Қоғам • 01 Қараша, 2022

«Ң»-ға тілі келмейді...

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таңмен бірге оянып, күн сайын Қазақ радиосының хабарларын тыңдаушылардың қатарында бармыз. Таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап эфирге шығатын, үш сағаттық, Дина Орынтай мен Мұхтар Тұртай жүргізетін «Қайырлы таң, Қазақстан!» бағдарламасы өз тыңдаушыларын баурап алады. Ара-арасында берілетін жарнамаларға да осы күндері көпшіліктің бойы үйренгендей. Алайда біздің айтпағымыз ол емес, басқа нәрсе.

«Ң»-ға тілі келмейді...

Әдеттегідей, ертемен жоғарыда атап өткен бағдарламаны тыңдап отырғанбыз. Кезек жарнамаға берілді. «Не естідіңіз?» дейсіз ғой. «Естіген құлақта жазық жоқ». Айтайық. «Жана женістерге – жана көлікпен». Шамасы, қалталы компания өз өнімін тұтынушыларға жарнамалап жатса керек. Ішімізден «ң» әрпіне тілі келмейтін жанды қайдан тауып алды екен?» деп ойладық. Шүкір, іздеген адамға «ң»-ға тілі келетіндер баршылық қой.

Ал мынаған не дейсіз? Қазақ радиосының тілшісіне, құқық қорғау саласының қызметкері болу керек, сұхбаты барысында «Үш мындай борышкер өз қарыздарын өтей алмауда» деп жауап берді. Тағы да проблема болып тұрған сол «ң» әрпі.

Мұны неге қайта-қайта айтып отырмыз? Тіл саласында ұсақ-түйек деген болмайды. Әсіресе «ң», «ү», «ұ», «ы», «і», «ө» әріптерін сынын бұзбай, тіл нормаларына сай айту керек. Бұл – ақылсынғандық емес, ана тіліміздің баршаға ортақ талабын еске салу.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

тіл жанашыры, зейнеткер

 

Түркістан облысы