Қоғам • 30 Қазан, 2022

Өнегелі келіндер өнері

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша «Бақытты отбасы» орталығының ұйымдастыруымен Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназиясында «Өнегелі келін» республикалық байқауы өтіп, тәжірибелі келіндер бақ сынасты.

Өнегелі келіндер өнері

Байқауда өнегелі 8 үміткер төрт кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар байқаудың бірінші кезеңінде өздерін бейнеролик арқылы таныстырса, екінші кезеңде салт-дәстүрге қатысты, отбасылық өмірмен байланысты логикалық сұрақтарға жауап берді. Байқаудың үшінші кезеңінде келін­дер өз өнерлерін көрсетті. Бірі ән салып би билесе, енді бірі домбыра тартып, ақындық қырынан танылды. Соңғы кезең бойынша қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, аспаздық өнерлерін ортаға салды.

Байқауда этнограф-ғалым, фольклоршы, қазақы дүниетанымға байланысты көптеген кітаптың авторы Болат Бопайұлы, Дариға Алтай, отбасы және балалар психологы, тәжірибелі психотерапевт Сәлима Сатылғанқызы, «Анаға құрмет» мұражайының басшысы Аршагүл Тойбаева қазылық етті.

«Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының же­текшісі Толқын Сәметова осындай игі іс-шараның кең көлемде өткізіліп жатқанына ризашылы­ғын айтып, «Жаһандану ғасырында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңа заманмен сәйкестендіріп, түпкі мағынасын жоғалт­пай, жаңашалап, жаңа дем беруіміз керек. Бүгінгі іс-шара да осындай мақсатпен ұйымдастырылған болатын. Біздің ойымызша, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде жиі өтіп тұрса игі» деп атап өтті. Сонымен бірге осы шараны өт­кі­зуге атсалысқан аудан басшылығы мен мектеп-гимназияның ұжымына алғыс білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша Алматы облысынан Алтынай Ходжаева, Аяужан Садуақасова, Жамбыл ауданынан Қымбат Сламбай, Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан Нүрия Саназарова, Қарағанды облысынан Анара Ахметова, Ақтөбе қаласынан Фариза Төлебаева, Қызылорда облысынан Перизат Бакирова, Жаңақорған ауданынан Рауан Қалманова «Іскер келін», «Ибалы келін», «Ақын келін», «Тәлімгер келін», «Қонақжай келін», «Аяулы келін», «Бесаспап шебер келін», «Өнерпаз келін» номинацияларында жеңімпаз атанып, алды 7 бала тәрбиелеп отырған аналар бағалы сыйлықтарға ие болды.

  

АЛМАТЫ