде «Шу» совхозының озат әрі жас шопан қызы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Нұржамал Туғанбаеваға аудандық газет арқылы аудан жастарын мал бағуға шақырған арнайы үндеу жолдатты. Үндеуді мектепті сол жылы бітіргелі отырған жас түлектер бірден қолдады.

Комсомол-жастар бригадаларын­да мал баққан жастар 3-4 жылдан ке­йін аудан басшысының ықпалымен жо­ғары оқу орындарына түсті. Олар аудан­ға жас маман болып оралғанда Айт­бай оларды қызметке орналастырып, өзінің қамқорлығына алды. 1966 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша ауданымызда жас шопандар үшін «Жазылбек мектебі» құрылды.

Айтбай жаңа ауданды басқарған 20 жылдың ішінде тұрғын үйлерден бөлек 14 орта, 2 бастауыш мектеп, 18 ба­ла­бақша, 6 пошта ғимараты, 12 мектеп-интернат, 5 аурухана, 5 дәрігерлік пункт типтік жобамен салынды. Аудан орталығында бірнеше қабатты сәнді үйлер мен айрықша жобамен 2 қабатты аудандық партия, атқару комитеті, ауыл шаруашылығы басқармасы, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, байланыс үйі, банк, училище, мектеп, балабақша салынып, 3 қабатты қонақүй, 4-5 қабатты тұрғын үйлер ауыл ажарын аша түсті. Ал бұған ағамыздың өзі республика­лық газеттен көріп, зәулім әрі сәулетті Мәдениет сарайы мен еңселі орталық сауда үйінің жобасын Белоруссия мен Украинадан арнайы адам жіберіп алдырып, салдырғанын қосыңыз. Мұндай сәулетті ғимараттар басқа да елді мекендерде бой көтерді. Сол кездегі ең өзекті деген жол мен электр энергиясы мәселелері оң шешімін тауып, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде Бірлік – Ұланбел, Бірлік – Хантау, Хантау – Мирный – Ақбақай автомобиль жолдары салынып, асфальт төселді. «АН-2» ұшағы қатынай бастады. Алматы, Тараз қаласына аудан орталығынан «ЯК-40» ұшағының күнделікті ұшуы Айтбай Назарбековтің тікелей еңбегі екенін айта кеткен жөн.

Аудан басшысының ықпалымен ­«Мо­йынқұм» фольклорлық ән-би ансамблі алдымен 1978 жылы Мәскеу қа­ласында Бүкілодақтық халық ша­руа­шылық жетістіктері көрмесі мен БЛКЖО Орталық Комитеті өткізген конкурсқа қатысып, жүлделі оралды. 1979 жылы Кеңес Одағының Португалиядағы мә­дениет күндеріне қатысуға мүмкіндік алды.

Осы жерде Жазылбек Қуанышбаевқа аудан орталығындағы «Жазата» сая­ба­ғында атамыздың көзі тірісінде-ақ алып бейнесі асқақтағанын айта кеткен жөн. Ол кезде мұндай еңселі ескерткіш тірі адамға қойылмайтын. Сондықтан да даңқты тұлғаның екі жұлдызы мен аты-жөні жазылған тақтатастың сырты қапталып, оған «Шопан ата» деп жа­зылған еді. Ал кейіннен Жазекең 1986 жылы бақилыққа аттанып, денесі осы ес­керткіш артына қойылған соң қаңыл­тыр бұрандасы босатылып, асты­нан «Жазылбек Қуаныш­баев» деген жазу­шыға келген де оны көрген жұрт таң­ғалған еді. Мұны Айтбай Назарбековтің тапқырлығы демеске шара жоқ.

1973 жылдан бастап ауданда қазақ­ша күрестен Жазылбек Қуанышбаев атындағы республикалық турнир өткізу дәстүрге айналды. Дәстүрлі түрде өтіп тұрған турнирде тұсауы кесілген балуандар кейін Азия, әлем чемпионттары мен Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғады.

1975 жылы ауданға Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бі­рінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, атқарылып жатқан жү­йелі жұмыстарға оң бағасын берді. Осы жолы Айтбай аға үлкен кісіге көп нәрсені көрсете жүріп, ауданға пайдалы біршама мәселені шешіп алды. Айтбай Назарбековтің үлкен жеңісінің бірі арнайы бау-бақша, көкөніс өсіретін «Жасұлан» көкөніс-сүт совхозын ашуы болды.

Жаңадан құрылған ауданда кадр тапшылығы бірден сезілді. Сол тұста Айтекең көптеген жергілікті кадрды тәрбиелеп, оларға қамқор болды. Бүгін­де Мойынқұм өндіріс саласы бойынша облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы аудан­ санатына еніп отыр. Мойын­құм ке­йінгі жылдары ауылшаруашы­лық­ты ауданнан өнеркәсіпті ауданға қарай бет бұрып, дамудың даңғыл жолына түсті. Ақбақайдағы алтын өн­діру фабрикасы, Мыңарал, Хантау цемент, Мыңарал балық зауыттары, Шы­ғанақтағы барит, Мирныйдағы гранит, көмір өндіру көрсеткіштері бүгінде ауданның атын алысқа шығарып отыр. Бұған Ұланбелдің қызыл тақтатасын қосуға да болады. Мойынқұм ауданы іргесінің берік қалануына зор үлес қосқан, Сарысу топырағында туған Айтбай Назарбековтің еңбегі ерекше. Оның игілікті істерін мойынқұмдықтар ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Содан да болар, өзінің тікелей ықпа­лымен салынған Жасұлан ауылына 1997 жылы Айтбай Назарбековтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығындағы бір көше оның есімімен аталады. Аудан орталығында­ғы «Жаз ата» саябағындағы ескерткіші Жазылбек атаның жанынан орын алып, бірі басшы, бірі қос­шы болған ауданның қос қайраткеріне айналған екі азамат елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін алыстан байқап, бағамдап тұрғандай...

Айтбай аға басшылық қызметте жү­ріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге батыр ана Айтбике апай екеуі 2 ұл, 8 қызды тәрбиеледі. Ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қондырған өнегелі отбасы болды.

Айтбай ағаның есімі Мойынқұм өңі­рінде, тіпті Жамбыл облысында ерекше ілтипатпен аталады. Кезінде өзі құрған аудан бүгінде тарихи тағылымы терең, байлығы ерен өлкеге айналды. Аудан­ның абыройын асқақтатып, мәртебесін көтерген ағамыздың өмір жолы бәрімізге үлгі-өнеге болып қала береді.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Ақпарат саласының үздігі,

Мойынқұм ауданының құрметті азаматы

 

Жамбыл облысы