Конференцияның салтанатты ашылуына Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан кейін іс-шараның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.
Жалпы, бұл форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контекстіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллекті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие басымдықтар бар.
Халықаралық конференцияға әлемдік білім беру саласының танымал өкілдері қатысты. Атап айтсақ, Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония) секілді мәртебелі меймандар Астанаға ат басын бұрып келді.
– Болашақ үшін біз қазір өзгеруіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, бұл – болашаққа дайындық. Осы конференциядан жағымды әсер алдым. Мен екі-үш жылдың көлемінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің эксперттерімен жұмыс істеп келемін. Біз жаңа бағдарламалар ойлап тауып, зияткерлік мектеп қызметкерлеріне білім береміз. Сондықтан мен жаңа ақпарат беру үшін емес, серіктестікте болып, атқарылған жұмыстардың нәтижесін көруге келдім. Қазақстан мен Финляндияның білім берудегі ұқсастығы мынада: біз де шетелдік тәжірибені түбегейлі енгізбей оны отандық бағдарламалармен ұштастыруға тырысамыз, – деді Ювяскюль университетінің Edcluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш.
Ал Португалиядан келген Лусофон университетінің арнайы білім беру кафедрасы директорының орынбасары Люсия Лима-Родригес Астананы көргеніне қуанышты екенін, конференцияның жоғары деңгейде әрі қызықты өтіп жатқанын және Қазақстанда оқушылардың білім алуына үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Менің конференцияға келудегі мақсатым – ел мен экономиканың дамуы үшін мектепке дейінгі білім берудің маңыздылығы мәселесін көтеру. Мен ата-аналар үйде немен айналысатыны, мұғалімдер мен тәрбиешілердің іс-әрекеттері жайында айтамын. Сондай-ақ түрлі шеберлік сабақтарын өткізіп, өзімнің Ұлыбританияда 3,5 мың адаммен 17 жыл бойы жүргізген зерттеуімнің есебін ұсынамын. Мен өзім де көп нәрсе үйрену үшін келдім. Себебі конференция халықаралық деңгейді өтеді, – деді Оксфорд университетінің балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж.
Өз кезегінде Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк технологиямен тығыз байланысты білім беру тақырыбын кеңінен сөз етті. Бұл ретте жасанды интеллект жайында да айтып, оның дәстүрлі оқыту формасымен қалай үйлесім табатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ кореялық қонақ Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі Оңтүстік Корея мектептерінің тәжірибесімен ұқсас екенін атап өтті.
Конференцияның жарқын сәттерінің бірі Нидерландтағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.
– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол шындықтың, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деді RCEC сертификатын табыстаған Арнольд Дж.Брауэр.
Сонымен қатар дәстүрлі конференция алаңында NIS-тің «Қазақстан халқына» қоры және «Aitas KZ» холдингімен бірігіп іске асырып жатқан «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» ауқымды жобасының қатысушыларына паспорт табысталды.
Алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мәселелері, соның ішінде, ең алдымен, зерттеулердің сапасы және ұзақ мерзімді әсерге арналған секциялық отырыстардың тұтас сериясы өтті. Сұранысқа ие секциялар қатарын балаларға қауіпсіз және жайлы орта – қала, ауыл мектеп құруға бағытталған арнайы отырыстар толықтырады. Бұған қоса еңбек жолын жаңадан бастап жатқан педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы секция NIS-тің тамыз айында ұйымдастырған жас мұғалімдердің республикалық форумының заңды жалғасы деуге болады.
Панельдік пікірталастар мен секциялық отырыстардың ауқымды топтамасы мұғалімнің кәсіби капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көрсететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеуіне арналды. «Сөзден – іске» шеберлік сабақтарында қазақтың ұлы ұстаздарының шығармашылық мұрасы басты тақырыпқа айналды. Олардың танымал туындыларына қазіргі білім ошақтарындағы сұраныс жайында «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бастауыш сыныптарды оқытуда қолдану» атты шеберлік сабағын дайындаған Білім беру бағдарламалары орталығының өкілдері Қаламқас Байтенова, Перизат Биғазина, Жанат Қажығалиева баяндады.
Автограф-сессияда конференция қатысушылары балаларға арналған қазіргі қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын жазып жүрген белгілі отандық жазушылар мен суретшілер – Сауран Қастеев, Әсел Имайо, Асқар Алтай, Мейірхан Жылқыбай, Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Ольга Гумирова, Зәуре Төреханмен кездесті.