Өнер • 01 Қараша, 2022

Бұлбұлды өлтірген кім?

252 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Күләшпен кездесу – әнмен кездесу еді» депті қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова жайлы толғанғанда композитор Латиф Хамиди. Олай деуіне себеп те, дәлел де мол. Өйткені әншінің бойындағы саф алтындай жарқыраған тума талант қай кезде де оның даралығын танытып тұратын. Күләштің әнін бір тыңдаған жан балға арбалған арадай үн құдіретіне мас болып, әншіні қайта-қайта тыңдауға бейілді еді. Ал талайды тамсандырған сол дауыс оқу-тоқусыз, табиғаттың өзімен әнші бойына дарыған айрықша дарын екенін білген музыка мамандары сол кездің өзінде-ақ әншінің көмейіне ұя салған көркем үнді құбылысқа балайтын. Әйтпесе театрға алғаш жұмысқа қабылданған жылы операның не екенін білмеген жанның арада жылға жуық уақыт өтпей сахнаның нағыз бұлбұлына айналғаны құбылыс емей немене?!

Бұлбұлды өлтірген кім?

Күләш Байсейітованың әнші ретіндегі жұлдызының жанып, даңқ шыңына шығуына 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде сомдаған Қыз Жібек бейнесінің орны ерек.

Әншінің өнеріне тәнті болған композитор Латиф Хамиди Кү­ләш Байсейітоваға арнап әйгілі «Бұлбұл» әнін шығарды. Бұл тарихи сәт туралы сазгер, өнер зерт­теушісі Ілия Жақановтың «Бұл­бұл» атты эссесінде бүге-шігесіне дейін байыпты баяндалады:

«Бір күн, екі күн... үш күн... тек дағдара береді. Бір нота... бір дыбыс елең еткізбеді. Бір шүйілсе, таң не, түсің не... кешің не... Латиф мезгілдің қалай өтіп жатқанын... бәр-бәрін ұмытатын-ды. Онда сабыр жоқ, енді клавиштер құр сылдырайды әншейін. Алдындағы нота қағазы тап-таза күйінде, орнынан сүлесоқ болып тұрады, аядай тар бөлмені кезеді де жүреді. Көз алдында «Бұлбұл!» деген Күләш қана!». Әншіге деген осы бір шек­сіз құрмет дами, оқиғаға желісі өрістей келе: «Күләштің ашық әрі нәзік иірімді өткір үні көрпесін серпіп тастап, шыңға өрлеп, тіпті жүрек тітіретіп әрі тәтті әуезбен тамсандыра сыр төкті. Бір бұла сезім бұрқ ете түсті. Бар болғаны қас-қағым сәт! Латиф іштей бу­лықты. Нәрестедей күлімсіреп: – Бұлбұл! – деді қобалжып».

Терең тебіреністен туған осы бір тамаша туынды – «Бұлбұл» мен халқының шексіз махаббаты ұлы әншіні «Қазақтың бұлбұлы» атандырған еді сөйтіп.

Бірақ... Бірақ, өкініштісі сол – елінің ықыласына бөленіп, әсем әнімен жүректерге сәуле шашып, жан жадыратып жүрген даңқ шыңындағы дара әншінің басына бір-ақ сәтте қара бұлт үйірілді. Ол астыртын жетіп, әнші әлемін астан-кестең етіп кеткен «алтаудың арызы» еді. 1957 жылы көктемде Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрімен бірге Қытай елінде өтетін өнер сапа­рына ерекше құлшыныспен қызу дайындалып жатқан әншінің қуанышын қызғаныштан көзі байланып, даңқын көре алмаған күншіл топтың домалақ арызы бір-ақ сәтте быт-шытын шығарды. Сол сәтті әншінің жары Қанабек Байсейітов былай еске алады:

«Күләш бір күні үйге көңілсіз келді. Әншейін жаралы аңдай сүйретіліп есіктен әрең кірді.

– Кана, құрыдым, я погибла, – деді.

– Не болып қалды?

– Қытайға бармайтын болдым, үстімнен арыз түсіпті. Алты адам қол қойған екен. «Арақ ішеді, гуляет» депті. Мұндай масқараны көргенше, өлгенім жақсы, ой, Кана...».

Осыдан кейін әнші оңалмады. Күн санап өзін іштей мүжіп, күйрей берді. Арада бірнеше ай өткен соң көңілін сейілтпек болып ең алғаш өзін даңқ шыңына шығарған Мәскеуге татарлардың онкүндігінде ойналып жатқан «Алтыншаш» операсын көру үшін арнайы келеді. Бірақ бұл сапардың әнші үшін соңғы сапар болатынын ол кезде ешкім білмеді. Оны әншінің өзі де сезбеген шығар, әлде сезді ме екен?.. Қойылымнан шығып, өзі тоқтаған «Пекин» қонақүйіндегі бөлмесіне демалуға келген әншінің демі мәңгілікке үзіліпті.

«...Ваннаның қасына жетіп, жақтауына сүйенген күйі отыр дейді. Құламапты, тірі адамдай сүйенген күйі отыр екен. Отырған қалпы мәңгі ұйықтап кетіпті. Жүрек шіркін шыдамапты. Талай бақытты сәтті бастан кешкенде жарылмаған жүрек өстіп ойда-жоқта жарылып кетіпті...».

Қанабек Байсейітовтің асыл жары туралы жазған бұл мұңлы естелігін жыламай оқу мүмкін емес. Ал Ілия Жақановтың жазбасында сол бір қасіретті күн былайша суреттеледі:

«...Қатыгез тағдыр... Оның төтенше қасіреті бар. Бір күндері бұлбұлша сайрап жүрген Күләш дүние салды. Көңіліне еш жұбаныш таппай мұң шеккен Қанабекке Мұхтар мен Латиф басу айтумен болды.

– Шерлі болып қалдым, Мұқа! Күләшімнен айырылдым!

Бұлбұлым жоқ енді... жоқ, Латеке!

– Ой, жалған-ай, бұлбұл өле ме екен?! Күләштай бұлбұл өл­ген жоқ! – деді сонда жасын тежеген ұлы Мұхтар, дей келе тра­гедияға толы толғанысты әрі қарай жалғаған сазгер: «Қалай шыдасын Күләштің нәп-нәзік жүрегі! Күншілдік пен пендешілікті көтеретін жүрек пе еді ол? Ән үшін жаралған жүрек еді ғой! Соны қалай тоқтатып алдық... қалай?» деп сан сұрақтың шырмауын­да қалған оқырманымен қосыла өзі де егіледі. Бұлбұлдың әніндей сыңғырлап өткен ән-ғұмырды шорт үзген, сұлулық пен сыршылдыққа толы жүректі кілт тоқтатып тынған қатыгез қоғамға, нәзіктік дегенді түсінбейтін қара­байыр тобырға лағынет айтады. «Бұлбұлда» суреттелетіндей, әнші Кү­ләштің тағдыры да айна-қатесіз дәл осылай аяқталған еді... Трагедиялы тағдыр...

...Ал домалақ арызды жоғарыға домалатқан алтау сол сәтте, күллі қазақ бұлбұлын жоқтап, егілгенде өздерін қалай сезінді екен? Өкінді ме?.. Әй, бірақ, жанында жүріп, сыйласқан асыл әріптесіне тасада тұрып оқ атқызған қызғаныштың қызыл оты оған мұрсат бермеген де болар...

Қалай десек те, бәріне уақыт – емші, тәңір – төреші. Алайда уақыт ағзам алақанына жазылған ол ақтаңдақ өшкен жоқ. Уақыты келгенде ащы ақиқат жарыққа да шығар... Сонда бұлбұлын өлтірген «алтауды» ұрпағы кешіре ме?..