Дәлірек айтсақ, кітаптың «Ақ боз атты елес» деп аталатын алғашқы бөлімі момын қазақты қырына алып келген Кеңес өкіметінің өкілдеріне қарсы шыққан Қысқаш бандасы және оның айналасы туралы. Кітаптағы оқиға Павлодар өңірінде өрбігендіктен, жергілікті өлкетанушылардан Қысқаш жайлы сыр суыртпақтап көрген едік, тұшымды жауап болмады. Сөйтіп, бұл тақырыпты мүлдем ұмытқанбыз. Алайда 2020 жылдың жазында Павлодар облысының мемлекеттік архивінен ойда жоқта Қысқаш туралы дерек тауып алдық. Осылайша, оның өмірде болған адам екеніне көз жеткіздік.
Рамазан Тоқтаровтың романында айтылғандай, Қысқаштың ел ішіне таралған лақап есімінің бірі – Жындыкөбелек. Бірақ Қысқаш та азан шақырылып қойған есімі емес. «Исі Керекуде қарақшы-серілігімен аты шыққан», «жүгіргенде тұп-тұтас болып кеудесі қозғалмайтын», «үсті-басы аппақ, ақ боз атқа жайдақ міне салып, ай астымен ағыза шабатын», «Қарқаралы-Баян жақта аты дабырайып тұрған» Қысқаштың неліктен бұлай аталғаны туралы романда мынадай үзінді бар: «Жайлауға көшіп бара жатқанда ошақ басында туа қалғасын Шүмшеуір қоя салыпты атын. Марқұм сол атына қатты намыстанып, оны айтып қалған адамды ат үстінен желкесінен қысып, мертіктіріп кетіп те жүрді». Алайда есіміне қатысты долбар ауыл арасында айтылатын әншейін әңгіме секілді. Өйткені Қысқаштың шын аты Ысқақ Сыздықов екені архивтен табылған деректе нақты көрсетілген.
Кітаптан аңғарғанымыз, Қысқашты банды атандырған халық емес, жергілікті билік. Оны ұстауға шамасы келмеген соң, ел ішіне ылаң салып, іріткі жасады деген желеумен Қысқашты әрі оның айналасындағы жігіттерді «бандыға» балаған. Өйткені бандыны қолға түсіруге жауапты арнайы милиция отрядының қадамы әркез сәтсіз аяқталып отырған. Кітаптан үзінді келтірелік.
«Қысқаштың ішінен сауыт киіп жүретіні рас па еді? Ат үстінен атқанда ұшып түсіп, қайта түрегеп жүре бергенін көргендер бар ғой», деп сұрайды роман кейіпкері Қасен әкесінен. Қасеннің әкесі Ысқақ-Смағұл – Қысқаштың немере туысы. Ол баласына «Үстіне жібектен басқаны жолатпайтын жындыкөбелекке қайдағы сауыт? Көзіміз көрді, атқан оқ дәл жүрегінің тұсынан тисе де, құламай, ағызып шаба жөнелген. Бізге келгенде ол ер үстінде етпетінен сұлап жатыр», деп жауап береді. Одан кейінгі диалог былайша өрбиді:
« – Өлмеген бе?
– Оның өлгенін көрген ешкім жоқ. Бұ жолы да есінен танып қалған.
– Жүрегінен атса да ма?
– Бешпентінің кеудесінде бір уыс Мекалайдың күміс теңгеліктері жүретін. Оқ соған тиген де, тайып кетіп бұғанасының басын жанап өткен.
– Ойпыр-ай, жанының берігі-ай! Оққағары бар екен де...»
Ысқақ-Смағұлдың «бұ жолы да» деп анықтап айтқанына қарап-ақ, Қысқашқа бірнеше рет шабуыл жасалғанын аңғаруға болады. Өкінішке қарай, немере туысы Ысқақ-Смағұл да, оның ұлы Қасен де Қысқаштың – «орманға қарап ұлыған қасқырдың тұқымы» болғандықтан, жергілікті билік тарапынан қыспаққа ұшырап, теперіш көрген.
Негізі, «ауылдың тентек серісі Қысқашты атқа қондырған – ашу». Орыстың тізе батырғанына көнбей, «момын елдің ішінен, желкесіне емес, жетесіне тигендіктен, ашынған үркердей бір топ шыққан». Бұл қатарда Қысқаштан бөлек, «Өсербай, Жәмшид, Жалбақты, соңына қырық жігіт ертіп жүретін Бәшерлен» секілді кеудесін намыс кернеген жігіттер болған. «Көргендердің айтуынша, Қысқаш бала сықылды ойыншы, салдырлаған ақ көңіл адам болатын. Әйтпесе, милицияға қосылып бүкіл ағайыны соңына түскенде де басынан аяғына дейін ақ киініп, ақбас атқа мініп, жауған оқтың астында жүріп серілік құра ма жай қарақшы?» «Қысқаштың қасқырлығы – бір уезд елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағаны ғой. «Қысқаш келе жатыр» десе, орыс баласы тысқа шығуға қорқып, дәретін үйде отырып алады екен».
«Қысқаш туралы сойқан әңгімелердің қатты тарап тұрған кезі. Ақ киініп, ақ боз атпен шапқанда сағымдай бұлдырап көрінбей кетеді екен. Ұстасқан адамының құлағын кесіп, көзін ойып алып жүре береді, өзі сілтегені қате кетпейтін мерген; отқа салса күймейді, суға салса батпайды. Бір айтыста – Қарқаралыдан шыққан милиция отрядын ол жалғыз өзі жайлап, қырып салған да, бастығын Баянауылдың Қалпақтасына апарып, тұла бойын түтінге ыстап, тыр жалаңаш қоя берген. Енді бір айтыста – Қысқаш өз қолымен тышқан мұрнын қанатпайды, мынау ит жоқта шошқа үрген заманда халық Қысқаш құсаған серінің сарқытына да шөліркеп, оның есірік қылықтарының өзін оң көре бастаған. Қысқаштың жаман атын шығарып жүргендер – оны төңіректеген сасық кеуде жаман ағайындары; бір жақсы атқа мінсе, қырық бақсы үйде отырып сарнамай ма?»
Рамазан Тоқтаровтың қаламынан туған «Бақытты құлдықтың ақыры» романында там-тұмдап айтылатын Қысқаш жайлы әңгімеден оның қандай адам болғанын аңғару аса қиын емес. Романды оқып шыққаннан кейін Қысқашты жазушының қиялынан туған бейне – сол кездегі Кеңеске қарсы адамдардың жиынтық образы шығар деп ойлаған едік. Оның өткен ғасырдың басында ғұмыр кешкен адам екенін деректерден енді білдік.
Павлодар облысының мемлекеттік архивінен тапқан Қысқашқа қатысты дерегіміз – Қысқаш бастаған бандының көзін жоюға шыққан отряд жұмысының есебі. Алты беттік есепте Павлодардан 10 адамнан тұратын отрядтың 2 шілде күні (жылы көрсетілмеген) түнгі екіде Қоянды жәрмеңкесіне бара жатқан көпес кейпінде жолға шыққанынан бастап баяндалады. Олар Баянауылды басып өтіп, 7 шілде күні Қояндыға жетеді. Алайда қанша күн қарауылдаса да Қысқаш қолға түспеген. Өйткені отряд жұмысы туралы есепте айтылғандай, Қысқаш өзін ұстау үшін Павлодардан арнайы отряд шыққанын күні бұрын естіп, біліп отырған. Демек ел ішінде оның жақтастары көп болған. Оның үстіне баяндаманың 6-шы бетінде есеп беруші отрядтың басшысы «Қысқаш кедейлерді емес, байларды ғана тонайды. Кедейлерге үнемі көмектеседі» деген ел ішінде жиі айтылатын әңгімені тексергенін баяндай келіп, мұны өзі жоққа шығарады. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны анық. Демек Қысқаш кедейлердің де қамқоршысы болған.
Отрядтың есебінде 1925 және 1926 жылғы оқиғалар айтылады. Осыған қарап-ақ Қысқаштың аты мен атағы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін шыға бастағанын бағамдауға болады. Ол Кеңес өкіметінің орнауына қарсы шыққан аз қазақтың бірі десек, ақиқаттан аса бір алшақ кете қоймаспыз. Өйткені жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің «Бітеу жара» атты мемуарлық сипаттағы романында осы жайға қатысты мынадай бір үзінді келтіреді: «Жиырмасыншы жылдардың басында Керекуде Кеңес өкіметіне қарсы көтерілген әжептәуір толқу болады. Оның басы-қасында бір топ Қанжығалы жігіттері жүреді. Кейін олардың бәрі, бірі қалмай, атылып кеткен. Осы бүлікшіл топтың Ленинге жазған хатын Жүсіпбек Аймауытов құрастырып берді деген қауесет бар. Оның қауесет емес, шындық болуы әбден мүмкін. Олардың басшысын ұстап түрмеге әкеткенде ат айдаушы көшір менің әкемнің інісі Төлеш екен, жасырақ күнімде осы әңгіменің шет жағасын сол кісінің аузынан талай қабат естігенмін».
Демек жазушы Төлеш ағасының айтуымен Қысқаш жайын жақсы білген әрі оны романның бір бөліміне айналдыруы да тегін емес. Өйткені қисынға салсақ, жазушының ағасы Төлеш те «аты аңызға айналған» Қысқаштың тобында болуы әбден мүмкін. Рамазан Тоқтаров жеті жасқа толғанда әкесі Айып қайтыс болады да, болашақ жазушы дәл осы Төлештің қолында тәрбиеленеді. Қаламгердің жазуынша, Төлеш шынында да Кеңеске қарсы топтың бел ортасында жүретіндей тентек адам болыпты. «Бір көзі төбелестен кеткен Кішіағам ұсақ-түйекті кешірмейтін кәрі-зәрі мол өте қатал адам еді... Одан төңіректегі бар бала, тіпті кейбір үлкендердің өзі ыға жүретін», дейді Рамазан Тоқтаров «Бітеу жара» романында.
Міне, Қысқаш туралы Рамазан Тоқтаровтың кітаптарынан және архивтен табылған деректен бар білгеніміз осы. Көпшілік арасында Қысқаш пен оның айналасындағы Өсербай, Жәмшид, Жалбақты, Бәшерлен жайын жақсы білетін жандар болса, ой бөлісе жатар деген ниетпен осы бір шағын дүниемізді назарларыңызға ұсындық.
Айтпақшы, Қысқаштың «өлгенін көрген ешкім жоқ».