Спорт • 01 Қараша, 2022

Алғашқы кезеңде күміс алды

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Канаданың Монреаль қаласында ұйым­дастырылған шорт-тректен биылғы Әлем кубогінің алғашқы кезеңі мәре­сіне жетті. Командалық эстафетада финалға шыққан Қазақстан ерлер құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Алғашқы кезеңде күміс алды

 

Бес мың метр қашықтыққа жарысуда Қазақстан құрамасының шорт-трекшілері биыл Бейжіңде өткен қысқы Олимпия ойын­дарының жеңімпазы мен жүлдегерлері – Канада (Олимпиада чемпионы), Корея (күміс) және Италия (қола жүлдегер) спортшыларымен сайысқа түсті. Үздіктермен бір деңгейде өнер көрсеткен жерлестеріміз мәре сызығын екінші болып қиып, Әлем кубогінің күміс жүлдегері атанды (7:07.972). Бас жүлдені Корея құрамасы жеңіп алды. Олардың уақыт көрсеткіші – 7:01.850. Қола жүде Канада спортшыларына бұйырды. Ал Қазақстан мен Канада спортшыларына қарсы ойын ережесін бұзғаны үшін Италия құрамасы жарыстан шеттетілді.

Айта кетейік, шорт-тректен алғашқы Әлем ку­богінде Қазақстан құрамасы сапынан Абзал Әжғалиев, Нұртілек Қажығали, Әділ Ға­лиахметов пен Денис Никиша өнер көрсетті. Әлем кубогінің екінші кезеңі 4-6 қараша күндері АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қала­сында өтеді.