Спорт • 02 Қараша, 2022

Алғашқы қарсылас анықталды

188 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Иорданияның бас шаһары – Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Екі аптаға жалғасатын биылғы Сары құрлық біріншілігінде Азияның 27 елінен келген 267 боксшы (181 ер, 86 әйел) сынға түседі. Бас жүлде үшін жұдырықтасатын боксшылардың қатарында Қазақстанның да былғары қолғап шеберлері бар.

Алғашқы қарсылас анықталды

Бұған дейін жазғанымыздай, бокстан Азия чемпионаты жоспар бойынша 2023 жылы Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткізілуге тиіс еді. Алайда биыл Қытайда өтеді деп жоспарланған жазғы Азия ойындары келесі жылға ауыстырылғандықтан, Азия бокс конфедерациясының басшы­лығы жарыс күнтізбесіне өзгеріс енгізіп, Азия чемпионатын бір жыл ерте өткізуге шешім қабылдаған болатын.

Азия чемпионаты басталардан бір күн бұрын Амманда боксшылардың жере­бесі тартылды. Бір айта кетерлігі, Қай­рат Сəтжанов жаттықтыратын Қазақ­стан ерлер құрамасының жеті боксшысы Азия бокс конфедерациясының (ASBC) рейтингінде үздіктер қатарында тұрған­дықтан, жарысты ширек финалдан бастайтын болды. Сондай-ақ турнирді екінші айналымнан бастайтын үш боксшымыз кеше алғашқы жекпе-жектерін өткізді.

Сонымен, жеребе нәтижесіне сүйене отырып, биылғы Азия чемпионатындағы боксшыларымыздың алғашқы қарсылас­тары кімдер және бас жүлде жолында кімдермен жұдырықтасуы мүмкін екенін сараптап көрейік.

Аса жеңіл салмақта (48 кило) жұдырық­тасатын отандасымыз Санжар Тәшкенбай 4 қараша күні алғашқы айналымда өзбекстандық Асылбек Жалиловпен қол­ғап түйістіреді. Өзбек боксшысы был­тыр 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған. Ал 2021 жылы Поль­шада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған 19 жас­тағы жерлесіміз биыл алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қатысып жатыр. Оның Азиядағы басты қарсыласы – жапониялық Кадзума Ара­таке. С.Тәшкенбайдың жолы рейтингте бірінші тұрған жапон боксшысымен тек финалда ғана қиысады. Жерлесіміз келесі айналымға шығып жатса, Азияның екінші нөмірлі былғары қолғап шебері қырғызстандық Мирлан Түрікбайұлымен кездеседі.

51 кило салмақтағы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов алғашқы айналымда бос болғанымен, жарысты екінші кезеңнен бас­тады. Ол кеше ширек финал жолдамасын үндістандық Кумар Спаршпен сарапқа салды. Бұл салмақтағы Сәкеннің басты қарсыласы – өзбекстандық Хасанбой Дусматов та жарысты екінші кезеңнен бастады. Жеребеге сәйкес, екі боксшы бір-бірімен тек финалда ғана кездеседі.

Тағы бір айта кетерлігі, кезінде ұлт­тық құрама сапында жұдырықтасып, халық­аралық және елішілік жарыстарда жүл­дегер атанған Азат Махметов бұл күн­дері Бахрейн құрамасының намысын қорғап жүр. Жеребе қорытындысы бойынша, екі қазақ боксшысының жолы ширек финалда қиысуы мүмкін.

Сондай-ақ 57 килодағы әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері, жастар ара­сындағы Азия чемпионы Серік Темір­жанов кеше екінші айналымда Түрік­менстан өкілі Ихлас Гылычжановпен жұдырықтасты. Серіктің финалға дейін алқынбай жетуіне толық мүмкіндігі бар. Өйткені кіл мықтылар жеребенің екінші бөлігінде топтасқан.

Жастар арасындағы Азия чемпионы, ересектер додасының қола жүлдегері Санатәлі Төлтаев та (63,5 кило) кеше өзбек­стандық Руслан Абдуллаевпен кез­десті. Р.Абдуллаев – Өзбекстанда туған қан­дасымыз. Ол былтыр өз салмағында Өзбекстан чемпионы болды. Сондай-ақ 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпио­натында топ жарып, жарыстың ең үздік боксшысы атанған. Қазіргі таңда бокс мамандары Абдуллаевтың бола­шағына зор сеніммен қарап отыр.

Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов ұлт­тық құрамадан кеткен соң оның орнын 67 килода Жамбыл облысының өкілі Дулат Бекбауов басты. Бұл боксшының жеке бапкері Олимпиада чемпионы Бақ­тияр Артаевтың ұстазы – Нұрлан Ақүр­пеков. Былтыр ел чемпионы атанған Бек­бауов ертең Азия чемпионатының екін­ші айналымында жастар арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері түрік­менстандық Сапармурат Одаевпен кездеседі. Жерлесімізді ширек финал­да Азияның және Өзбекстанның бірінші нөмірлі боксшысы Асадхужа Муй­дин­хужаев күтіп тұр.

71 килода өнер көрсететін Аслан­бек Шымбергенов екінші айналымда (4 қа­­ра­ша) Филиппин өкілі Пианар Мар­жон­мен қолғап түйістіреді. Шымбергенов жартылай финалға дейін Өзбекстан, Моң­ғолия, Үндістан және Тайланд боксшыларымен жолығуы мүмкін.

Ал қалған жеті салмақтағы боксшыларымыз жарысты бірден ширек финалдан, яғни 6-7 қараша күндері бастайды. Атап айтқанда, 54 килодағы әлем чемпио­натының күміс жүлдегері Махмұд Сабыр­хан жартылай финал жолдамасын Чожан Фануват (Таиланд) немесе Ганболд Дорж­ням­буумен (Моңғолия) сарапқа салады.

60 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев ¼ финалда Мирзохид Имамназаров (Қыр­ғызстан)/Шукур Овезов (Түрікменстан), Нұрқанат Райыс (75 кило) Сагын Саты­балдыұлы (Қырғызстан)/Кан Чей Вей (Тайбэй), Нұрбек Оралбай (80 кило) Анвар Насрединов (Камбоджа)/Жонг­жохо Вирапон (Таиланд) жұбының жеңім­паздарымен жұдырықтасады. Үш былғары қолғап шеберіміздің де жолдары жартылай финалға дейін ашық. Өзбекстан, Моңғолия секілді елдердің боксшыларымен тек финалда ғана жолығады.

86 кило салмақта жұдырықтасатын Сағындық Тоғанбайға Тәжікстанның тәжіри­белі боксшы Навруз Джафоев қарсы­лас атанды. Ол – 2013 жылы дәл осы Амман қаласында өткен Азия чемпио­натының жартылай финалында жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлымен шаршы алаңда кездесіп, жеңіліп қалған болатын. Бұл жолғы бәсекеде де қазақ боксшының мерейі үстем болады деген үміттеміз. С.Тоғанбай жартылай финалда былтыр әлем чемпионатының бірінші айналымында бельгиялық Виктор Схельстреден нокаутпен масқара болып жеңілген өзбекстандық Шохджахон Абдуллаевпен, финалда Азия чемпионатының екі дүр­кін қола жүлдегері, Азияның бірінші нөмірлі боксшысы қырғызстандық Еркін Адылбекұлымен жұдырықтасуы мүмкін.

Ауыр салмақта (92 кг) жастар ара­сындағы Олимпиада жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Айбек Оралбай ширек финалда Үндістан өкілі Навин Кумармен қолғап түйіс­тіреді. Ересектер додасына былтыр ғана ауысқан үндістандық былғары қол­ғап шебері осал қарсылас болмауы бек мүмкін.

Азияның үшінші нөмірлі боксшысы ретінде тіркелген Айбек жартылай финалда ирандық Туфан Шариф, финалда Өзбекстан құрамасының намысын қорғайтын тағы бір қазақ боксшысы – Мадияр Сайдрахимовпен бас жүлдені сарапқа салуы ықтимал. Екі боксшы былтыр Сербиядағы әлем чемпионатының ширек финалында кездесіп, Мадияр ұпай санымен жеңіске жеткен болатын. Бәлкім, бұл жолы Айбек есе қайтарып қалар.

Аса ауыр салмақта (+92 кг) Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, əлем біріншілігінің финалисі Қамшыбек Қоң­қабаев ширек финалда Вишах Моханнад (Палестина) пен До Хьен Ким (Оңтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен жұды­рықтасады. Ал финалда өзбек Лазизбек Мулло­жонов немесе үндістандық Нарен­дермен кездеседі.

Ал әйелдер арасындағы жеребеге тоқталар болсақ, Азия чемпионаты бас­талмай жатып, Шәміл Сафиуллин жаттық­тыратын қыздар құрамасы ел қоржынына үш жүлде салып үлгерді. Яғни өз салмақтарында біріншілікке қаты­сатын боксшылардың саны аз бол­ғандықтан, Мәдина Нұршаева (66 кило), Гүлсая Ержан (81 кило) және Лəззат Күн­гейбаева (+81 кило) жарысты жартылай финалдан бастайды. Бұл – аталған үш боксшымыз кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр деген сөз. Жоғарыда аты аталған боксшыларымыз қолда тұрған қоласын аз күнде алтынға айналдырады деген үміттеміз. Ал олардың алғашқы ай­на­лымдағы қарсыластары кімдер?

12 салмақта сынға түсетін қызда­ры­мыздың сегізі Азия чемпионатын ширек финалдан, үшеуі жартылай финалдан бас­тайтын болды. Тек әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, былтырғы Азия біріншілігінің алтын жүлде иегері Назым Қызайбай ғана 1/8 финалда сынға түседі. Ол екінші кезеңде Таиланд өкілі Раксат Чутаматпен жұдырықтасады. Ал ширек финалда шаршы алаңға көтерілетін жеңіл салмақтағы Алуа Балқыбекованың (48 кило) қарсыласы кейінірек белгілі болатын болса, Жазира Орақбаева (52 кило) кореялық Чавон Киммен, Жайна Шекербекова (54 кило) жапониялық Хана Наритамен, Карина Ибрагимова (57 кило) кореялық Им Аежимен, Римма Воло­сенко (60 кило) моңғолиялық Номин-Эрден Тугсжаргалмен, Аида Әбікеева (63 кило) жапониялық Маи Китомен, Дариға Шәкімова (70 кило) үндістандық Пужамен және Валентина Хальзова (75 кило) тағы бір үндістандық Ловлина Боргоянмен кездеседі.

Ал жартылай финалдағы Мәдина Нұршаева кореялық Чой Хонгумен, Гүл­сая Ержан вьетнамдық Ти Хонг Нгуен­мен және Ләззат Күнгейбаева үндістандық Альфия Тараннум Акраммен финалдық жолдаманы сарапқа салады.

Өкінішке қарай, Азия біріншілігіндегі боксшыларымыздың жекпе-жектерін қазақстандық жанкүйерлер телеарналар­дан көре алмайтын болды. «Аталған жа­рыс­ты Qazsport телеарнасы көрермен назарына ұсынуды жоспарлағанымен, Азия бокс конфедерациясы мен жергілікті ұйым­дастырушылар телевизиялық түсі­рі­лім жасамайтындықтан, Азия чемпионатын көр­сете алмаймыз», делінген Qazsport телеарнасының хабарламасында.