Видео • 02 Қараша, 2022

Көкшетаулықтар аққуды аман алып қалды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетаулықтар жылы жаққа ұша алмай қалған сұңқылдақ аққуды аман алып қалды. Енді аққу Бурабай кентіндегі зоологиялық бақта қыстап шығады, деп жазады Egemen.kz.

Көкшетаулықтар аққуды аман алып қалды

Қызыл кітапқа енген құс көктемге дейін Президенттің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС бағып-қағады. 

Әлсіреп, ұша алмай қалған құсты Көкшетау қаласының тұрғындары көріп, жергілікті полицияны шақырған. Полицейлер табиғат қорғаушы әіптестеріне хабарлаған. Сөйтіп, оқа жағалылар мен Ақмола облысының  орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері аққуды Бурабайдағы зоологиялық баққа жеткізген.

– Балапан аққуды ветеринариялық тексеруден өткізіп, қабылдап алдық. Қатты қорқып қалғаны болмаса, зақымданған жері жоқ. Сүйегі сау, бұлшықеті бүтін. Биыл бізде қыстап шықса, көктемде еркіне жібереміз, – дейді ветеринар Ильдар Файзулин.

Айта кетейік, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар, олардың 14-і Қызыл кітапқа енген. Сұңқылдақ аққу да сирек кездесетін қанаттылардың бірі. Бұл - мақтадай аппақ, тек тұмсығының ұшы ғана сарғылт болып келетін ерекше құс. Бурабайдағы зообаққа әкелінген аққу есеймегендіктен, қанат-қауырысындары әлі толық ағара қоймаған.