Тарих • 01 Қараша, 2022

Мұстафа Шоқайдың Гүржістандағы күндері

11054 рет көрсетілді

Өжет мінезі мен қайратын, биік талабы мен тағдыр-талайын халқының азаттығы мен теңдігі жолына арнаған Алаш ардақтыларының бірі Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) қилы да қиын өмірінің бір белесі Гүржістанда (Грузия)өткені белгілі. Түркістан тәуелсіздігі үшін күресін жалғастыру үшін Мұстафа Шоқайдың Кавказды таңдап алуы кездейсоқ емес еді.

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

1917 жылы Ақпан төңкерісінің нәти­жесі патшалық Ресей бодандығындағы халықтарға үміт ұялатып, социал-демо­кратиялық идеялармен қанаттанған ұлт зиялылары азаттыққа қол жеткізуге ұм­тылды. Алайда Алашорда, Түркістан мұх­тарияты, Кавказ елдері мен Украи­надағы тұңғыш демократиялық респуб­ликалар тәуелсіздік туын ұзақ желбірете алмағаны аян.

Тәуелсіз Түркістан идеясын өмір­лік мұратына айналдырған, Алашорда үкі­метінің мүшесі, Түркістан мұхта­риятының сыртқы істер министрі, кейін үкімет басшысы болған М.Шоқай­дың саяси күресі жергілікті халықтың өз тағдырына қатысты мәселелерді шешуге, басқару органдарына сайлауға қа­ты­су құқын қамтамасыз етуге, әлеуметтік және экономикалық қаналуына жол бермеуге арналды.

Қоқанда құрылған Түркістан мұхта­риятының үкіметі үш айдан соң күшпен жаншылған соң Мұстафа Шоқай Таш­кенде жасырынып, кейін 1919 жылдың көктемінде қазақ даласы арқылы Бакуге жетіп, одан Тбилисиге табан тіреді. Мұн­да грузин, украин және Солтүстік Кав­каз халықтары демократиялық күш­терімен бірлікте М.Шоқай Түркістан азат­тығы үшін күресті жалғастырды. 1921 жылғы 26 ақпанда Тбилисиге ке­ңес әскері басып кірген соң ол жұбайы Мария Горинамен бірге Батуми арқылы Түркияға өткен. Кейін осы Мария Гори­на Алаш ардақтысының хаттары мен қолжазбаларын елге жеткізіп, Мұс­тафа Шоқайдың атын арашалауға үлкен септігін тигізген.

Грузиядағы дипломатиялық жұмы­сымның шеңберінде ол елдің Ұлттық мұрағатында Мұстафа Шоқайдың 1919-1921 жылдары Тбилисиде тұрған кезеңіне қатысты деректерді іздестіруге рұқсат алғанымда, қатты қуандым. Бір ғасыр бұрын Мұстафа Шоқай гүржі жеріне құқығы тапталған халқының теңдігін алу жолындағы күресін жалғастыруға келген болса, өзімнің тәуелсіз Қазақстан­ның өкілі екендігіме айрықша толқы­дым. Тбилисидегі Ұлттық мұрағатта М.Шоқайдың 1919-1921 жылдардағы мер­зімді баспасөз бетінде жарияланған мақа­лалары табылды.

Түркістан азаттығы жолында Мұстафа Шоқайдың Кавказды, Әзер­байжан мен Грузияны алдыңғы шеп ретінде таңдауы кездейсоқ емес еді. 1917-1921 жылдары Солтүстік және Оңтүс­тік Кавказ халықтары ұлт-азаттық жо­лындағы күресін жалғастырып, үл­кен нәтижеге қол жеткізді де. 1917 жыл­дың наурыз айында Украина Халық Рес­пуб­ликасы, 22 сәуірде Закавказье Феде­ративтік Республикасы, 20 қарашада Солтүстік Кавказ Уақытша үкіметі, 23 қа­рашада Уфада «Идель-Урал» мұсыл­ман автономиясы, 26 желтоқсанда Қы­рым-түрік республикасы құрылады.

Бір жылдан соң Закавказье Феде­ра­тивтік Республикасы ыдырап, 1918 жылғы 26 мамырда құрылған Тұңғыш Грузия демократиялық республикасын Германия, Ұлыбритания, Италия, Франция, Бельгия, Түркия, Аустрия, Чехославакия, Польша, Аргентина, Жапония, Бельгия, тіптен Ресей де мо­йындап үлгерді. Сол кездегі Тифлис те, он­дағы баспасөз де қайнаған саяси өмір­дің айнасы еді: сары газеттердің бет­тері геосаяси ахуал, еуропалық үл­кен­­ді-кішілі мемлекеттердің сыртқы сая­­­саты, жаңа республикаларға қатысты ұста­нымдары туралы ақпаратқа толы.

Тарих толқынындағы осы күрделі кезеңде Мұстафа Шоқай Тифлистегі демократиялық күштермен байланысын нығайтып, саяси күрескерлік­пен қатар, жалынды публицистикалық жұмыс атқарды. Ол 1919 жылы Грузия топырағына Түркістан Құрылтай жи­на­лысын шақыру жөніндегі коми­тет­тің төрағасы ретінде келді. Мұн­да М.Шоқай еркіндік сүйгіш, демо­кра­тиялық мұраттарға талпынған Кавказ жерінде көптеген ниеттестерін тапты. Тұңғыш Грузин Демократия­лық Рес­публикасының, сол жылдарда Тби­лисиде орналасқан Солтүстік Кав­каз ұйым­дары жетекшілерімен, атап айт­­қанда, Ной Жордания мен Ной Рамиш­вили, Евгений Гегечкори, Илья Зурабишвили, Ахмед Цаликов сынды саясаткерлермен тығыз байланыс орнатады. Батыс және Шығыс мәдениетімен тел сусындаған грузин халқы, ұлттық рухы әркез биік Гүржістан жері Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының азаттығы жолындағы күресіне жаңа дем береді.

1919-1920 жылдары Мұстафа Шоқай Тбилисиде «Ерікті одақ» баспасынын «На рубеже» журналын шығаруды қол­ға алады. Журналдың 6 саны жарық көрген, ал ұлттық архивте 6-номері ғана сақталған. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай тау халықтарының (Дағыстан) азаттығы жолында күрескен Солтүстік Кавказ халықтарының революциялық демократиясының органы «Вольный Горец» және «Борьба» газеттерінде «ба­кулік тілші Мұзаффар Жанаев» деген бүркеншік атпен Түркістаннан алынған деректер негізінде қазақ даласындағы қиын жағдай мен әділетсіздік туралы мақалаларын тұрақты жариялап тұрған.

Мұстафа Шоқайдың бірқатар мақа­ласы, атап айтқанда, «Вольный Горец» газетінің бірнеше номерінде басылған «Шығыс проблемалары» (Кеңес өкіметі мен қырғыздар) атты мақалалар сериясы «Қыпшақ-оглы» бүркеншік атымен жазылған. Мұстафа Шоқай Қыпшақ тайпасының Бошай бөлімінен тарайтын Жанайға жатады деген дерекке сүйенсек, Мұзаффар Жанаев және Қып­шақ-ұлы бүркеншік аттарымен қазақ халқының азаттық таңын аңсаған мақалалардың Мұстафа Шоқайдың қаламынан туындағаны шүбәсіз.

Сонымен қатар 1921 жылғы 26 қаң­тарда Антанта мемлекеттерінің үкі­мет басшылары отырысында Грузия тәуел­сіздігін де-юре мойындау рәсімі өтті. 1921 жылғы 21 ақпанда грузин парламенті демократиялық қағидаттарға негізделген елдің алғашқы конституциясын қабылдағанмен, небәрі 4 күннен соң, яғни 1921 жылғы 25 ақпанда кеңес әскері Тбилисиге басып кірген еді. Сондай-ақ 1991 жылы тәуелсіздік алған тұста Грузия парламенті 26 мамырда қабылдаған алғашқы актін Тәуелсіздікті қалпына келтіру туралы қаулысы деп жариялады. Осылайша 2018 жылы 26 мамырда Грузия тәуелсіздігінің 100 жылдық салтанатына тәуелсіз Қазақ­станның дип­ломатиялық өкілі ретінде қатысып, сол та­рихи күндердегі бүкіл­халықтық шат­тық сезіміне куә болу айрықша бақыт еді.

Біртуар күрескер, көрнекті ғалым Мұстафа Шоқай отаршылдыққа, бір ұлт­тың басқа бір ұлтқа үстемдік құруына қарсы тұрды. Түркі халықтарының бір­лігі олардың еркін дамуының алғы­шарты деп түсінген гуманистің бар­лық түркітілдес халықтардың ынты­мақтастығын нығайту идеясы бүгінде Түркітілдес мемлекеттер одағы аясында табысты жүзеге асырылып отыр.

Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін Алаш ардақтыларымен үзеңгілес бо­ла отырып, Кеңес өкіметін соңғы де­міне дейін мойындамаған Мұстафа Шоқай кейін Париждегі грузин мұға­жырларымен бірге кеңестің озбыр сая­сатына қарсы күресін тоқтатпады. Мұстафа Шоқайдың ұлт тәуелсіздігі мен ұлт рухы туралы ойлары бүгін де өзекті. Ол «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлт­тық рухтың нәтижесi» деген еді.

«Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруі тиіс» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы бұл мақалада ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бү­гінгі және болашақ ұрпақтардың жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек екен­дігі туралы қалам тербейді.

Мұстафа Шоқай мақалаларын­да Түр­кістан мұсылмандарының ар-ож­да­ны мен құқығының қорғалуына басты ­назар аударады. «На рубеже» журналы­ның 1920 жылғы 15 қаңтардағы №6 ­санында М.Шоқайдың «Сәлде оранған коммунизм» («Коммунизм в чалме») атты мақаласы жарияланған. Бұл мақала­ның басты мақсаты түркістандықтар­дың құқықсыз, қаналған жағдайын әшкере­леп, жергілікті халықтың құқын қорғау еді. Мақаланы автордың «Түркістанда­ғы жергілікті жұрт қанша төзімді немесе енжар болғанымен, олар өздерінің құқықсыз жағдайларына ұзақ көне алмады» деп бастауы оның шебер қалам саптауын көрсетеді.

Ол Түркістан өңірін Ресей тарапы­ның геосаяси мүдделерін ілгерілету үшін белсенді пайдалануға қызығушылығын атап көрсетеді. Мұсылмандық Шы­ғыс­қа бет бұрған Кеңес өкіметі үшін Түркіс­танның аса маңызды болып отырғаны айтылады. Шығысқа «жол ашатын кілт», «түркі халықтарының бесігі» Түркістанда, Ұлыбритания импе­риализмінің осал жері болып табылатын Ұлы Моғолдар елі Үндістанға апарар жолда орналасқан өңірде «Ресей коммунистерінің Шығыс Азаттық революциясы отын жағуды ойға алғаны» сынға алынады.

Алайда Түркістан азаттығы үшін күрескер М.Шоқай аталған мақа­лада түркістандық мұсылмандар демокра­тия­лық топтарының түсінігінде ұлттық азат­тыққа жол біреуге қарсы діни қастықты ояту арқылы емес, революция әкелген жетістіктер шеңберінде, Түркістан ха­лық­тарының тең құқылы, бауырластық қатар өмір сүруін орнату, демократия­шыл Ресеймен және көршілес жаңа құрыл­ған мемлекеттермен еркін одақта болуға ұмтылысы деп түсінетінін атап айтады.

Сонымен қатар бұл мақалада автор­­дың Түркістандағы тап саясатына деген көзқарасы анық көрінеді. Сұңғыла саясаткер большевиктердің Түркістан­дағы мұсылмандарға ұлттық азаттық қажет екенін түсінгендігін жазады. Ол «Әлеуметтік-экономика­лық және мәдени жағдайы бойынша Түркістан тұрғындары, сондай-ақ бүкіл мұсылмандық Шығыс үшін таптық күрес жолы, тапты азат ету жолындағы күрес әзірге қолдануға жа­рамсыз, өйткені мұнда белгілі бір тап емес, жалпы халық қаналып отыр. Осыны түсінген түркістандық большевиктер өздерінің қатерлі ерекшеліктеріне сай, екінші бір шекке ұрынып отыр: ұлт азаттық идеясын олар діни фанатизмнің қызыл сәлдесімен әшекейлеп, ақылға сыймайтын заттар туралы айтуда», деп атап көрсетеді.

«На рубеже» басылымының №1-2 сан­дарында М.Шоқайдың «Түркістан және революция» атты, ал №5 санында «Нағыз күн қашан келер екен?» атты мақалалары жарияланыпты. Өкінішке қарай, газеттің бұл сандары сақталмаған.

«Вольный горец» газетінің 1920 жыл­ғы 16 ақпандағы №30 санындағы «Шеттегі коммунистердің саясаты» атты мақалаға да Түркістан мұсылмандарына жалпы дауыс беру құқығының әлі де берілмей отырғаны сыналады. Кеңес съездерінде жергілікті халық пен келім­сектер арасында тең өкілеттіліктің сақ­талмауы, яғни Түркістан халқының 95 пайызын құрайтын бұратана халық­тың барлық съездерде тек 20-25 делегат мандаттарына ие болып отырғаны айтылады. Осы ретте Мәскеуден Ташкент­ке қызыл жалаумен көмкеріліп, жасыл жар­ты ай суреттері салынған пойыз­дар­мен насихатшылардың көптеп ке­луі, панисламдық ұрандар айтылып, мұсылмандық «байрамдарды» сал­та­натты тойлай отырып, сол мезетте мұсыл­мандардың өз елін басқаруға қатысуы мәселесі көтеріле қалса, түркіс­тандық большевиктердің революция туының «тазалығын» қорғаушы бола қалатыны әжуа етіледі.

Аталған мақаланы сол кездегі мұ­сыл­­мандардың саясаты мен жағдайын зерделеген бірден-бір тарихи жәдігер, сауатты есеп деп бағалауға болады. Мақаладан мұсылмандардың қызыл әскер қатарына көптеп ене отырып, билік органдарында тиісті өкілеттік­тің берілуін талап еткенін көреміз. Мұ­сыл­мандардың контрреволюционер емес екендігі мәскеулік және Түркістан коммунистеріне белгілі, алайда, таш­кендік коммунистердің айтуынша, олар «мемлекеттік істерді жүргізуге әлі дайын емес, сондықтан да Түркістанда «мемлекеттік істермен» айналысып жүр­ген рязандық және нижегородтық мұжықтардан үйренуі керек. Осының бос сандырақ екенін орталықтың барынша салауатты коммунистері түсі­ніп, орындарын босатуды талап еткені­мен, олар «біз не үшін қан төктік» деп, биліктен бас тартқысы келмейді» деген жолдар сол кездегі жағдаяттан көп сыр шертеді.

Сол жылдарда Мұстафа Шоқайдың жүрегі дала қасіретіне қарс айырылып, жергілікті басылымда бірнеше мақала жариялаған. Тбилиси архивіндегі сар­ғай­ған газет беттері қазақ даласының қасі­ретін сақтап отыр. «Вольный Го­рец» газетінің 1920 жылғы 8 наурыз­дағы №33 санында «Дала қасіреті» (қыр­ғыз­дың хаты), яғни «Горе степи» (письмо кир­гиза) атты мақала бар. Мақа­лаға түсініктеме ретінде «тілшіміз Жа­наев қазақ даласының зиялы өкілі­нен ана тілінде хат алғаны, онда кеңес өкі­меті басқаруындағы Ресейдің шетін­де ор­наласқан халықтардың көңіл-күйі сипат­тал­ған соң, хаттың толық басылғаны» айтылған.

Революция «жетістіктері» кесірі­нен жыл санап халі мүшкілденіп, мүд­делері жаншылған, күнкөріс қамы әбден қиындаған халқының қасіретіне жүрегі қан жылаған Мұстафа Шоқай бұл жағдайдан шығу жолдарын іздеген. Осылайша елдегі жағдай туралы тұрақты түрде келіп отырған хаттар арқылы біліп отырғаны оның мұнда Түркістанның өкілі ретінде қызмет еткенінің дәлелі. Осы хабарламалардың негізінде ол Тби­лисиде жарық көретін басылымдарға мақалалар жазып, демократияшыл күш­тердің назарын аударуға тырысқан.

Хат жазушы «біздің еркін дала енді жолшыны қонақжай жылулықпен қар­сы алмайды, бұрынғы кеңшілік жоқ. Бар­лық жерде қирау мен өлімнің ізі жатыр» деп әңгімелейді. «Ақыр соңын­да рево­люцияның барлық мағынасы тек бір нәрсеге – тірі қалу, халықты аман сақтап қалу үшін күреске келіп тірелді» деген сөздерде ащы шындық сақталған. Революция жолында қазақ­тың жүздеген мың малы қырылғанымен қоймай, кең даланың «қаңырап бос қалғаны», Түркістандағы «социалис­тік революцияға» алым-салық тек жал­ғыз малмен төленбеді: дала қаңырап бос қалғаны...» туралы айтылады. Мақала авторы 1920 жылдың өзінде қазақ даласында адам шығыны жарты миллион­нан асып түсті деп күңіренеді.

Автор осынау халық басына үйіріл­­ген қайғы-қасіреттің себебі азаматтық со­­­ғыс емес, билік үшін күрес болып отыр­­ға­ны­на қатты ашынады. Ең сорақысы ­сол – адамдар азамат соғысы майда­нында өздеріне түсінікті идеялар үшін ­емес, адамгершіліктен ада, мағынасы ­жоқ, аштықпен революцияландыру сая­саты зұлымдығының нәтижесінде өліп жа­тыр деп жанұшырады. Мақалада мүмкін­дігі бар адамдардың қырғыз палестинасы болған Жиделі-Байсынға көшіп жатқа­ны, ресейлік қазақтардың (Сырдария облысы) Бұхара хандығы шегіне қоныс аударуы – Жетісу қазақтарының патша­лық Ресейден Қытайға 1916 жылғы «ұлы көшін» еске түсірген екен. Сонымен қатар қазақтардың бір бөлігінің қызыл әскер қатарына қару қолдануды үйрену үшін жазылып жатқаны айтылады.

Мұстафа Шоқайдың түрікшілдік пен исламшылдыққа қатысты көзқарасы да зерттеушілер үшін айтарлықтай қыз­ық­­ты. «Волный горец» газетінің 1920 жылғы 1 наурыздағы №32 санында ба­сылған «Орта Азиядағы «түрікшілдік пен исламшылдық» («Пантюркизм и панисламизм» в Средней Азии») атты концептуалды мақаласы назар аудартады. Мақалада «Осы жолдардың авторы өз халқының және елінің ұлт­тық өзін өзі таныту ісіне барынша қа­тыса отырып, ұлттық азаттыққа бар ықы­ласымен жаны ашып, тағдырдың тезіне сай империалистік есіркеушілердің теге­урінді уысына түсіп қалған барлық мұ­сылман халықтармен бірге өзін не панисламистерге де, не пан­түркистерге де жатқызбайды. Алайда бұл жағдаят оған жалпыға аян бұлжымайтын факт – мұсылман халықтарымен ішкі рухани байланыс туралы атап айтуға ешбір кедергі бола алмайды. Осы байланысты анық сезінген большевиктер билікті өз қолдарына алар кезде орыс жұ­мысшылары мен шаруаларына «бей­бітшілік пен нан» уәде еткенде, мұ­сыл­мандарға «Константинопольды түрік­­тердің қолында қалдырамыз» деп сендірді», деп жазады. М.Шоқай сарттар мен қазақтар арасында «түрік агенттері» тек пысық әкімшілік қызметкерлерінің ойларында ғана болды деп сендіреді.

Осылайша жастайынан сұңғыла болып өскен, саяси күресте мінезі әбден шыңдалған, өткір де терең сөзді мең­герген мұзбалақ қырандай Мұстафа Шоқайдың «өз бірлігін нығайта алған халық­тар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады» деген сөзі баршамызға өсиет етіп айтылғандай. Бұл – тәуелсіздіктің басты тағылымы.

 

Гүлмира СҰЛТАНӘЛІ,

дипломат, журналист

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар