Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өндірілген кендегі мыстың орташа мөлшері 0,88 пайызға жоспарланып, 0,98 пайызды құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 0,95 пайызға тең. Қаңтар-қыркүйек аралығында «Қазақмыс» байыту фабрикалары 23 млн 358 мың тонна кен өңдеген. 2021 жылдың 9 айында 23 млн 419 мың тонна кен өңделген болатын. Сондай-ақ 189,750 мың тонна концентратты мыс өндірілген. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (185,998 мың тонна) көрсеткіш 3,752 мың тоннаға ұлғайды. 2022 жылдың 9 айында өндірілген катодты мыс көлемі 205,631 мың тоннаға тең. Бір жыл бұрынғы деңгеймен (166,739 мың тонна) салыстырғанда көрсеткіш 38,892 мың тоннаға ұлғайған.
Құймалардағы алтын көлемі 5 635 килоны құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (4 394 келі) +28,2 пайызға немесе 1 241 килоға өскен. Құймалар мен түйіршіктердегі күміс 229 314 килоға тең. Бір жыл бұрын көрсеткіш 207 748 килоны құраған болатын. Көрсеткіш бір жылда 21 566 килоға (+10,38 пайыз) ұлғайған.
– «Қазақмыс» кәсіпорындарында өндіріс белгіленген жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатыр. Біз басқару процестерін жақсарту үшін үнемі жұмыс істейміз. Жақын арада кәсіпорындарды басқару жүйесін оңтайландыру дайындалып жатыр. «Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет», «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестіктері таратылады. Корпорация құрамында тау-кен байыту кешені құрылуда. Кешеннің бас директоры кеніштер мен фабрикалардың директорларымен тікелей жұмыс істейтін болады. «Қазақмыс» басшылығы үшін компанияның барлық кәсіпорынындағы әлеуметтік саясат бұрынғысынша негізгі басымдық болып қала береді. Мәселен, 2022 жылғы 10 желтоқсанға дейін республикадағы инфляциялық процестерге байланысты қызметкерлеріміздің жалақысын арттыру мөлшері есептеледі және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көтеріледі, – дейді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин.
Осы жылдың төртінші тоқсанында «Қазақмыс» катод баламасында 78,9 мың тонна мыс өндіруді жоспарлап отыр.