Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Сауд Арабиясы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Уалид бен Абдул Карим Әл-Хариджи және Мемлекеттік ауылшаруашылық ұйымының басшысы Халид бен Мұхаммад Әл-Фахидпен кездесті.
Сұхбаттасушылар екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағын, оның ішінде сауда және инвестиция, энергетика және ауылшаруашылық салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
ҚР СІМ басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өте жоғары деңгейде екендігін, бұған екі мемлекет басшыларының арасында орнаған мықты достық және сенімге негізделген қатынастар себеп екенін атап өтті.
Е.Ыдырысов сұхбаттасушыларды Қазақстанның уран өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылығын ескере отырып, атом энергетикасы саласында ықпалдасуға шақырды. Сонымен қатар, ол араб тарапын қазақстандық бидайды сатып алу мүмкіндігін қарастыруға және еліміздің инновациялық жобаларына қатысуға шақырды.
Сауд Арабиясының өкілдері Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдете түсудің маңыздылығын алға тартып, ауылшаруашылық саласындағы қатынастарға үлкен қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында Е.Ыдырысов араб меймандарына Сауд Арабиясы Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын қолдағаны үшін, еліміздің бас қаласы – Астананың көркеюіне қосқан зор үлесі үшін алғысын білдіріп, бауырлас елдің халқына одан әрі гүлдену мен әл-ауқаттылық тіледі.
«Егемен-ақпарат».