Қазақстан • 26 Қазан, 2022

Жаңа дәуір – жаңа медиа

509 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада медиа саласының өкілдеріне арналған Astana Media Week-2022 апталығы басталды.

Жаңа дәуір – жаңа медиа

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Апталық кезінде отандық және шетелдік жетекші медиа менеджерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары, журналистер, блогерлер және тәуелсіз сарапшылар тәжірибе алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылайды.

Осымен алтыншы рет ұйым­дастырылып отырған медиа апталық биыл «Жаңа дәуір – жаңа медиа» тұжы­рымдамасымен өтіп жатыр. «Отандық мамандар үшін пайда­лы әрі мағыналы алаң болу – Astana Media Week-тің бас­ты мақсаты. Қытай, Германия, Түркия, Швейцария, Польша, Ресей, Монғолия, Португалия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, барлығы 11 елден150-ге жуық отандық және шетелдік спикер, еліміздің ірі медиа құралдары мен Meta, TіkTok, Nickelodeon, Coursera секілді шетелдік қонақтар қатысады», дейді медиа сарапшы Мақпал Жұмабай.

Апталықтың алғашқы күнінде өткен пленарлық сессияда виртуалды әлемді зерттеуге арналған әлемдік тәжірибе сөз болды. Сарапшылар қазір дәуірі жүріп тұрған «Meta мен TіkTok-тың БАҚ-қа әсері қандай?», «Қазіргі медиа үшін оның қандай артықшылықтары бар?» деген сауалдарға жауап беруге тырысты. Осы орайда Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрі Дархан Қы­дыр­­әлі Meta және TіkTok-пен тығыз бай­ланыста жұмыс істейтінін мәлімдеді.

– Біз бұл екі ірі компаниямен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Meta Қазақстанда өкілдік, ал TikTok офис ашуға, сонымен қатар медиа сауаттылық курстарын оқытуға ниетті. Өйткені қазіргі таңда визуалды контент ақпарат алудың негізгі көзіне айналып бара жатыр. Мәселен, өткен жылғы деректерге қарағанда 16-64 жас аралығындағы интернет пайдаланушылардың 63 пайызы интернетті негізінен ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін пайдаланады. Осылайша, интернеттегі жаңалықтар мен визуалды контент ақпаратты қабылдаудың негізгі арнасына айналды, – деді министр.

Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина Қазақстанда TikTok-қа сұраныс артып отырғанын, әсіресе жекелеген контентте қаралым өте көп екенін айтты. Оның айтуынша, биыл TikTok-тың еліміздегі туризм туралы контенті 20 миллион қаралым жинаған.

–Жақында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен танымдық жобаны іске қостық. Бірден 90 миллионнан астам қаралым жинады. Осыдан-ақ елде танымдық контентке сұраныстың бар екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ Kazakh Tourism компаниясымен бірге Travel Kazakhstan жобасын жүзеге асырдық. Онда халық интернет арқылы Қазақстанда саяхатқа шығуға болатын орындармен бөлісе алады. Бұл жоба да көптің көңілінен шығып, 20 миллионнан астам қаралымға ие болды. Жобаға шетелдіктер де қызығушылық танытты, – деді А.Панина.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Қазіргі жаңа технология заманында мәдениет, құндылықтар өзгеріп жатыр, сондықтан біз де ақырындап соған дайындықты бастадық. Мәселен, Digital bridge конференциясында Huawei компаниясымен 50 цифрлық зертхана ашуға уағдаластық, TikTok компаниясымен бөлек меморандум жасап жатырмыз», деді. Сондай-ақ министр журналист мамандарын даярлау мәселесіне тоқталып, белгілі бір салаға маманданған БАҚ өкілдерінің аздығын айтты. Министрдің мәлімдеуінше, қазір Қазақстанның 24 оқу орнында 4 жарым мыңнан астам студент журналистика мамандығына оқып жатыр.

– Мысалы өткен жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану және Әлеуметтану факультеттері бірігіп, «Спорт журналистикасы» мамандығын ашты. Бұған қоса цифрлық медианы басқару мамандығы ашылды. Astana IT университеті де былтыр «Цифрлық журналистика» мамандығын ашып, қазір «Big data журналистика» мамандықтарына оқытуды жоспарлап жатыр. Атап өткен 24 оқу орнының барлығы мемлекеттік университеттер мен өңірлік оқу орындары. Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігіне орай журналист мамандарын бейімдесек, ұтарымыз көп. Мысалы, Қостанай өңірінде ауыл шаруашылығына маманданған журналистерді даярлауға болады, – деді С.Нұрбек.

Сала журналистерін даярлаудан бөлек тағы бір мәселе ол – кадр тапшылығы. ЖОО-да тек ғылыми дәрежесі барлар ғана сабақ беріп, ғылыми жетекші бола алады. Алдағы уақытта бұл дәстүрлі үрдіске бірқатар өзгеріс енгізілмек. Тәжірибелі мамандар ғылыми атағына қарамастан студентке жетекші болып, білім бере алады.

– Бұдан былай тек докторлар мен PhD дәрежесі барлар емес, сол индустрияның ішінен шыққан тәжірибелі мамандар сабақ бере алады. Білім беруге негізделген мұндай «Endowed professor» ұғымы шетел тәжірибесінде бар. Біз «Ғылыми журналистика», «Big data» деп жаңа оқу бағдарламасын жасай алғанымызбен, оған оқытушы табыла қоймайды. Бұрынғы оқытушылар сабақтың атын өзгерткенімен, мазмұнын баяғыдай қалдырады. Сондықтан үндеу жасап, сала мамандарынан ЖОО-ға көмек қажет екенін жеткізгіміз келеді, – деді министр.

Бұған қоса медиа сауаттылық та бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Ақпарат ағыны көп, интернетте өріп жүрген ақпараттың дұрыс-бұрысын ажырата білетіндер аз. Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде медиа сауаттылықты арттыруға арналған мектептер ашылатынын мәлімдеді.

– Фейкньюстің (жалған ақпарат) таралуын аудиторияны сенімді ақпаратты тани білуге машықтандыру арқылы ғана азайта аламыз. Дезинформациямен күресудің бір жолы – аудиторияны жалған мен шын ақпараттың ара­жігін ажыратуға үйрету, яғни медиа сауаттылық ұғымын ұлғайту. Жеке медиа мен редакциялар сөз жауапкершілігін, ақпараттың салдарынан болатын салмақты сезінуге тиіс. Бұл орайда салаға жауапты министрлік ретінде медиа мектептерін ашу, оның ішінде медиа сауаттылық бойынша білім беру – біздің тікелей міндетіміз. Осы орайда фактчекинг, ақпаратты саралау, оның шығу төркінін тексеру, таратпас бұрын белгіленген критерийлерден өткізу секілді бірнеше сатыдан тұратын оқыту жүйесін ұйымдастыруымыз керек, – деді Дархан Қыдырәлі.

Медиа апталық өзекті мәселелерді көтеретін және маңызды оқиғаларды біріктіретін бірегей және әртүрлі іс-шараларға толы болмақ. Бағдарлама аясында Бас редакторлар клубының форумы, өңірлік БАҚ форумы, дөңгелек үстелдер, панелдік пікірталастар, баспасөз хатшылары мен журналистерге арналған шеберлік сағаттары, продакшн компанияларға арналған питчингтер, контент маркер сағаттары жоспарланған. Astana Media Week-тің соңғы күні баспасөз, радио, интернет журналистика саласының қызметкерлері үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығымен марапатталады.