Әлем елдерінде «Кореяда өмір сүру өте ыңғайлы» деген пікір қалыптасқан. Себебі Корея Республикасы адам дамуы индексі бойынша дүниежүзі елдерінің рейтингінде 23-орында тұр. Бұл тізімде корейлер Франция мен Италияны басып озса, АҚШ пен Жапониядан сәл ғана кейінге қалған. Numbeo сайтының деректеріне сүйенсек, Корея әлемдегі ең қауіпсіз 15 елдің қатарына кіреді. Ал денсаулық сақтау деңгейі бойынша Тайваннан кейін екінші орында келе жатыр.
Жарты ғасырда аз ғана жұрт білетін елден азуын айға білеген алып мемлекетке айналған Корея Республикасы 60-жылдардан бастап білім мен түрлі саланы зерттеуге қомақты қаржы сала бастаған. Соның арқасында елде Samsung, Hyundai, LG секілді бүкіл әлемді өнімдерімен жаулап алған корпорациялар дүниеге келді, жаһан жұртын тамсандырған ең үздік медициналық қызмет көрсету саласы мен туризмі қалыптасты.
Бір қызығы, Кореяның қарқынды дамуы бас қаласы Сеулден емес, түп тарихы шағын ғана балықшы ауылынан басталатын Пусан қаласынан бастау алады. 1950-жылдардағы қатыгез соғысты басынан өткерген Корея үшін бұл қаланың маңызы бөлек, мәні ерек. Үш жылға созылған соғыс кезінде әр елден бас сауғалап келген миллиондаған босқын уақытша астана Пусанға қарай ағылып, осы қаланы пана тұтады. Корейлердің өзі бұл тарихи кезеңді «адамдардың өмір сүруге деген құштарлығы корей экономикасының дамуына серпін берді» деп сипаттайды.
Мәселен, «LG тұрмыстық химиясы» – ел дамуында маңызды рөл атқарған компаниялардың бірі. Компанияның алғашқы өнімі бетке арналған түрлі жақпа майлар еді. Қазіргі таңда LG – әлемдегі ең танымал брендтердің бірі. Ал 1939 жылы құрылған Samsung-тің ең алғашқы сатқан тауары күріш ұны болған. Бүгінде бұл компания әлемдік нарықта жоғары технологиялық компоненттердің өндірушісі ретінде танымал. Корея жерінде дүниеге келіп, жаһан жұртына танылған түрлі әлемдік компаниялардың тағдыры мен тарихы Пусан қаласымен тығыз байланысты. Бір сөзбен айтқанда, корей экономикасының дамуы осы балықшы ауылынан бастау алады. Бүгінгі Пусан – Пусан-Ульсан-Кеннам Мега-Сити. Корей өнеркәсібінің басты салаларын дамытудың қозғаушы күшіне айналғандықтан болар, жергілікті халық бұл қаланы «Пусанның өзгеруі – бүкіл елдің өзгеруі» деп жоғары бағалайды.
Ұлы трансформация
Дәл қазіргі уақытта Пусан басқа трансформацияға дайындық үстінде. Ол – 2030 жылы өтетін Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі. «Әлемді өзгерту – жарқын болашаққа қадам». Бұл – дүниежүзілік көрмеге үміткер қаланың басты ұраны мен негізгі ұстанымы. Пусан қаласына сапар барысында ұйымдастырушылар бізді болашақ ЭКСПО өтетін құрылыс алаңына арнайы алып барды.
Пусан қаласындағы ЭКСПО-2030 Дүниежүзілік көрмесін ілгерілету және қолдау шеңберінде Азаматтық істер комитетінің төрағасы О Сонгын мырзаның айтуынша, айтулы іс-шараны дәл осы қалада өткізу – жергілікті халықтың арманы. Пусандықтардың бұл арманы 2019 жылы мамырда Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесіне өтінім ұлттық жоба ретінде расталып, қараша айында Пусандағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесіне өтінімдерді жоспарлау басқармасы құрылғаннан жүзеге асырыла бастаған.
Корей халқы портты қалада ЭКСПО-2030 өткізу арқылы «әлемдегі көршілермен жаһандық қиындықтар мен кедергілерді жеңу тәжірибемізбен бөлісеміз», сондай-ақ «жарқын болашақты бірге құруға мүмкіндік аламыз», дейді. Сондықтан да болар, пусандықтар Дүниежүзілік көрмені «Кореяның ұлы трансформациясының басталуы» деп қабылдайды.
Айта кетейік, ЭКСПО-2030 көрмесін өткізуге Оңтүстік Кореяның портты қаласынан бөлек тағы үш ел – Италия, Украина және Сауд Арабиясы өтінім берген. Нақты шешім келер жылы қарашада Халықаралық көрмелер бюросының 173-Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы қабылданады. Қазірдің өзінде корей билігі Дүниежүзілік көрме елге 50 миллионнан астам туристі тартып, жарты миллионнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп отыр. Халықаралық бюро шешімі Пусанды таңдамаса да ел шенеуніктері қала жағалауын алдағы бес жылда адам танымастай өзгертуді жоспарлап қойған. Бұл жағалауды қайта құру мен қарқынды құрылыс жұмыстары толығымен жүзеге асырылады деген сөз.
«Әрине, бұл үлкен бәсекелестік. Сол себепті де біздің Үкімет қана емес, сонымен қатар жеке кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар алдағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесін дайындау және жарнамалау процесіне бір кісідей атсалысып келеді. Егер Пусанда ЭКСПО көрмесі өткізілсе, бұл тек қала емес, жалпы ел үшін де өте маңызды оқиға болары сөзсіз. Мен Азаматтық істер комитетінің өкілі ретінде жеке жауапкершілікті сезінемін және осы іс-шараның маңыздылығын түсінемін. Сондықтан 2015 жылы құрылған біздің комитет 7 жыл бойы Пусан азаматтарының игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Комитет Пусандағы ЭКСПО-2030 көрмесін ақпараттық қолдау және ілгерілету үшін барлық қажетті жағдай жасауға ерекше күш салып келеді», дейді О Сонгын мырза.
Комитет төрағасы біздің «ЭКСПО-2030 Пусан қаласы үшін қандай рөл атқарады?» деген сұрағымызға «Халықаралық көрмені өткізу қаланың дамуына елеулі өзгерістер әкеледі» деп сеніммен жауап берді. «Біріншіден, туристер ағыны артады. Себебі ЭКСПО – дүниежүзілік ауқымдағы оқиға, яғни көптеген шет мемлекет өкілдері Пусанға келеді. Егер көрмені өткізу туралы шешім оң нәтиже берсе, жергілікті халықпен бірге шетелдік туристерге ыңғайлы болуы үшін Пусан қаласының және жақын маңдағы қалалардың инфрақұрылымын жақсарту үшін алдын ала жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ Пусан тұрғындары осы көрменің арқасында әртүрлі мәдениетпен танысуға мүмкіндік алады. Мысалы, егер көрмеге Қазақстан өкілдері келсе, біздің тұрғындар сіздің керемет еліңіз туралы көбірек біле алады», дейді ол.
Жаһандық мәселе – технологиялық шешім
Корея Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің келесі орны ретінде Тынық мұхитқа қарайтын портты қаласын бекерден-бекер ұсынып отырған жоқ. Өйткені Пусан – Корея «Ұлы трансформациясының» өткені, қазірі және болашағы. Ал өз кезегінде Пусан ЭКСПО өткізу арқылы әлемге технологияның дамуы, климаттың өзгеруі және әлі де салдары толығымен жойыла қоймаған COVID-19 пандемиясы кезінде тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін технологияларға назар аударуға уәде беріп отыр.
«Сөз жоқ, тың технология мен дамыған экономика – жақсы әрі бақытты өмірге апаратын бірден-бір жол. Алайда адамзат климаттық дағдарыстың, пандемия мен цифрлық алшақтықтың бұрын-соңды болмаған жаһандық проблемаларына тап болып отыр. Ал бұл жаһандық мәселелерді шешу үшін түбегейлі және нақты өзгерістер қажет». Бұл – қазақстандық журналистерге «Пусан ЭКСПО-2030» таныстырылымын өткізген ЭКСПО-2030 Дүниежүзілік көрмесін ілгерілету және қолдау шеңберінде Азаматтық істер комитетінің сыртқы байланыстар және ынтымақтастық істері бөлімінің меңгерушісі Хван Хёнги мырзаның сөзі.
Хван Хёнги мырзаның айтуынша, Пусандағы дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесі барлық қатысушыға жаһандық мәселелерді тереңінен түсінуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – маңызы мен мәні бөлек бұл ауқымды іс-шара баршамызға қоршаған орта мен адамзаттың жаңа өмір салты туралы ойлауға жол ашады.
Климаттың өзгеруі, сандық түрлендірудің кемшіліктері, ұлттар арасындағы және олардың ішіндегі теңсіздік – міне, Пусан аса мән беріп отырған үш жаһандық мәселе осылар. Пусан комитетінің өтінімінде осы сұрақтарға қатысты ішкі тақырыптар да қарастырылған. Ал әрбір тақырып БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының үш негізгі тірегімен байланысты, олар – адамдар, планета және өркендеу.
Егер Пусанның дүниежүзілік көрмеге өтінімі сәтті шешілсе, корейлер жасанды интеллект (AI), 6G, ақылды әуежайлар және теңіз порттары сияқты болашақтың жаңа технологияларына баса назар аударатын көрмелерді ұсынбақ. «Ал бұл тың технологиялар экономика, қоғам мен мәдениеттің барлық саласында серпіліс жасауға жаңа мүмкіндік туғызады», дейді комитет өкілі.
Әлемді өзгертуді көздеп отырған Корея ЭКСПО-2030 өткізу кезінде Пусанның негізгі жүк порттарының бірін толығымен заманауи қалашыққа айналдыруды көздеп отыр. Мәселен, жолаушылар терминалы ғимаратында түрлі конференция мен презентация өтеді. Портта кеңселер үшін қосымша павильондар, бірнеше тұрғын үй кешені және серуендеуге арналған саябақ, мәдени ошақтар салу жоспарлануда. Алғашқы нысандардың құрылысы қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр. Бұған біз ескі порттың біріне барғанда өзіміз де көз жеткіздік. Ең бастысы, көрме павильондары мен басқа да ілеспе ғимараттардың құрылысы ескі порттың орнында жүргізіледі. Осылайша, корейлер көрме аяқталғаннан кейін қала тұрғындарына жаңа ғимараттар, саябақтар, түрлі нысандары бар ауданды толық пайдалануға ұсынуды мақсат тұтқан. Шенеуніктердің айтуынша, Дүниежүзілік көрме үшін қайта жаңартылатын заманауи қалашықтың жобасы толығымен дайын. Бұл жайында О Сонгын мырза: «Пусанда ЭКСПО-2030 өткізу – өзгерістерге жасалған маңызды қадам. Бұл – халықаралық тәжірибе алмасып қана қоймай, болашақ ұрпағымызға қалдырар жолдауымыз. Біздің жастарымыз, болашақ ұрпағымыз жаңа білім алады, климаттық дағдарыс, теңсіздік және қоғамның стратификациясы сияқты жаһандық мәселелер туралы ойлайды. ЭКСПО-2030 Пусанда өтеді деп үміттенемін, біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», деді.
Сұхбат кезінде О Сонгын мырза Қазақстан туралы ойымен де бөлісті. «Сіздердің елдеріңіз туралы, өкінішке қарай, аз білемін. Қазақстан мен Корея жылдар бойы берік достық байланысты ұстанып келеді. Қазақстанда көптеген кореялық ірі кәсіпорын мен кәсіпкер табысты жұмыс істеуде. Мен, сондай-ақ, Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатыстым. Мені көрменің ауқымы мен сұлулығы таңғалдырды. Қазақстан – пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарға бай өте әдемі ел», деді ол.
Портты қала Пусан
Пусан – Кореяның оңтүстігінде жатқан ең танымал шаһар. Тарихи жолы алты ғасырдан асып түсетін қала халқының саны 3 жарым миллионға жуық. Көлемі жағынан Корея Республикасының бас қаласы – Сеулден кейінгі екінші қаланың жергілікті теңіз айлағы әлемдегі ең үлкен бес порттың қатарына кіреді. Пусан 7 жағажайы, 7 аспалы көпірі және 10 тауымен танымал. Портты Пусанға барғанда Қазақстанның Бас консулдығына арнайы ат басын тіредік.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 16-17 тамызда Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Осы сапар аясында екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Пусанда Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды. Президент бұл шешімін «біздің стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады» деп айқындап берген еді.
«Бас консулдық ресми түрде өткен жылы мамыр айында ашылғандықтан, жұмысты енді ғана бастап жатырмыз», дейді елден келген журналистерді жылы қарсы алған Пусандағы Қазақстанның Бас консулы Аян Қашабаев.
Бас консулдың айтуынша, Кореяда 30 мыңдай қазақстандық тұрса, оның 200-ден астамы осы қалада өмір сүріп жатыр екен. Оларды үш категорияға бөліп қарастыруға болады. Алғашқылары – тарихи отанына оралған этностық корейлер. Олардың арасында аралас некедегі отбасылар көп. Екіншілері – Кореяда білім алып жатқан студенттер. Мәселен, бір ғана Пусан қаласында 100-ге жуық қазақстандық студент болса, олардың басым бөлігі Пусан ұлттық университетінде білім алып жатыр екен. Ал үшінші категория – Кореядағы түрлі ірілі-ұсақты компанияда келісімшартпен жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар.
«Кореядағы бірнеше жоғары оқу орны мен Қазақстан арасында студенттерді тегін грантпен оқыту жөнінде арнайы келісімдер бар. Бір айта кетерлігі, қазақстандық студенттердің көбі механика мен ІТ саласын таңдаған. Жастардың дені Сеул қаласында білім алады. Ол түсінікті де. Сеул біріншіден ел астанасы болғандықтан бас қалада ең үздік оқу ордалары орналасқан. Кореядағы үздік үштікке кіретін оқу ордалары осы қалада», дейді А.Қашабаев.
Бас консулдықтың дәл Пусан қаласында ашылуының да өзіндік себептері бар. «Қала елдің оңтүстігінде, ал Сеул солтүстік бөлігінде орналасқан. Бұрын аймақта тұратын, білім алып жатқан қазақстандықтар қандай да бір көмек не құжат керек болса, 300 шақырым жол жүріп, Сеулдегі елшілікке барып, әрі-бері сарсаңға түсетін. Ал төлқұжат жасату, АХАЖ-да құжаттар рәсімдеу бойынша жүгінетіндер Пусанда да өте көп. Өздеріңізге белгілі, Кореяда медицина туризмі өте жақсы дамыған. Мұнда денсаулығын жақсартуға, ем алуға келетін қазақстандықтар көп. Бұдан былай қандай да бір құжат алу үшін Сеулге барудың қажеті жоқ, барлық мемлекеттік қызметті аймақта тұратын Қазақстан азаматтары Бас консулдықтан рәсімдей алады», дейді Бас консул. Ал жергілікті билік жаңа дипломатиялық өкілдік арқылы екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан – Пусан қаласында бас консулдық ашқан алтыншы мемлекет.
ТҮЙІН. Бес жыл сайын өтетін Дүниежүзілік көрме бүкіл әлемнің назарын аударатын маңызды іс-шара екені – жалпақ жұртқа белгілі жайт. Бұл төрт жыл сайын өтетін Олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатынан бөлек, бірнеше ірі әлемдік оқиғаның бірі болып саналады. Ал мұндай жаһандық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуде Корея Республикасының тәжірибесі аз емес. Естеріңізде болса, корейлер 2002 жылы Азия ойындары, 2005 жылы АТЭС саммиті сияқты ірі халықаралық іс-шараларды абыроймен алып шықты. Ал Пхенчхан қаласында 2018 жылы Қысқы Олимпия ойындарының алауы жанды. Пусан мегаполисін жеке алып қарайтын болсақ, әлемнің ең ірі портты қалаларының тізімінен ойып тұрып орын алатын шаһардың Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесін қабылдауға үш негізгі басымдығы бар. Біріншісі – қала жақсы дамыған, екіншісі – Пусанның орналасқан жері өте ыңғайлы, үшіншісі – шаһар халықаралық іс-шаралар өткізуде үлкен тәжірибеге ие. Ал осы жетістік пен ел экономикасы үшін үлкен жеңіске жетелеген бастамалардың негізі Таңғы шың елі талғамының биіктігінде жатса керек...
АСТАНА – СЕУЛ – ПУСАН – АСТАНА