Аймақтар • 01 Қараша, 2022

Көпбалалы отбасылардың қоныс тойы

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қайта жаңғырған Республика күніне орай Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасыларға жаңа үйлердің кілттері табысталды. Қуанышты іс-шара облыстың үш ауданында өтті. Атап айтсақ, Глубокое, Тарбағатай және Ұлан аудандарының көпбалалы отбасыларға жаңа үйдің кілттері табысталды.

Көпбалалы отбасылардың қоныс тойы

«Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында салынған жаңа тұрғын үйлерге қол жеткізу көпбалалы отбасылар үшін көптен күткен сәт еді. Мәселен, осы бағдарлама бойынша Глубокое ауданында 10 отбасы, Тарбағатай ауданында 6 отбасы, Ұлан ауданына қарасты Герасимовка ауылында 12 отбасы және Сағыр ауылында 6 отбасына пәтер кілті табысталды.

– Бізге бүгін баспаналы болу бақыты бұйырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үйлі болып жатқан жайымыз бар. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деуші еді ғой. Бұйырса, үйлі, күйлі күн­дерге қадам бастық. Біз ел игілігі үшін жұмыс істей­тін бар­лық қызметкерлерге және осы үй­лердің құрылысын жүргізген құры­лысшыларға алғысымызды біл­діреміз. Баршаңызға аман­дық, балаларыңызға жарқын болашақ тілеймін! – деп жүрек­жарды лебізін білдірді Глубокое ауданының тұрғыны Меруерт Мах­тиева.

Глубокое ауданының әкімдігінде атап өткендей, Глубокое кентінде 2021 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 20 жаңа отбасы қоныстанған. Ал 2022 жылы тағы 10 жаңа үй салынды. Бұл жақсы көрсеткіш деуге негіз бар. Үйлердің сапасы да көптің көңілінен шығып жатыр.

Ұлан ауданында да екінші жыл қатарынан «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сағыр ауылының тұрғыны Күлпаш Дәлелдің айтуынша, Республика күні мерекесінің маңызы үй алған отбасылары үшін екі есе артады.

– Мерекелік шараға өте қуаныштымыз. Енді жыл сайын Республика күні үйлі болдық деп тойлатып жататын шығармыз, – дейді Ұлан ауданының тұрғыны Күлпаш Дәлел.

Сонымен қатар бұл күндері облыстың бірқатар ауданында жаңа әлеуметтік нысандар ашылды. Зайсан ауданында аудандық мешіт жанындағы жаңа Мәдениет үйі мен медресе мекемесінің салтанатты ашылуы өтті. Шемонаиха ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің лентасы қиылды. Кешеннің ашылуын асыға күткен жастар Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асып жатқанын айтып, ризашылығын білдірді.

– Аудан жастарына бос уақытын тиімді өткізетін орын өте керек еді. Бұл туралы бұрын да айтылған. Тегі, тұрғындардың ұсынысы құзырлы органдарға жетті ме, әйтеуір тез арада дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Алғыс айтамыз, – деді Шемонаиха ауданының тұрғыны Екатерина Бейсембаева.

Мереке күндері Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйлермен қатар, оннан астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

П

 

Шығыс Қазақстан облысы