Аймақта мәдениет қызметкерлерінің баспаналы болуы – облыс әкімі назарында тұрған мәселе. Бұған дейін бірқатар маман Саран және Ақтас кентінен пәтер алған-ды. Онда 30 пәтер кілті табысталған. Мұғалімдер мен дәрігерлер де үймен қамтылуда. С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі Жанар Рахмановаға үш бөлмелі пәтер тиді.
– Кәмелетке толмаған екі балам бар. Бүгінге дейін пәтер жалдап келген едік. Үйіміз – үш бөлмелі. Кең, еңселі, үлкен, бәрімізге жетеді. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Жанар Рахманова.
Сонымен қатар өңірде кеншілер, металлургтер және жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген ипотека бар. Мұның сыртында өзге де мемлекеттік бағдарламалар арқылы да баспана алғандар көп. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Республика күніне орай Теміртауда 90 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Ал жыл соңына дейін Қарағанды облысында түрлі бағдарламалар есебінен 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады деп күтілуде.
Мерекеде металлургтер мекені әлеуметтік нысандармен толыға түсті. Атап айтқанда, Теміртауда жаңа емхана ашылды. Емхана мемлекет жекеменшік әріптестік аясында екінші шағын ауданда салынды. Жаңа емханаға 20 мың адам тіркеле алады. Сондай-ақ теміртаулықтар қуанышын «Одиссей» мәдени-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуі еселей түсті.
Қарағанды облысы