26 Мамыр, 2010

БІРІНШІ ХАТШЫДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ

769 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
“Ермұхан Бекмаханов (1915-1966) тағдыры күрделі, ғұмыр жолы ауыр әрі өмірі қамшы сабындай қысқа болған тарихшы. Сөйте тұра оның шолақ өмірін менің қайыра түгендеуім аттай 12 жылға созылды, – деді ғұмырнама авторы бізге осы үзіндіні ұсын­ған кезде. – Бұл еңбегімді 2009 жылдың күзінде аяқтадым, Астананың “Фолиант” баспасы оны өздерінің “Нартұлға” топтамасы бойынша жариялау қамында. Төмендегі үзінді тарихшының Н.С.Хрущевтің араласуымен қылмысты ісі қайта қаралып, КСРО Жоғары сотының үкімімен ағарып, 1954 жылдың 16 ақпанында бостандыққа шығып, Алматыға қайтып оралғаннан кейін өзі еңбек еткен Ғылым академиясының Тарих институтына, ҚазМУ-дің КСРО тарихы кафедрасына да жұмысқа орналаса алмай, жаны күйзелген михнаты жайында сыр шертеді...” 1954 жылдың жазында саяси қуғын салдарынан ел ортасынан аласталған зиялы қауымның жағдайы оңала бастады: Н.С.Хрущевтің ынтасымен сәуір айында жария болған “саяси жылымық” ең алдымен соңғы науқанда жазаланған шерменділерді елге қайтарды. Алғашқы кезекте Бегежан Сүлей­менов пен Қажым Жұмалиев Алматыға оралды, солардың соңын ала өзге азаматтар да отбасымен қайта табысты; күзге таман, қыс бойы, келер жылы 1937-1938 жылдарда “халық жауы” атанып, ГУЛАГ лагерьлеріне жөнел­­­тілген пенделер, әрине, Сібірдің қақаған аязы мен ауыр бейнетінен аман қалғандар түгел ақталып, елге қайта бастады... Амал қанша, сормаңдай жандардың көпшілігі ұсталған бетте-ақ атылған. Олардың бала-шағасы әкелерінің ақталған хабарын ресми естіді. Сол лекте қазақ әдебиетінің көш басында болған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Май­лин, Ілияс Жансүгіров (со­­­лармен бірге қан­шама дарынды ақындар мен жазушылар, әдебиет зерттеушілері) ақталып, жабық қорда жатқан еңбектері ашыла бастады. Хамза Есенжанов, Өтебай Тұрманжанов, Мұхамеджан Қаратаев, Зейін Шаш­кин сияқты алғашқыларға ілесе шыққан екінші толқынның өкілдері елге оралып, қаламдарын ұштап, мұқалған дарындарын қайрап, жазу үстеліне қайта отырды (Мерт боп кеткен тарихшылар да сол қарсаңда ақталыпты, бірақ, олардың ұлан-ғайыр еңбегін халыққа қайтару ондаған жылдарға кешігіп, өткен ғасырдың 90-шы жылда­рында ғана жарыққа шыққаны жұртшылыққа мәлім). Мәскеуді уақытша паналаған ұлт зиялылары да Алматыға қайтып келіп, үйреншікті кәсіптеріне кірісті. Сөйтіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кең заман туды. Тәубе делік! Алайда, сол өзгерістерді Орталық Комитетте, соның идеологиялық жұмыстарына, гуманитарлық ғылымдар еңбегіне басшылық етуге жауапты саясаткерлер мән бере қарап, әлеуметтік һәм тарихи сипатын жете түсінді ме? Күн сайынғы саяси ахуалды бағдарлаудан кенде болмаса да ел тарихында жаңару мен жаңғыру басталып, еркін сөйлеп, еркін шығармашылыққа жол ашылғанын ұқты ма солар? Түсінді, өзгерді деп кесіп айту қиын. Өйткені, нақ сол кезде қазақтың естияр қауымын қорғаншақтық, одан да гөрі ой-пікірін өзінен жоғары басшыдан бұрын айтпай үнсіз отыру машығы әбден жайлаған шақ-ты. Ал мысқалдап кірген дерттің жуық маңда шыға қоймасы айқын... Айдаудан қайтқан Ермұхан тарихшының тағдырына немқұрайды қарау да сол кеселдің салдары: парткомиссия мүшелігін қайтаруға шешім қабылдады. Бірақ соны СОКП партиялық бақылау комитеті бекітуге тиіс, бұл болса кем дегенде бір жылға созылатын әуре; отбасы баспана еткен тар үйін кеңейту мәселесі де мәлімсіз сүйреткіге ұшырады. Басты себеп – ГУЛАГ лагерьлерінен оралған шерменділерге үкімет қарарына сай жедел берілуге тиіс пәтерлерге қалалық кеңес мыңға тарта тізбе жасаған, Бекмахановтың есімі – соның жуан ортасында; ал, Қазақстан астанасындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны – мүлдем баяу... Сөйтсе де, еңбекқор тарихшы тұрмыс жағдайы­ның түзелуін күтіп қарап отырмады: күні-түні тынымсыз істеп, жаңа еңбегін қайта қарауды екі-үш айда аяқтап, екі данасын Мәскеудің Тарих инс­титутына жолдады. Үшінші данасын “Үлкен үйдің” (Орталық Комитеттің халық аузындағы лақап атауы) ғылым бөліміне тапсырды. Соны ұсынып тұрып өзіне танымал бөлім меңгерушісі Нұрымбек Жанділдинге: “Бұл нұсқаны, Нұреке, сізге ғана беремін. Біздің тарихшыларға көрсетпеңіз, көпшілік талқысына да салмаңыз. Сыпыра кемшілік пен саяси олқылық іздеген сыңар езу жиналыстан мен жалыққан адаммын. Таяқ жесем де нардан құлауды жөн көріп, Мәскеудің академиялық институтына ұсындым, олар кемшілік көрсе де әділін айтады әрі мұны институт тарихышылары бұрнағы жылы оқы­ған. Бұл кітапты қайдан, қалай шығару мәселесін де сол жақта шешемін. Сіздерден бұл турасында өтінішім: “Орталық Комитеттің ғылым бөлімі танысып, толық мақұлдады... деген бір ауыз ресми хат...” - деген ойын нығарлап айтты. – Іс тындырып, біткен қолжазбамен келгеніңіз, Ере­ке, бұл енді сізге тән іскерлік. Бәлкім, ресми хат­ты Ғылым академиясының төралқасынан сұрармыз... Тарихшы басын шайқады. Бұл азаматтың әр сөзімен емес, басқалар сөйтсінге ойысатынын таңғала ойлады да, бірақ ештеңе демей, түпкілікті ойын ескертті. Ол да мәнді мәселе: бірінші хатшының қабылдауын сұрап, екінші мәрте арыз жазбақ; қазақ тарихының көкейкесті мәселесі жайында сөз қозғайтынын жасырған жоқ. Қолындағы бояу қарындашпен үстелді тықылдатқан бөлім меңгерушісі тарихшының бетіне сұстия қарады да: – Мәселені идеолог хатшыдан бастағаныңыз жөн емес пе? – деді. – Құрман Оспановты біршама білемін. Біздің соңымызға шам алып түскен сойқанды идеолог Храм­ковтың сойылын соққан жігіт... Тегінде, бұл мәселеде алды-артына қарайламайтын реформатор қайраткер керек!.. Әсілі мен Пономаренко жолдасқа жүрекжарды ойымды айтып, кейбір мәселеге көзін ашпақпын... – Біріншінің әр минуты есептеулі, қабыл­дауы­на жете алмайсыз, Ереке... Ақыры, қабылдау сұраған өтінішін еңбекші­лердің арыз-хаттарын тіркейтін секторға тапсырды да таудағы демалыс үйіне қайтып барды. Халима қосағы Ташкенттегі ұстаздық жұмысын тапсырып, Алматыға қайтып оралған кезде-ақ Медеу шатқа­лындағы сауықтыру жайларынан жеке бөлмені жалға алған-ды. Ас-суды демалыс үйінің асха­на­сынан ішеді. Несін айтасың, рақат түндер мен күн­дер­ді басынан кешіп, әл-қуат жиған демалыс апта­дан айға созылды. Қаладан күнбе-күн келетін газет-журналдарды оқиды. Бильярд үстелі құрылған залға барып сайыс жасайды. Кейде осы жаққа ат басын бұратын әншілер ойынын қызықтайды. Сыбағасын дорбалап әкеліп, сәлем бере келетін шәкірттері мен достарымен қауышып мәз-мейрам болады. Құрғыр көңіл желік іздеп, одан да гөрі жүрек түбінде жатқан шер әредік есіне түскенде телефон труб­касын көтеріп, “Үлкен үйде” арызын қабылдаған қызметкерге қоңырау шалады. Еститіні біркелкі жауап: “Әзірше хатшының уақыты болмай тұр”... Күткен қабылдау ұзаңқырап бара жатқан соң әртүрлі қауіп те ойлайды: аңқылдап отырып, түпкі ойымды сол үйде істейтін жігіттерге бекер айттым-ау, өзі туралы бірінші хатшы пікір сұраса, сол шіркіндер: “Сібірден қайтқан пенденің сақал-шашы шыққан ескі дауды қайта қозғайтыны анық, қымбат уақытыңызды шығындап қайтесіз...” – деуі ықтимал-ау деп те күптенеді. Іле-шала әр минуты есептеулі хатшының уақыты болмауы кәдік-ау деген иланымды ойға да ауады... * * * Таудағы демалысты аяқтап қалаға қайтып, орталық саябақта дамылдап отырған кіші бесін-тін. Бұл тамыз орталанған мезгіл еді. Бұрнағы жылы Нарынқол ауданына жер аударылып барып мұғалім болғанында танысып, бір үйде бірге тұрған танысы Бердібек Соқпақбаев кездейсоқ жолығып, сол жердегі сыраханаға шақырды. Тамыздың аптабынан шөл басып отырғанда, жасаң досы: “Ереке, алыс сапардан келдіңіз, біздің ауылға барып, қымыз ішіп, бірер апта сергіп қайтуға қалайсыз?” – десін. На­рынқолдың қонақжай елін де, тұнып тұрған мол орманы, әр сайдан құлаған бұлағы, таулы-тасты жері де ұнаған. Тек соны емін-еркін көруге дәм жазбаған өкініші бар-ды. Мінез-құлқы тура өзіндей қағылез әрі ұшқыр азамат, сонысымен де көңілінен шыққан жі­гіт­ке ол ағынан жарылып: “Келістім. Қай күні ат­тан­сақ та дайынмын!..” – деп қолқ ете түсті. Екі сөзге жоқ жігіт келесі күні түс ауа үйіне іздеп келді, әлдебір ма­шиналы досын апарып салуға көндіріпті. Сөйтіп, Ала­таудың күнгей жонына үш жылдан кейін қайыра тап болды. Бұрнағы жылғысы – сотсыз айдалған кі­ріп­тарлықтың салдары еді, биылғысы – қуанышты сапар. Несін айтасың, ойдағыдай қыдырыс болды. Бердібек өзінен тоғыз жас кіші, ҚазПИ-ді 1949 жылы тәмамдап, “салт басты, сабау қамшылы” қал­пымен туған еліне келіп, аудан орталығындағы қазақ орта мектебіне әдебиеттен сабақ берген. Бірақ, ұстаз­дық жұмысқа аса құмар емес, мезі ермек санайды, ал, әдебиетке ерекше үйір. Тарихқа да қаражаяу емес. Жалған сөзге қаны қас әдебиетші мұғалім мен саяси қуғынға ұшыраған тарихшы бірден-ақ тіл табысты. Бұрнағы жыл жас досының “Бұлақ” деген атпен өлең­дер жинағы шығыпты. 1951 жылы “Он алты жа­сар чемпион” хикаяты жарық көріпті. Ауыл мұғалімі үшін бұл – сирек табыс! Тағы да әзірлеп жүрген дүниелері бар сияқты, соларды күні-түні толғап, са­бақ­тан бос уақытын жазумен өткізеді. Жігіт аға­сы жа­сындағы Ермұхан жас серігінің еңбекқорлығын ұнатты. Бір күні: “Бердібек, оқыр­ман ретінде мен саған бір ақыл айтайын, мұны сен жанашыр аға­ның ақ адал ке­ңесі деп қа­был­да, оған қоса мен орыстың да, шетелдің де әде­би жауһар­ларын көп оқыған адам­мын... – деді. – Өзің сыйлаған екі кітабыңды зер сала оқып шықтым. Тегінде, сен әрі ақын, әрі жазушы боламын деп, екі қоянды бірдей қума. Ақындықты өзге замандастарыңа қалдыр да, прозаға ауыс. Өйткені, мына екі кітабыңның бірінен-бірінің ал­шақ­тығы жер мен көктей...” “Неге, Ереке? Ой­ы­ңыз­ды айғақпен дәлелдеңіз!” – деп жас серігінің қо­ңыр көзі шытынап қадала қарады. “Өлеңді сен қиыннан қиыстырып, ұйқас қуа жазатын сияқтысың. Ал, поэзия, менің түйсігімше, көмейден өлең қал­пын­да құйылса керек-ті. Исі қазақтың біртуар ескі ақын­дары өлеңді осылай көмейден құлатқан, ұйқас та, ырғақ та өз-өзінен жымдасқан. Мұндай дарын сенде жоқ, төрт жолдың үшеуін ұйқастыруды ғана білесің...” “Мынауыңыз шатақ сөз, ағасы. Жә, про­замды сынаңыз!” “Сынамаймын, Бердібек бауыр, тек қана мақтаймын. Сөз қадірін білесің, сөйлемдерің ықшам, әр сөзді, теңеуді ретімен қалайсың. Оқиғаны ширықтыра өріп жетелеп отырасың. Мен білсем таяу арадағы бес-он жылда сенен бұл салада үлкен еңбек күтуге болады. Тек прозадан!..” – деп тарихшы ойын тәмамдады. Амал қанша, қыс ортасында тарихшы серігі үш қаріп адамдарының әрекетімен Нарынқолдан Жамбыл облысына қарасты Новотроицк селосындағы орта мектепке ауысқан соң Бердібек шерлі тарихшының ізі түгілі өзінен де адасып қалды. Өзі де мұғалімдікті біржола қойып, әдеби еңбекке ойысты. Әрі Ерекең болжағандай балалар үшін әңгіме-хикаяттар өретін болды, өз оқырманы бар жазушы атанды... Отбасын құрады. Жазушылар одағында әдеби қызметкер болып еңбек етеді. Енді, міне, бір кезде Нарынқолда табысқан, ел тарихын түгендеу жолында таяқ жеген қадірменді тарихшыны құрметтегісі келіп, туып-өскен жұртына әкеліп отыр. Мақсаты – Алатаудың түстік баурайында аунатып-қунатып, бойына әл-қуат құйып, жүдеу көңілін сергіту... Қонақ болуды Бердібектің туған ауылы Қостөбеде бастаған қос зиялы Нарынқол мен Кегеннің дәмі бұйырған біраз ауылдарын аралап, апта соңында патша заманында қырғыз бен қазақтың, әріде Шың­жанның ұйғыры мен қазағы сауданы қыздыратын атақты Қарқара жайлауына келіп армансыз қыдырды. Өздеріне сойылған марқаның санын оннан асырып, қоюлығы шұбаттай сары қымызды тоя ішіп, бет-жүздері қаракүрең тартып, бойға қоң жиған жақсы күндердің бірінде аудан орталығынан шабарман келді. Жай шапқыншы емес, аупарткомның белді қызметкері. – Ереке, сізді іздегелі үшінші күн. Сіздер қонақ болған ауылдардың бәрін ақтап келемін... “Тарихшы Бекмахановты Алматыға жедел жеткізіңдер!” деген жоғары жақтан төтенше бұйрық түсті. Сізді тура бүгін обкомға апаруым керек!1... – десін. Амал қанша, дайын тұрған асты ішкен соң жедел аттануға тура келді. Жүрдек көлікпен тоқтаусыз жүріп үш жолаушы таң ата Алматыға ілікті. Сөйтсе, жедел шақыру обкомнан емес, “Үлкен үйдің” өзінен түсіпті әрі бірінші хатшы іздепті. Алматы обкомының үгіт-насихат бөлімінен осы хабарды естіп, хатшының көмекшісімен телефон арқылы сөйлескен соң көңілі жайланды. – Бірінші хатшыға өтініш жолдағанмын, бүгін бе, ертең бе, Пономаренко жолдас қабылдамайтын си­яқ­­ты... Нарынқолдық екі інім, екеуіңе де рахмет, ақ­жолтай жігіттер болдыңдар!.. Үйіме жеткізіп салың­дар, серуен аяқталды, көз шырымын алып бірер сағат демалу керек, – деді серіктеріне. – Өздерің де тынығыңдар!.. * * * Хатшының көмекшісі тарихшының үйіне түс ауа телефон шалып, Пантелеймон Кондратьевич кешкі сағат сегізде қабылдайтынын ескертіпті. Қазақстан Коммунистік партия ұйымын басқаруға сол жылдың ақпанында келген Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко қазақ тарихшысын тамыз айының аяқ шенінде, кешкі сағат сегіз шамасында қабылдапты. Тарихшы алдындағы креслоға жайғасқан соң бірінші хатшы жымия қарап: – Сізбен сұхбатты, Ермұхан Бекмаханович, әртүрлі себеппен кейінге шегерген едім. Сөйткенім үшін бұдан үш күн бұрын академик Панкратовадан сөгіс естідім... – дегенде, орта бойлы, маңдайы жырта қарыс, дене бітімі көңіл толғандай толық әрі орнықты адам екенін аңғартқандай маңғаз кел­беттегі кабинет иесіне Ермұхан аңыра қарады. Қарап отырып: “Қайран Анна Михайловна, тағы да сіздің қам­қор­лығыңыз арқасында міне, бір жылда екі мәрте бірінші хатшылардың іл­ти­патына ие болдым, мені туған ба­лаңызша өбектеуден жалықпайсыз!..” – деп сүйсіне ойлады. Тарихшының таңданған әлпе­тін хатшы да аңғарды. – Анна Михайловна менен: “Шәкіртіме қандай жұмыс бердіңіз, пәтері бар ма, екі қалада паналап жүрген үй-ішінің басын қосты ма?..” – деп бастырмалата сұрағанда мен не айтарымды білмей қатты абыржыдым. Ақыры, үш-төрт күнге мұрсат алып, сізбен кездескен соң телефон соғуға уәде еттім. Әйел адамға уәде берген соң орындау керек. Анна Михайловна – Одаққа мәлім үлкен ғалым әрі Орталық Комитеттің мүшесі. Қыс­қа­сы, сіздің демалысыңызды бұзуға тура келді. Жә, жай-күйіңізді баяндаңыз!.. – Бостандыққа шыққаныма, Пантелеймон Кондратьевич, алты ай болды. Әзірше шөп басын сындырға­ным жоқ, үйде бос отырмын. Әйе­лім­нің де Ташкенттен біржола орал­ға­нына екі айдан асты. КазПИ-ге оқы­ту­шы болып бүгін-ертең орналаспақ... Басын шайқаған хатшы алдын­дағы қағазға үңіліп: – Университет ректоры бұрнағы күні бұйрық берді, әзірше аға оқы­ту­шы боласыз, – деді. – Парт­ко­миссияның мүшелікті қайтаруды сұраған шешімі Мәскеуге жөнелті­ліпті... Сізге жайлы пәтер бөлу туралы қала басшыларына ескерттік: реп­рес­сиядан зардап шеккендер санатында баспана аласыз, сірә, келесі жылдың басында... – Тұрмыс күйтімді оңдауға көңіл бөліпсіз. Шы­нын айтқанда, зиялы қауым ортасынан мен бұдан үш жыл бұрын аласталған адаммын. Содан бері жүрегіме жайлы тиген жылы сөзді сізден ғана естіп отырмын, көп рақмет, Пантелеймон Кондратьевич!.. Нақақтан жазаланғанымды КСРО-ның Жоғары соты анықтады. Соны бірақ билік басындағы кейбір жолдастар мойындағысы келмейді, әлі күнге дейін шетқақпай көрудемін. Өйткені, сол жолдастардың бәрі де кешегі қуғындау науқанында мені жау етуге үлес қосқан жандар... Ал, мәселенің түйіні – саяси ахуалдың күрт өзгеруінде, көп жолдастар осы жәйтті түсінгілері келмейді, сірә, соған түйсіктері де жетпейді... Ермұхан Бекмаханұлы сөйлей түсіп кілт тоқтады. Мырс еткен Пономаренко тарихшыға аңыра қарап: – Келісемін, оныңыз рас. Сол жәйтті өзім де көріп таң болудамын, – деді жайбарақат үнмен. – Орталық Комитет сізді, Пантелеймон Кондратье­вич, Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өндірістік қуатын күрт арттыру үшін ғана емес, біздің елде рухани жаңаруға басшылық етіп, талай жылдан бері қордаланып жатқан күрделі мәселелерге серпін туғызу үшін жіберген болар деген сенімдемін. Зиялылар бас қосқан жиындарға мені әзірше шақырмайды. Бірақ, ел құлағы елу деген, күні бүгінге дейін қуғын-сүргінде болған ұлт тұлға­ларын құрметтеу турасында жұртқа жария еткен жүрек­жарды ойыңызды2 естідім. Соған ерекше сүйсін­ген­діктен де көкейімдегі кейбір жәйттерді, рұқсат етсеңіз, сізге егжей-тегжей баяндау үшін сұрандым... Тарихшының қоңырқай жүзінің әп-сәтте жадырап, өткір көзі де нұрлана түскен кейпіне кабинет иесі таңырқай қарап басын изеді. – Айтыңыз, рұқсат, уақыттан тежемеймін. Ермұхан одан әрі кідірген жоқ, бүгінгі қабыл­дауды зарыға тосқан ұзақ күндерде көкейіне түйген күпті ойларының тиегін ағытты: Орталық Комитеттің арнайы қаулысымен қазақтың ауыз әдебиетінің асыл қазыналары мен фольклор мұраларын таптық көзқарас тезіне салып күйретумен қолданыстан шығарыл­ғанын, сол дүниелерді жария етушілердің түгел дерлік ғылыми ізденістен шеттетілгенін күйіне шертіп, сол науқан төрт жылдан соң өзінің “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40-шы жылдарында” кітабы мен “Қазақ КСР тари­хы­ның” екінші басылымын зиянды еңбекке жатқызып, рес­публика көлемінде үш жыл ұдайы жүр­ген саяси қу­ғындауға ұласқанын бүкпесіз әңгімеледі; соның бә­ріне ғылымда ізі мен ісі жоқ пысықтар басты сойылшы болып, қуғын-сүргінді барынша дабы­ра­лап, ең шатағы, сол топқа Орталық Комитет пен жа­залау жүйесінің қызу қолдау жасағанын нақты айғақтармен баяндады... – Науқанның шарықтаған кезінде халқымыздың бетке ұстар нартұлғалары Сәтбаев, Әуезов, Жұбановтың Мәскеуге барып бой тасалауға мәжбүр болғанын өзіңіз де күйіне айттыңыз. Естуімше, Мұхтар Омарханұлын Мәскеуге барған күні қабылдап, МГУ-ге профессор етіп тағайындапсыз3. Демек, Қазақстандағы саяси жағдайды білгенсіз... – Жоқ, қымбаттым, о күнде мен мұндағы саяси ахуалдан бейхабар болатынмын... – Бірінші хатшы басын шайқады. – Ал, Мұхтар Омархановичті аздап білетінмін. Шынын айтқанда, тек оқырман ретінде. Ол кісінің Абай туралы эпопеясын сүйсіне оқып, ғаламат дарын иесі екеніне тәнті бол­ғамын. Самолеттен түскен бетін­де жазушы маған келді. Түрі адам шошырлық, үстіндегі киімі де жөнең, абыржып келгенін ұқтым да қолымнан кел­ген­ше көмек жасадым... Жә, сіз маған, Ермұхан Бекма­ха­нович, өзіңіз тап болған кесапаттың себебін түсін­діріңіз. Естуімше, саяси науқанның өрістеуі сізден болған-мыс, көтеріліске басшылық еткен мінезі шәлкес тентек ханды әсіре мадақтапсыз. Мен тарихшы емеспін, бірақ тарихи кітаптарды қазір де қызыға оқимын... – деп кабинет иесі әңгімені әріден қозғаған тарихшыны өз жайына қарай жетеледі. – Пантелеймон Кондратьевич, сіздің ескертіп отырғаныңыз – сол науқанды пәрменді жүргізуге ерекше атсалысқан идеологтардың жадағай түсіндірмесі. Ал, тарихи шындық мүлдем басқаша: 1837 жылы басталып он жыл бойы үздіксіз жүрген көтерілісті халықтық қозғалыс ретінде баяндау осы ғасырдың басында-ақ өріс алып, кем дегенде қырық-елу жылға созылғанын, әлбетте, сізге айтпаған. Никита Сергеевичке түрмеден жолдаған арызымда мен: “Кенесары Қасымұлының қаһармандық даңқы қазақ даласын шарлап жүргенде мен бесікте жатқан нәресте едім, сол қозғалысты қырқыншы жылдары ғылыми кітап етіп жазғаным үшін күнәкар тарихшы атандым....” деп жаздым. А.М.Панкратова және Тарих инс­титутының 12 ғалымы БКП(б) Орталық Коми­те­тіне жолданған хатта менің Кеңес өкіметіне адал коммунист екендігім, саяси қылмыскер атануым – жергілікті тарихшылардың нақақ жаласынан өрбі­гендігі мәймөңкесіз баяндалған. Тағы бір айғақ келті­рейін, содан-ақ сіз, бұл мәселенің мән-жайы ғана емес, себеп-салдарына түсінесіз... – Тарихшы тама­ғын кенеп сәл тыныстады. – Мені соттауға ал­матылық он-шақты тарихшы әріптестерім куә болып, “ұлтшылдығымды” мойындату үшін Кенесары ханды шексіз дәріптегенімді дәлелдеп бақты. Кітабымды баспасөз бетінде іске алғысыз еткендер де – солар. Сенесіз бе, екі жыл бойғы сыпыра сынауда менің ақталған сөзіме ешкім құлақ қоймады, бірде-бір газет қателескен себебімді түсіндірген хатымды жария­ла­мады. Соны ұққан соң-ақ мен даңғаза көтерушілерге нақты іспен жауап бермек болып, “Қазақстанның Ресейге қосылуы” деп атаған жаңа еңбегімді жеделдете жазып, Мәскеу тарихшыларына апарып мақұлдауын алып, Алматыға олжалы қайтқан аптада тұтқындалдым. Осыдан-ақ мені жалған айғақтармен “жау элементі” етуге тырысқанын ұғасыз... Енді сіз, Пантелеймон Кондратьевич, мына жәйтке көңіл аударыңыз: мені “әшкерелеуге” соншама күш-жігер, қаншама уақыт сарп еткен тарихшы әріптестерім, есімдерін түстеп атауға да болады, науқан жүрген үш жылда не бітірді, екі халық достығын ұлықтаған, иә тарихи бір кезеңді сипаттаған қандай еңбек жа­риялады деген сұраумен есеп сұраңызшы: бірде-бірі мынадай монография аяқтадым деп көрсете алмайды; сол шіркіндер әлі күнге дейін сол даң­ға­за­мен жүр, сірә, өзгермейді. Өйткені, бәрінің де шы­найы ғылыми ізденіске ебі де, ынтасы да жоқ пенделер... – Қойыңызшы, масқара жәйт! Айтып отыр­ғаныңыз рас па?.. – деп Пантелеймон Кондратьевич одырая қарады. Тарихшы қымсынған жоқ. Хатшыға тура қарап ойын түйіндеді. – Оның мән-жайын соларға сүйеу көрсеткен осы үйдегі идеологтардан сұраңыз. Маңдайалды ғылым иелерін не себепті елден қуып, көрнекті ғылым докторларын Сібірге айдатқан себебін түсіндірсін, егер түсіндіре алса?! Ең шатағы, сол сүргін, біздің қазақтар оны сөзсоқтылық дейді, әлі күнге дейін жалғасуда. Ашық болмаса да астыртын түрде. Менің де алты айдан бері еш жерге бас сұға алмай жұмыссыз отыр­ғаным солардың астыртын қастандығының салдары… – Шынында да солай, дәл айтасыз, – деді хатшы кенет. – Ұсақ-түйекті сөз етіп ұпай түгендеуге машық бұл жақта ерекше культке айналған сияқты. Неге екенін ұғу қиын, мен соны сұхбаттасуға сұранған кейбір зиялылардың әңгімесінен де байқаймын. Мысалы, кейбір жолдастар маған Жамбыл Жабаев туралы адам нанғысыз қауесеттер айтты: күллі Совет Одағына есімі мәлім қарт ақын айшықты толғауларын өзі шығар­ма­ған, қасында отырған хатшылары жазып берген дес-ті. Мен сол жігіттерге: “Ау, оның хат­шы­лары соншама күшті ақын болса, Жамбылдың “Ле­нинградтық өрен­дерінен” асып түсер, әсері жойқын ғажап жырларды қазірде неге толғамайды? Ал, Жамбылдың өлеңдерін Кеңес халқы сүйсіне оқып, шексіз құрмет көрсетті, шынын айт­қанда, сол арқылы қазақ халқының жыр шығарымпаз қабілетін мойындады. Енді қарт ақын арамыздан кеткен соң оның биік рухын төмендетіп, асыл жыр­ларынан қалайша бас тартамыз?..” дедім. Меніңше, бұл да өрес­кел қаралау. Өз басым бар болмысыммен қарсымын бұған!..4 Бірінші хатшы қарт ақынды жазғырудан да ұпай түгендемек болған пысықтарға ашуын көрсеткісі келгендей, жұдырығын салмақтап, өзі отырған креслоның таяныш арқасын бірер мәрте ұрғылап басын шайқады. Ермұхан да бей-жай қала алмай, делебесі қозып: – Апырай, жақсы айтқан екенсіз, Пантелеймон Кондратьевич, тәңір жарылқасын сізге, халық көкейіндегі сөзді дөп басқансыз! – деді. – Менің де ашына айтып отырғаным осыған ұқсас ахуал – бізде қазір өздері ештеңе бітірмейтін, ал іс тындырғандарды көре алмай, неше түрлі дау-дамайға душар етіп, ғылыми ізденістен алыстатар пысықтар жолды болып жүр... – Жаңа монографияңызды аяқтап, ғылым бөліміне тапсырғаныңызды естідім, қымбаттым. Соның да ғылымға құштарлық пен еңбексүйгіш қабілетіңізден туған еңбек екенін Анна Михайловна да ескерткен, – деп Пономаренко әңгіме өрісін тағы да өзіне аударды. – Сіздің әлгі ақпарыңыз, жел сөз қуғандар туралы пікіріңіз түрліше ой ту­ғы­зып отыр. Шынында да, Ермұхан Бекмаха­нович, шынайы тарихшы дау-дамайға үйір болмай, тарихи еңбек жазумен шұғылданғаны жөн емес пе? Айтыс-тартыстан іс өне ме, қоғамға да залал... Жә, сіз маған турасын айтыңыз, “Қазақстанның Ресейге қосылуы” еңбегіңізді Алматыда басқыңыз келсе, рақым етіңіз, биыл-ақ жарыққа шығарамыз... – Пантелеймон Кондратьевич, ілтипатыңызға рахмет! Бұл еңбегімді мен Мәскеуге ұсындым. Өйткен себебімді ғылым бөлімінің меңгерушісі Нұрымбек Жанділдин жолдас біледі. Сізге де айтайын: саяси мәні зор монографиямды Мәскеуде шығарып әрі докторлық атағымды қайтару үшін соны көзір етпек ойдамын. Бұл турасында мен сізден көмек сұрамаймын. Ал сізге, жолдас хатшы, бұдан гөрі қиынырақ мәселені айтпақпын... Тарихшы келесі лебізін салмақтап жеткізу үшін де сәл аялдап, кабинет иесіне бағдарлай қарады. Хатшы ләм-мим деген жоқ. Сірә, қабылдауын сұрап, жаз бойы күткен, ақыры соған Мәскеу арқылы мәжбүр еткен тарихшыдан оп-оңай құтылмайтынын аңғарған тәрізді. – Жағдай біршама оңдалды, нақақтан құрбандыққа шалынғандардың тірісі елге қайтып, дағдылы жұмысына кірісті. Тәубе дейміз!.. Сөйтсе де, күрмеулі қалпында жат­қан мәселе аз емес, – деп бастады Ер­мұ­хан түпке сақтаған мүдделі сөзін. – Әл­гінде мен сізге көптеген асыл мұра­мыз­дың құлыпқа түскенін ескерттім. Өт­кен тари­хымыздың көпе-көрінеу бұрмаланып, ағымдағы саясаттың бодауына тап болуы да сонымен сабақтас. Шындығында, ақты ақ, қараны қара дейтін уақыт туды. Ол үшін бұрынғы ұрдажық қаулылар­дың күшін жою қажет. Өйтпейінше жағдай түзелмей­ді әрі сол жел сөз қуғандарға тыйым болады... – Сонымыз өзара кек қайтаруға ұласса қайтеміз? – Мұны істемесек, біз, кешегі науқанда қиянат көргендер, саяси қылмыстан ақталмаған “күнәкар” қалпымызда қаламыз... Анығын айтқанда, осындай рухани арылуды күллі халық күтулі. Әсіресе, зиялы қауым. Жоғары оқу орындары мен орта мектептер қолданатын “Тарих”, “Қазақ әдебиеті” оқулық­та­рының неше мәрте күзеліп, тәркіленіп, мейлінше жұқарғанын, сірә, сізге ешкім айтпаған... Қандай да ащы шындықтың жабулы қалмайтынын білесіз, соны сіз бен біз түзетпесек – уақыты туғанда басқалар жасайды. Ғапу етіңіз, мен тарихшымын, мәселені сізге тарихи тұрғыдан ескертуді парызым деп білдім. – Түсінікті, ұғар құлақ болса жеткілікті ескерттіңіз. Өте күрделі мәселе, қайтсем де түзетемін, ақиқатқа жүгіндіремін... деп уәде ету қиын... Мәскеудегі жолдастардың кейбірі: “Жолдас Пономаренко, Қазақстанға сізді ескі қаулыларға ревизия жасап, жаппай теріске шығару үшін жіберген жоқпыз”, деуі де мүмкін... – деп хатшы зорлана жымиды. – Бұл мәселелер турасында, шынымды айтайын, түйсік-түсінігім мүлдем басқаша еді, соған сіз айтарлықтай түзету жасадыңыз, Ермұхан. Рахмет сізге!.. * * * Ғалымның зайыбы Халима Адамбекқызы осы сұхбат туралы бізге әңгіме шерткенде: “Ерекең бірінші хатшының қабылдауынан соң біршама уақыт көңілді жүрді. “Партия жолына шынайы берілген нағыз коммунист, парасатты қайраткер, менімен тең адамдай сөйлесті. Ең бастысы, қазаққа көзқарасы түзу!..” деп, П.К.Пономаренкоға ерекше сенім артып, мені де сол пікіріне иландырды...” – деген уәж айтқан-ды. Шамалауымызша, ГУЛАГ лагерьлерінен П.К.Пономаренкоға жолданған хаттар да жауапсыз қалмаған, соңғы науқан турасында түсінік берушілер де болған (Әрине, кейбірі сүргін себебін өздерінше долбарлап теріс-қағыс айтуы да мүмкін). Соның бәрінен туатын уәж біреу: Е.Бекмаханов сөз еткен көкейкесті мәселе турасында П.К.Пономаренко Қазақстан жазушыларының 1954 жылдың күзінде шақырылған үшінші құрылтайында өз топшылауын айқынырақ баяндап, зиялы қауым үшін аса мәнді мәселеге Қазақстан КП Орталық Комитетінің әлі де оралатынын ескерткен. Алайда, бұрынғы қаулының күшін жою турасында нақты шараға бармаған. Неге? Бәлкім, сөйтуіне Кремльдегі дөкейлерден, мысалы, Компартияның бас идеологы лауазымына ие М.А.Сусловтың табанды қарсылығы себеп болуы ықтимал. Өйткені, әңгіме түйіні осы науқандарға мұрындық болып, жандарм рөлін атқарған “Правда” газетін де “қара тақтаға” жазумен аяқталатыны кімді болсын пәрменді әрекеттен тежеген деген түйін айтамыз. Медеу СӘРСЕКЕ. СЕМЕЙ. Суреттерде: Ермұхан мен Халима. 40-жылдар­дың соңы. 1. Жедел шақырудың жай-жапсарын біз тарихшы профессор Ә. Жұмасұлтановтың естелігі бойынша жа­­зып отырмыз. Ол кісі: “Аспирант кезімде бұл әң­гі­мені Е. Бекмахановтың өз аузынан естідім, сәлем­десе келген нарынқолдық жігітті де көрдім...” деген. 2. 1954 жылдың көктеміндегі шақырылған Қазақ­стан жазушыларының пленумында және тамыз ай­ын­дағы Опера және балет театрында өткен респуб­ликалық үлкен жиында сөйлеген сөзінде П.К.По­но­маренко: “Қазақстан ұлан-асыр табиғат байлы­ғына ие, кен көздері қисапсыз мол, яғни келешегі орасан зор алып республика ғана емес, мәдениеті жоғары, өсіп өркендеген ұлттық тұлғаларға да бай. Өкінішті жәйт: осы байлықтарды ел мүддесіне ке­ңінен пайдалануға республиканың бұрынғы бас­шы­ларының өресі жетпеді. Мысалы, қазақ халқының атағы әлемге мәшһүр тарихи тұлғалары - геолог-академик Қ.И.Сәтбаев, ғалым-жазушы М.О.Әуезов, ғалым-сазгер А.Қ.Жұбанов сияқты аса дарынды перзенттерін және басқаларды қамқорлыққа бөлеп, ел кәдесіне жарар ірі жұмыстарға жұмылдырудың ор­нына, сіздер, Қазақстан партия ұйымының бұ­рын­ғы басшылары, олардың соңына шам алып тү­сіп, күн көрсетпей, туған елінен безуге мәжбүр еткенсіздер. Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?..” – деген. 3. П.К.Пономаренко Қазақстанға келгенге дейін КСРО-ның Мәдениет министрі міндетін атқарған. Жоғары оқу орындары о кезде осы министрлікке қараған. 4.Бұл турасында П.К.Пономаренко біз жо­ға­рыда атаған республикалық жиындағы төрт сағат­тық сөзінде күйіне айтып: “Жамбыл Жабаевтың дүл­дүл ақын еместігін әшкерелеуді өтінген адамдар бүгін осы залда отыр, сол жолдастар осы әрекетімен күллі қазақ халқының ділі мен рухына, өткен тарихына шабуыл жасап, өзін-өзі масқаралағанын қалайша ойламаған? Түсінбеймін, түсінгім де келмейді...” дегенде залда отырғандар дүркірей қол соғып хат­шыны қостапты. Жылтізбектегі уақыттың әлі 1954 жыл екенін ұмытпалық, оқырман!.. Соның зардабын, ең алдымен, Е. Бекмахановтың өзі тартқан: бұрынғы қаулы өзгермей, Кенесары Қасымұлы “кертартпа қайраткер” қалпында қалған соң ғылыми атақтары қайтарылған жоқ; Компартияға мүшелігі де түсініксіз ілгешектермен жыл бойы шешілмеді; бір ғана сүйеніш – бірінші хатшының қолдауымен қоңыр күзде тарихшы университеттегі ұстаздық қызметіне қайтып оралып, Қазақстан тарихынан дәріс оқығанымен, аға оқытушының мардымсыз еңбекақысын күнкөріс етуге тура келді; пәтер мәселесі де келер жылға ауысты...