Қазақстан • 01 Қараша, 2022

Бірлігі бекем бөлім

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен күнделікті қызметі материалдық-техникалық тұр­ғы­дан жан-жақты қамтамасыз етілуіне тығыз байланысты. Сол себепті Қарулы Күштердің бұл саласына ерекше назар аударылады. Алайда көптің көзінен таса бұл қызмет түрін қарапайым жұрт біле бермейді. Солардың бірі – елордадағы 83205 әскери бөлімі. Биыл күзде құрылғанына 30 жыл толған бөлімге Қорғаныс ми­нистр­лігі мен Қарулы Күштер Бас штабын қамтамасыз ету жүктелген.

Бірлігі бекем бөлім

Әскери бөлім 1992 жылы 21 қазанда Алматыда армия басқар­масына қызмет көрсететін дербес күзет батальонының базасында құрылған. Осы 30 жылдық тарихында бөлімге 12 командир басшылық жасаған екен. Бөлімнің тұңғыш командирі подполковник Сергей Арсютин, екінші командирі полковник Александр Суптеля, кейіннен әскери ұжымды полковник Еркен Әбдікерімов екі рет басқарған.

Әр жылдары бөлімді басқарған командирлердің бірқатары қазір құрметті демалыста. Полковниктер Руслан Мұздыбаев, Қайрат Бозтаев, Айдар Абдрахман, Еркін Алашбеков секілді офицерлер Қарулы Күштерде абыройлы қызмет атқарып жүр. Бүгінде әскери бөлімге подполков­ник Қуаныш Сейітбатқалов бас­шы­лық жасайды.

1999 жылы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштердің Бас штабы Алматы қаласынан Ақмолаға қоныс аударғанда 83205 әскери бөлімі де Арқа төсіне табан тіреді. Сол тұстағы бөлім командирі, капитан Еркен Әбдікерімов көшті бастап келеді. Бұл алматылықтарды жаңа астана жатсына қойған жоқ десек те, елордаға түпкілікті орнығу ұжымның кез келген мүшесінен табандылық пен жанқиярлықты талап еткен кез еді. Бөлімнің штаб бастығы подполковник Максим Каральный сол тұста мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаз болатын.

Елордаға алғашқылардың бірі болып келген подполковник М.Караль­ный: «1997 жылы мерзімді қызметім­ді өтеуге Павлодар қалалық әскери комиссариатынан шақырылдым. Бұл әскери бөлімге келіп түсуімнің тарихы қызық. 1992 жылы Мем­лекеттік қорғаныс комитеті құ­рыл­ған тұста немерелес бауырым Алексей Боряковті қалалық комисса­риат әскерге шақырып, қолына құжат­тарын ұстатып, Алматыға ұшақ­қа отырғызып жібереді. Аста­наға алғаш келген Алексей қолын­дағы бір жапырақ қағазға жазып алған мекенжай арқылы әскери бө­лімді тауып алады. Бақылау өткізу пунк­тіне келсе, кезекшілікте тұрған сар­баздар: «Бауырым, әскерде не жоғалттың, үйіңе қайт!» деп келеке етіп күліпті. Бұл Кеңес өкіметінің іргесі сөгілмей тұрғанда Одақтың әр тұсынан шақырылған сақа жігіт­тер екен. Алексейдің тәуелсіз Қазақ­стан әскеріндегі қызметі осылай бас­талған.

Кейін мені де әскерге шақырғанда комиссариаттағыларға 83205 әскери бөліміне жіберу туралы өтініш айттым. Сәйкестік шығар, сол жолы осы бөлімге команда жасақталып жатыр екен. Сөйтіп, араға 3 жыл салып, Алексей бауырым қызмет өткер­ген ұжымға келіп түстім», деп есіне алды.

Максим Витальевичтің тағды­рына әскери бөлімнің елордаға коныс аудару миссиясына қатысу жазылыпты. 1999 жылы алғашқылардың бірі болып, жаңа астанаға көшіп келген ол сол тұстағы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығы генерал-ма­йор Сәбит Тауланов­тың жүргізушісі болады. Мерзімді қызметі аяқталған соң ол әскери бөлімге Қарулы Күштердің қызмет­кері болып жұмысқа орналас­ты. 2001 жылы келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылды. 21 жылдық қызмет өтілінде сырттай оқып, жоғары білім алуға да үлгерді.

Әскери полиция жасағында, Гвар­дейск гарнизонында, Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқар­масында бірқатар қызметтер атқар­ды. Әскери өмірі қатардағы жауынгерден басталған Максим Вита­льевич бүгінде командирдің бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын абыроймен атқарып жүрген азамат.

а

Әскери бөлімнің жеке құрамы ал­ғашқы күннен жоғарғы қолбас­шы­­лықтың қойған тапсырмала­рын мүл­тіксіз орындап келеді. Елі­­мізде өткен бір­қатар кең кө­лем­­ді халықаралық оқу-жат­ты­ғу­­ларға қатысып, тәжірибе шың­­дап жүр. Бұл жөнінде штаб бас­тығы: «Биылғы қыркүйек айында өт­кен «Айбалта-2022» оқу-жаттығула­ры­ның шешуші кезеңіне Қорғаныс министр­лігінің жылжымалы командалық пункті қатысып, әскерлерді басқаруды сауатты үйлес­тіре білді», дейді.

Айтса айтқандай, әскери бөлім­де жауынгерлік оқу жылының әр кезеңінде толық құрамда әскери техникамен марш жасап, далалық командалық пункті жауынгерлік даярлық өткізіп тұрады. Онда Қор­ғаныс министрлігінің далалық коман­далық пунктін, оның әзірлігі мен мүмкіндіктері тексеріліп, жедел топтардың жұмысы бағаланады. Орталық Азия өңірінде теңдесі жоқ бұл штабтық машиналардың төрт модульді кешені Қазақстан армиясының сапына 2012 жылы келіп түскенін атап өткен жөн. Ал автомобильдер маршын орын­даудағы міндеттердің бірі – әскери қызметшілердің әскери техника жүр­гізу дағдысын жетілдіру.

Бұдан өзге бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы Қорғаныс министрлігін, сондай-ақ Ақ­мола өңірлік гарнизонына қарасты бір­қатар әскери бөлімді киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады.

а

– Қорғаныс министрлігінің бас­шылық құрамы мен құрылымдық бөлім­ше басшыларын қызметтік кө­лікпен қамтамасыз ету біздің бөлімнің міндетіне кіреді, – дейді подполоковник Максим Каральный. – Елімізге іссапармен келетін шетелдік әскери делегацияны алып жүретін көліктер халықаралық деңгейдегі бірнеше іс-шараларға қатысты. Жеке құрамның еңбегі Қорғаныс министрлігінің бас­шылығы тарапынан да, меймандар тарапынан да үнемі жоғары баға алып, көтермеленіп келеді.

Мемлекеттік мерекелердің құр­метіне өткізілетін әскери шеру­лерге 83205 әскери бөлімінің автокөлік техникалары да қатысып жүр. Оның ішінде парадтық кабриолет кө­ліктеріне арнайы тоқталып өткен жөн. Алматы мен Астана жұрт­шы­лығына 2000-жылдардың басына дейінгі өткен әскери шерулерден Газ «Чайка» парадтық кабриолеттері та­ныс болуы мүмкін. Қазір оның бі­реуі Қарулы Күштердің әскери-та­рихи музейіндегі жәдігерлер қата­рын то­лықтырып тұрса, енді бірін 83205 әскери бөлімінің авто­паркінен көруге болады. Соңғы жылдардағы шерулер­ге жаңа екі «Линкольн» парадтық каб­риолеті қатысып жүр. Сонымен бірге күн­делікті қызметте қолданылатын Қа­ру­лы Күштердің мөрлері мен мөр­таң­балары да қамтамасыз ету бөлі­мінде әзірленетінін екінің бірі біле бермейді.

Ұжымда әскери тәртіпті нығайту, оң моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мен қолдау бағы­тындағы жұмыстар жүйелі түр­де жүргізіліп тұрады. Жағымды пси­хологиялық ахуал жетістікке жету­дің тиімді тәсілі деп білетін жеке құрамның ұраны – «Жеткіземіз, же­ңеміз!» Бұл – ел игілігі мен қор­ғаныс қабілетін нығайту жолында ең­бек етіп жүрген әскерилердің өз мін­деттерін орындаудағы сенімділіктің белгісі болса керек.

п