Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын», деп денсаулық сақтау саласындағы көптің көкейінде жүрген мәселенің шешімін айтты.
Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарап, іске асатын шараларды қабылдады. Осылайша, ведомство тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шығыстарын және 15 жеңілдік санатындағы тұлғаның медициналық сақтандыру жүйесіне аударатын жарнасын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтауды қолға алды. Сондай-ақ қаражатты әкімшілендіруді оңайлату және тиімді пайдалану үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі пакеттерінің қаржылық шығынын біріктіру жағын заң аясында реттеуді жоспарлап отыр. Ізін ала сала басшысы Ажар Ғиният: «МӘМС жүйесін енгізу жағдайында ерікті медициналық сақтандыруды толық іске қосу үшін медициналық көмектің бағыттары, ерікті медициналық сақтандыру қаражатымен жабылатын қызметтер тізбесі айқындалатын болады. Сондай-ақ шетелдіктер, атап айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттер үшін жүктелген медициналық сақтандыру заңнама бойынша бекітіледі және іске асырылады», деп алдағы жоба-жоспардың барысын айтқан еді.
Қазір МӘМС жүйесін сынайтындардың дені емханада сапалы медициналық көмек көрсетілмегенін, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлеріне қолы жетпегенін айтып шағымданады. Ай сайын жарнасын аударған тұлғаның медициналық көмекті талап етуі заңдылық қой. Кейінірек шегінсек, медициналық сақтандырудың тәртібі белгілі болған соң, әр өңірдегі денсаулық сақтау басқармалары түсіндіру жұмыстарына араласты. 2020 жылы МӘМС жүйесі енгізіліп, оған әр азамат жалақысының 2 пайызын аударатыны белгілі болды. Несін жасырамыз, бұл жаңалық пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы білініп, отандық медицинаның сапасын сынап жатқан елдің көңілін күпті қыла қоймады. Бірақ сол уақытта әр азамат сақтандыру қорына қаржы аударып, жүйенің игілігін көрді емес пе? Демек өзінің және отбасының саулығын ойлаған ағайын қорға тиісті қаржыны аударып, медициналық көмектің пакетін толық көлемде алудан қашпайды. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілсек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медицина мекемелерінің арасында байланыс берік пе деген сауал туады. Бұл сақтандыру қорына үзбей ақша аударып отырған азаматтың денсаулығы сыр беріп, емханаға қайырылса, онда пациенттің көңілін тауып қызмет көрсететін дәрігер үнемі табыла бермейді. Осыдан келіп «әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы құйып отырмыз. Қызмет сапасы көңілден шықпайды» деген қарсы пікір айтылып жатады. Осы тұста таңнан кешке дейін байыз таппай еңбек етіп, сырқаттың жүз түрін көрсе де, әр науқастың әуеніне төңкеріліп отырған дәрігерлерді де түсінуге болады. Әрі сақтандыру қорына түскен қаржы жалпы медицина саласына емес, тек сол емхананың керек-жарағына жарап жатса бір сәрі. Өйткені қор мен медицина мекемелерінің арасында мұндай тығыз байланыс орнамаған. Бізге денсаулық сақтау саласының жай-күйін айтып берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков те сақтандыру жүйесінің кемшін тұстары бар екенін жасырмады.
– Медициналық көмектің сапасы, оның проблемалары жайлы ел ішінде сөз көп. Мұны күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Бір байқағанымыз, жаңадан келген әр министр өз жұмысын көрсету мақсатында бір реформа жасауды әдетке айналдырды. Бірер күннің бедерінде отандық телеарналардың бірінде министр Ажар Ғиният сұхбат берді. Расын айту керек, хабарға көңілім толмады. Өйткені әлі де денсаулық сақтау саласында туындап жатқан проблемаларды айналып өтіп, бұрыннан белгілі мәселелерді үйіп-төкті. Сұхбатта мемлекет кепілдік берген медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жайын халыққа ұғыныңқы жеткізе алмады. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне аз уақыт болмады. Бірақ қарапайым халық медициналық көмектің жақсарып кеткенін әлі сезінбей отырғаны рас. Кезінде МӘМС енгізілгенде басшылар дәрігерлік көмектің сапасы жақсарады, медицина қызметкерлерінің жалақысы соның есебінен өседі, әр пациент өз денсаулығын жақсартады деп мәлімдеген. Өкінішке қарай, сақтандыру жүйесі өз қызметін толық ақтады деп айтуға ауыз бармайды. Науқас бір дәрігерден, екінші, үшінші дәрігерге барумен әбден титықтайды. Сол дәрігерлік көмекті алу үшін кабинеттен-кабинетке жүріп жүйкесін жұқартқанша қалтасынан қаржы жұмсап, жекеменшік медициналық клиникаларға барғанды жөн санайды, – дейді Сағындық Ордабеков.
Әрине, профессор саладағы бүгін анықталған олқылықтардан ғана емес, екі күннің бірінде әлеуметтік желіде талқыланатын мәселенің мән-жайынан хабар беріп отыр. Қош, сонымен Президент тапсырмасынан кейін жуырда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сақтандыру мәртебесін алудың жаңа тетігі іске қосылғанын хабарлады. Онда 5 қыркүйектен бастап азаматтардың жыл бұрын алдын ала сақтандыруға мүмкіндігі бар екені жазылған. Ескеретін жайт, бұл ретте тұрғындар өткен 12 айдың қарызын өтеуі міндетті емес. Қазірдің өзінде осы жаңашылдықты 2,6 мыңнан астам азамат пайдаланып, оң бағасын берген көрінеді. Ал бұрын сақтандыру жүйесіне тіркелу үшін өткен 12 айдағы жарнаны төлеу міндеттелген еді. Жаңа ережеге сай енді тұрғындар сақтандыру қорына былтырғы төленбеген кезеңдер үшін ақша аударып, шығындалмайды. Қазан айының бел ортасында 2 600-ден астам азамат жаңа механизмді пайдаланса, Алматы, Астана қалалары және Алматы, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының тұрғындары жыл бұрын сақтандырылып, МӘМС тізіміндегі медициналық көмектің тиімділігін жоғары бағалағанға ұқсайды. Себебі сақтандырудың жаңа тәртібі бойынша салымшы әр айға бөлек 3 мың теңгеден аударып, яғни 12 төлем жасауы керек. Ескеретін жайт, жүйе әр айды бөлек есептейтін болған соң, 12 айдың төлемін бірден емес, бөлек-бөлек аударым жасаған дұрыс. МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк немесе банктің мобильді қосымшаларынан, терминал және «Қазпошта» филиалдарынан төлеуге болады.
Медициналық сақтандыру жүйесіндегі қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен реттеледі делік. Ал жылдар бойы айтылатын қызмет көрсету сапасын қазірден сақтандыру жүйесімен қатар нақтылаған жөн секілді.
– МӘМС-ке кеткен қаржыдан қайыр жоқ. Сондықтан халық арасында қазіргі медициналық көмекке сенімсіз қарайтындар көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында орынды сын айтты. Онысын халық дұрыс қабылдады. Бірақ одан билік иелері еш нәтиже шығармады. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Халқы бар болғаны 19 млн-нан сәл ғана асатын біздің елде МӘМС-ті таратып, азаматтарға дәрігерлік көмек беруге, саланы толық мемлекеттен қаржыландыруға қауқары жетеді деп ойлаймын. Қазір емделуді көздегендер дер кезінде ауруханаға жата алмайды. Ондағылардың «Кезек күте тұрыңыз, бөлінген қаржы жетпей жатыр, әзірше жатқыза алмаймыз» деген сипаттағы сылтауы көп. Шу шығарғандарға «Бөлінген қаржы таусылды, келесі айдың басында жатқызамыз», деп жауап қататын бөлімше меңгерушілері бар. Тіпті кейбір бас дәрігерлер қызметкерлерін жыл соңына қарай қаражаттың жоқтығынан ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Мысалы, таяуда Жаңатас қаласына барғанымда аудандық ауруханада осындай мәселе туындағанын білдім. Егер қызметкерлердің жағдайы осындай болса, медициналық көмек қалай сапалы болады? Бүгінде медициналық көмек халыққа қолжетімді әрі сапалы деп айта алмаймыз. Ертелі-кеш сөзден іске көшкеніміз жөн деп ойлаймын. Оған мемлекеттің мүмкіндігі әбден жетеді, – дейді денсаулық сақтау ісінің үздігі С.Ордабеков.
Президенттің ерікті медициналық сақтандыру жөніндегі тапсырмасы жыл соңына дейін бір жүйеге келетін болса, емделушілердің отандық медицинаның сапасына көзқарасы өзгерер. Тұрғындар емханаға былтыр бармағанының есесіне, бұрынғыдай өткен 12 айдың төлемін жасап қипақтамайтынын жоғарыда айттық. Қысқасы, денсаулық сақтау саласында жыл соңына дейін жүйеге келтіретін шаруа баршылық. Сондай-ақ Президенттің Үкіметке келер жылдан бастап ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі үшін Ұлттық жобаны іске асыруды тапсырғанын ұмытпаған жөн.
Сәндібек ПІРЕНОВ,
«Egemen Qazaqstan»