Бұған дейінгі аса ірі халықаралық додада топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүрген қазақстандық Нариман Құрбанов пен Милад Карими Тұманды Альбиондағы әлем біріншілігінде де тамаша өнерімен көзге түсіп, іріктеу сайыстарынан іркілмей өтті.
Дүние жүзінің ең мықты деген гимнасттарымен шеберлік байқасқан жерлестеріміз өз бағдарламаларында жоғары ұпай жинап, алғашқы үштіктің қатарынан көрінді. Атап айтқанда, еркін жаттығу бағдарламасы бойынша жарысқа шыққан Милад Карими іріктеу бәсекесінде 14.733 ұпаймен 3-орын алса, Нариман Құрбанов ат снарядында өнер көрсетіп, ол да үшінші сатыға тұрақтады (15.033 ұпай). Жеке бағдарламаның финалдық жарыстары 5 қарашаға жоспарланған. Өкінішке қарай, финалда іріктеуде жиналған ұпайлар есепке алынбайды.
Мұның алдындағы командалық сайыстың іріктеуінде Қазақстанның ерлер құрамасы 18-орыннан көрініп, финалға шыға алмады. Ел намысын Милад Карими, Нариман Құрбанов, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов пен Эмиль Ахмеджанов қорғаған болатын. Сондай-ақ әйелдер арасындағы жеке бағдарламаның іріктеуінде қазақстандық Аида Бауыржанова 77-ші (46.765 ұпай), Көркем Ербосынқызы 107-сатыдан (41.799) көрініп, келесі кезеңге өте алмады.
Ливерпульдегі әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.