Экономика • 02 Қараша, 2022

Жол бәсекеге түссе...

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолы нашар елдің экономикасы да тәуір болмайды. Еліміздегі жолдардың жайы белгілі. Соған сай экономикамыздың да хал-ахуалы аңдалса керек. Бізде жол салу жанашырлық емес, жыл сайын бюджет қаржысын қарбыта асап қалу қамына айналғалы қашан. Жарайды, бұл басқа әңгіме. Негізгі айтпағымыз, өзгеше бір деректі негіз еткен зерттеу, сосын соңыра айтылатын оқыс пікір жайында.

Жол бәсекеге түссе...

Былтыр Азия даму банкі институты жанындағы зерттеушілер тобы Орта­лық Азия елдеріндегі транспорттық инфра­құ­рылымның сауда саласына тигізер әсе­рін зерделеп көрген. Соған сүйенсек, транспорттық инфрақұрылым сапасының 1 па­йызға жақсаруы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы экспортты – 9,15 пайызға, ал импортты 5,12 пайызға арттырады екен. Темір жол мен әуе жолы сапасының арту экспортты – 5,16, импортты 7,83 пайызға күшейтетін көрінеді.

Жалпы, инфрақұрылым сапасы жөнінен өңірдегі көшбасшы ел – Қазақстан. Дү­ниежүзілік банктің мәлімдеуінше, біз­дің елде жол жайы түзеліп, адамдардың жұмысқа қолайлы әрі тез жетуі 1 пайызға жақсарар болса, онда компания мен жұмыс орын саны 0,3-0,4 пайызға көбеймек. Дегенмен бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Үлкен өлшеммен алғанда үздік сапа­ның ауылынан алыспыз. Бүкіләлемдік экономикалық форум жасайтын жаһандық бә­се­кеге қабілет индексі бойынша, Ор­талық Азия елдері әлі төменгі орындарда. Нақтылағанда, Қазақстан – 73, Тәжікстан – 111, Қырғызстан 129-орында тұр. Бұл тұрғыда үздік ел – Сингапур. Ең нашар ел – Йемен (141-орын).

Айтып отырған индексіміз тек транс­порт­тық инфрақұрылымда емес, жолдың са­пасын бөлек бағалайды. Бұл бойын­ша Қазақстанның позициясы тіпті төмен – 115-орын. Осыдан біраз уақыт бұрын отандық телеарнаға сұхбат берген «ҚазАвтоЖол» компаниясының ресми өкілі Ләззат Стам­ға­зиева «Жақсы немесе жаман жол деген түсінік жоқ. Статистика бойын­ша, Қа­зақстан жолдарының 20 пайызы қа­на­ғат­танарлық жағдайда емес, 80 пайы­зы­ның жағдайы жақсы», деп айды аспанға шы­ғар­ды.

«Жолдың жайын жүрген білер» дейді қазақ. Бүкіл Қазақстанды шыр айналмай-ақ, Алматы мен Астана, Қызылорда мен Жезқазған арасын жол қылған ағайын айтар, айтып та жүр ғой, жолдың қандай күйде екенін... Тіпті қала ішіндегі (Астана, Алматы және басқа да негізгі қалалар) жолдардың өзі ойдым-ойдым. Қиялға басып, жолды жөндемеу, не болмаса әдейі сапасыз етіп салу – көлік бөлшектерін сатумен айналысатын монополияның мүддесі емес пе дейтін әзіл аралас көзқарас та кеп қалады көкейге.