EGDI электрондық үкіметтің үш маңызды аспектісінің жиынтық өлшемі: онлайн-қызметті ұсыну, телекоммуникациялық байланыс және адам әлеуеті. Елдегі веб-сайттардың даму моделін бағалаумен қатар елдің қолжетімділікті арттыру үшін ақпараттық технологияларды қалай пайдаланып отырғанын талдай келе индекс қолжетімділік сипаттамасын да (инфрақұрылым және білім деңгейі) ескереді.
Азаматтардың электронды қатысуы рейтингінде (E-Participation Index, EPI) Қазақстан 15-орын алған. 15-орын – өте тәуір позиция. EPI индексі EGDI индексін толықтырады және азаматтардың сұраныс бойынша немесе онсыз жария ақпаратқа қол жеткізуін, мемлекеттік саясат пен қызметтерге қатысуға және талқылауға тартылуын, сондай-ақ саясатқа, қызметтерге және оларды ұсыну тәсіліне қатысты бірлескен электрондық шешімдер қабылдау арқылы халықтың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді көрсетеді.
«Мұндай оң көрсеткіштерге Үкіметтің бастамалары әсер етеді. Айталық, елімізде 10 мемлекеттік қызметтің 9-ы цифрландырылған, оларды бүгін Egov.kz порталында немесе тиісті қосымша арқылы онлайн-форматта алуға болады. Сол сияқты, мобильді қосымшалар арқылы, айталық, зейнетақы активтерін басқаруға, «электрондық емханаға» (Damumed) қол жеткізуге де мүмкіндік бар. Бұдан басқа, цифрландыруда қаржы секторы (банктердің сайттары мен қосымшалары, онлайн-сақтандыру, брокерлік қызметтер және т.б.), өнеркәсіп, құрылыс, логистика, телеком, мәдениет және демалыс саласы сияқты елдің барлық негізгі саласының ірі компаниялары үлкен рөл атқарады», деп жазады Finprom.
2021 жылы 6-74 жас аралығындағы интернет пайдаланушы азаматтар үлесі 92,9 пайызды құраған. 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 пайыздық тармаққа жоғары. Көрсеткіш ауылдық жерлерде 2020 жылғы 85,5 пайыздан 2021 жылы 90,7 пайызға дейін ұлғайса, қалада 90,1 пайыздан 94,4 пайызға дейін артқан.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Finprom мәліметі бойынша, Speedtest Global Index дерегінше, біздегі мобильді интернет жылдамдығы 22,1 Мб/секунд болған. Былтырғы жылдамдықтан 11,4 пайызға жоғары. Бұл тұрғыда да Орталық Азия мен ТМД-да үздікпіз. Ресейдегі жылдамдық – 21,2 Мб/с, Қырғызстанда – 20,2 Мб/с, Өзбекстанда – 15,1 Мб/с, Тәжікстанда – 7,8 Мб/с.
«Сонымен қатар Digital Intelligence Index цифрлық эволюциясы бойынша 90 ірі экономика рейтингінде Қазақстан цифрландыруды дамыту жеделділігі бойынша 20-орын алды.
«Қазақстан цифрлық әл-ауқатты одан әрі дамыту үшін неғұрлым перспективалы елдер тобына кірді. Сондай-ақ 2021 жылғы DSGI цифрлық дағдылар деңгейі бойынша 134 елдің рейтингінде Қазақстан 43-орынға ие болды. Бұл елдегі қолданыстағы цифрлық технологиялардың сенімділігін, тұрақтылығы мен жеделдігінің жеткілікті жоғары екенін көрсетеді», деп жазады Finprom.