Елордада халық санының күрт артуы құрылыс қарқынын күшейте түсетіні түсінікті. Мұндай жағдайда оқушы көбейіп, оқу орындарында орын тапшылығы бірден байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астана қаласы бойынша тұрғындар саны 2022 жылдың басында 1 295 711 адамды, ал 2022 жылдың 1 қазанында 1 340 782 адамды құраған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 ірі мектептің жобасын жүргізіп жатырмыз. Бұл 23 мектеп екі ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Аталған жоба аясында білім ошақтарының құрылысын келесі жылы бастаймыз. Осылайша, біз ауқымды мектептер салуды жалғастырамыз. Бұған дейін Астанада 6 ірі мектеп аштық, оның әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны – 2 ауысымда 24 мың) есептелген. Қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Мысалға бұл мектептер Ұлы дала даңғылында, Ұлы дала мен Сауран даңғылының қиылысында, Қарасай батыр және 187 көшеде орналасқан. Осы мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз», дейді Алтай Көлгінов.
Қазіргі уақытта белгіленген мектеп салынатын 102 жер учаскесі әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасқан. Мәселен, елорда тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында – 49, Алматы ауданында 29 учаске бар. Тағы басқа мектептер мен әлеуметтік маңызды нысандар салу үшін де жер учаскелерінің саны жыл сайын ұлғайтылмақ. Сондай-ақ әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) арнайы бағыт бекітілген.
Қала әкімінің айтуынша, елордада 2019 жылдан бастап 93 мың оқушы орнына арналған екі ауысымда 45 мектеп салынған.