Атап айтсақ, көрмелер мен концерттер, дөңгелек үстел, фильмдер мен спектакльдер. Кинокөрсетілімнің алғашқы күнінде «Акыркы көч» (режиссері Б.Мұқұл), «Дарак ыры» (режиссері А.Дайырбеков), «Шамбала» (режиссері А.Суйундуков), «Көл» (режиссері А.Суйундуков) картиналары ұсынылды. Қырғыз киносы күндерінің ресми ашылуына Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов, Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысты.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы 2-3 наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен келген болатын. Келіссөздер барысында екі елдің екіжақты және көпжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланып, мәдениет күндерін тепе-тең негізде өткізуге уағдаласқан еді. Кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері Қырғызстанда 2021 жылғы 7-9 қазанда Бішкек қаласында өткені есімізде. Әлқисса.
Еліміздегі Қырғыз Республикасының Мәдениет күндері аясында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, Астанада Манас ескерткішін орнату, «Еуразия» кинофестивалін және көшпенділердің дүниежүзілік ойындарын өткізу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» форумы өтті. Іс-шара, ең алдымен екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуды мақсат етті. Атап айтқанда, тараптар екі заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының мәдениетаралық ынтымақтастықтағы рөлін талқылады. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шығармашылық және ғылыми зиялы қауымы қатысты.
Одан бөлек 27 қазанда Ұлттық музейде қырғыз суретшілерінің шығармашылығына құрылған «Бастау» көрмесі ашылады. Сондай-ақ бұл күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры сахнасында қырғыз өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді, сазды кештің аясында Қырғызстанның тарихи-мәдени мұрасы мен қолөнерінің көрмесі де ұсынылмақ.
Ал 28 қазанда «Манас» эпосына арналған концерт және Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі мен Чалагыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 29 қазанда өтетін Мәдениет күндерінің салтанатты жабылуында Токтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Саманчының жолу» спектаклі көрсетіледі.
Айта кетейік, Қырғызстанның Мәдениет күндері делегациясын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясатының министрі Алтынбек Мақсұтов басқарады. Мәдени іс-шараға Қырғызстаннан 300-ден астам адам қатысып отыр. Мәселен, халық әртістері, халық ақын-жазушылары, кино майталмандары, ғылым докторлары және КСРО халық әртісі Самара Тоқтақұнова бастаған қоғам қайраткерлері, Тоқтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Әбдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры, Камералық хор және камералық оркестр Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясы, Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі, Шалағыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қарамолдо Орозов атындағы халық аспаптар академиялық оркестрі, Асанқан Жұмахматов атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «Манас» ұлттық театры, Қырғызстан жазушылары, суретшілері мен кинематографистер одағы, Қырғызстан ұлттық тарихи музейі, «Ақақ» комузистері, дизайнерлер мен режиссерлер – қойылым тобы бар.