Құлдыраған индекстер қатарында Dow Jones Industrial Average өнеркәсіп индексі де бар. Ол 16,1 пайызға төмендеген. Ал Германияның қор индексі DAX бірден 20,9 пайызын жоғалтқан.
Ranking сарапшыларының жазуынша, аталған индекске экономиканың әр саласында жұмыс істейтін әлемдегі аса ірі жүздеген компанияның акциялары енеді. Негізінен, бірінші жартыжылдықта Норвегия тәуелсіз қорының шығыны 174 млрд долларды құраған. Ал Швейцария ұлттық банкі 100 млрд долларлық шығынға батқан. Норвегия қорының активі жыл басынан бері 5,5 пайызға азайыпты. Бұл қордың қаржысы шетелдік акцияларға, облигацияларға, жылжымайтын мүлік пен баламалы энергия көздеріне байланысты жобаларға салынған. Euronews.com дерегі бойынша, әлемге әйгілі қордың басшысы Николай Танген Норвегия парламентінің отырысында сөйлеген сөзінде соңғы 30 жыл көлеміндегі аса күрделі өзгерістермен бетпе-бет келіп отырғандарын атап өтіп, активтердің 40 пайызына дейінгі деңгейде жоғалту болуы мүмкін екенін ескерткен.
«Егер ұзақ мерзімді динамикаға қарайтын болсақ, дәл осы Норвегия тәуелсіз қоры әлемдегі ең табысты қорлардың бірегейі болып саналады. Табыс үлкен тәуекелдермен келеді. Өйткені нарық заңдары ережелерді белгілейді: тәуекел жоғары болған сайын, кіріс те соншалықты көп болады. Норвегия қоры қор нарығындағы түзету кезеңдерінде ең үлкен шығынға ұшырады. Дегенмен дамыған елдердегі халықтың, оның ішінде Норвегия халқының да қаржылық тұрғыдан жоғары деңгейлі сауатты болуына орай азаматтардың көбі қор нарығында өздері де белсенді инвестиция жасайды және оның қандай ережемен жұмыс істейтінін жақсы түсінеді. Мұндай елдерде тәуекелге деген үлкен деңгейде төзімділік қалыптасқан. Бұл басқарушы ұлттық қорларға қиын кезеңдерден аман-есен өтуге, қоғамдық қысымды анау айтарлықтай сезінбеуге көмек береді», деп жазады Ranking.
Дәл осындай Ұлттық қор бізде де бар. Қордың әуелгі түпкі мақсаты – келешек ұрпақтың қажетіне жарайтын қаражат жинау. Алайда ел басынан өтіп жатқан түрлі экономикалық-әлеуметтік қиындықтарға байланысты соңғы жылдары Үкіметке трансферт жиі жасалатын болды. Бұл өз кезегінде қоғам тарапынан да, сарапшылар тарапынан да қатаң сынға ұшырап жатыр.
Тамыз айының қорытындысы бойынша біздің Ұлттық қордың да инвестициялық табысы (басқа елдердегідей) көңіл қуантарлықтай болған жоқ. Ұлттық қор активі бір айда 1 пайызға артты, бірақ жыл басынан бері 2,7 пайызға төмендеу байқалады.
«Мұндай көрсеткіштердің қалыптасатыны белгілі болып еді. Өткен айдың қорытындысы бойынша акция және облигация нарығының төмендеуі капиталдың ақша нарығының құралдарына жаһандық кетуімен байланысты. Бұл әлемнің жетекші орталық банктері жүргізіп жатқан ақша-несие саясатын қатаңдатуы аясында болды. Осылайша, экономикалық немесе геосаяси тәуекелдерді іске асыру аясында белгілі бір кезеңдерде әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа және соның салдарынан қаржы құралдарының баға белгілеулерінің төмендеуіне байланысты кірістілік теріс немесе күтілетін оң мәндерден төмен болуы мүмкін. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі қызмет ету кезеңіндегі жылдық мәнде 3,05 пайызды құрайды», дейді сарапшылар.
Айта кету қажет, Ұлттық қордың басқару стратегиясы – ұзақ мерзімді. 2021 жылдың соңында Ұлттық қордағы валюталық актив кірістілігі соңғы бес жылдағы жылдық мәнде – 4,76 пайызды, соңғы 10 жылда – 2,74 пайызды, құрылғаннан бері 3,72 пайызды құрады. Сонымен қатар 2021 жылдың нәтижесі бойынша кірістілік деңгейі – 4,21 пайыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Ұлттық қордың активтері рұқсат етілген және сыртқы қаржы нарықтарында айналыстағы тізбеге енгізілген қаржы құралдарына орналастырылады.
Ұлттық қор құрылымында тұрақтандырушы және жинақтаушы портфель бар. Ұлттық қордың тұрақтандырушы активі негізінен қысқа мерзімді, сенімділігі жоғары, дамыған елдердің тұрақты табысқа ие мемлекеттік бағалы қағаздарына салынады. Ал жинақтаушы портфель актив, нарық және валютаның класы бойынша әртараптандырылған. Ол дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарынан, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялардан, дамыған елдердің компанияларының акцияларынан және алтын портфелінен тұрады.