Әлихан Смайылов отырыстың пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет жүзбе-жүз өткенін және Қазақстанның ТМД-ға төрағалық етуінің қорытынды іс-шарасы болғанын атап өтті.
«Бүгін ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша келелі әңгіме өрбіді. Мемлекеттер Достастық шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екендерін тағы да растады. Сондай-ақ сыртқы экономикалық ынтымақтастық аясында ортақ мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірлескен қадамдар талқыланды», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында Қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісімнің жобасын аяқтау жөнінде шешім қабылданды.
Бұдан басқа, Қоғамдық денсаулық сақтау саласында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және ден қою жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы 2023-2024 жылдарға арналған басым іс-шаралар жоспары мақұлданды.
«Ғылыми-техникалық, инновациялық, технологиялық салалармен қатар химия саласын цифрлық трансформациялау және радионавигация саласындағы ынтымақтастық бойынша бірнеше мәселе болды. Үкімет басшылары осы салаларда өзара іс-қимылды дамыту бойынша бірқатар тұжырымдамалық және бағдарламалық құжатты қабылдады», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол Кеңестің 2023 жылы Достастық органдары мен жекелеген іс-шараларды қаржыландыруға қатысты қаржылық-бюджеттік мәселелерді қарап, шешімдер қабылдағанын айтты.
«Қазақстандық тарап бүгінгі іс-шараның қорытындыларына қанағаттанды. Ол мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті қадам болатынына сенімдіміз», деп түйіндеді Премьер-Министр.
ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысын 2023 жылы маусымда Сочи қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.