Бокс • 06 Қараша, 2022

Боксшыларымыз бабында екенін көрсетті

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Иорданияның бас шаһары – Амманда өтіп жатқан бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Сары құрлық бәсекесі бел ортасына жетті. Жарыстың алғашқы аптасынан кейін үздік боксшылар іріктеліп, ширек финал мен жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері белгілі бола бастады. Сол таңдаулы боксшылардың қатарында қазақстандық спортшылар да бар.

Боксшыларымыз бабында екенін көрсетті

Азия чемпионатының ал­ғашқы аптасында Қайрат Сәт­жанов жаттықтыратын Қазақ­стан ұлттық құрамасының бес өкілі шаршы алаңға көтеріліп, соның төртеуі жарысты әрі қа­рай жалғастыруға мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, 63,5 кило салмақта жұдырықтасқан Санатәлі Төлтаев біріншілікті екінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды.

Ал жарыстың төртінші кү­нінде үш боксшымыз екін­ші айналымдағы жекпе-жек­терін өткізіп, барлығы да жан­күйерлерді жеңісімен қуантты. Атап айтар болсақ, былтыр 67 кило салмақта ел чемпионы атанған жамбыл­дық жампоз Дулат Бекбауов Азия чем­пионатындағы алғашқы кез­де­суін түрікменстандық Са­пар­мурат Одаевпен өткізіп, қар­сыласын айқын басымдықпен тізе бүктірді – 5:0. Биылғы жастар ара­сындағы Азия бірін­шілігінің күміс жүлдегері атан­ған Одаев үш раундта да жер­лесімізге еш қарсылық көрсе­те алмады. Олимпиада, әлем және Азия біріншіліктерінің чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығар­ған тәжірибелі жаттықтырушы Нұрлан Ақүр­пековтен тәлім алатын Д.Бекбауов кешегі ширек финалдық сайыста қырғызстандық Жақсылық Талайбековпен күш сынасты.

Сондай-ақ күндізгі сессияда 71 кило салмақ дәрежесін­де өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, Жамбыл облысының тағы бір өкілі Асланбек Шымбергенов те артық күш жұмсамай ширек финалға жолдама алды. 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Асланбек Сары құрлық додасының 1/8 финалында филиппиндік Пианар Маржонды екінші раундта есі­нен тандырды. Бірінші раундта жерлесіміз белсенді болғаны­мен, бес төрешінің үшеуі ғана жеңіс­ті Шымбергеновке берді. Екін­ші үш минуттықта іске кіріскен қа­зақстандық боксшы қарсы­ласын бірінші нокдаунға жібе­ріп, кейіннен ауыр соққысымен нокаутқа түсірді. Филиппиндік боксшының жарысты әрі қарай жалғастыра алмайтыны белгілі болған соң, төреші жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті отандасымыз­ға берді. Асланбек келесі кезде­суін бүгін үндістандық Сачинмен өткізеді.

Кешкі сессияда Қазақстан құрамасы­ның бір өкілі жұ­ды­рықтасып, жарыстың төртінші күнін жеңіспен түйіндеді. Был­тыр ғана жастар арасындағы әлем чемпионатында атой салып, кейіннен ел біріншілігінде де мықтылығын дәлелдеген ең жеңіл салмақтағы (48 кило) Санжар Ташкенбай ересектер дуына еркін араласып кетті. Дарынды жерлесіміз Азия чем­пионатындағы бірінші кездесуін 22 жасқа дейінгілер арасын­да­ғы биылғы Азия чемпионатында топ жарған өзбекстандық Асыл­бек Жалиловпен өткізіп, ширек финал­ға шықты. Қа­зақстандық бокс жанкүйерлері асыға күткен айқаста қазақ боксшысының мерейі үстем болды – 5:0. Бірінші раундтан бастап жекпе-жек тізгінін өз қолына алған Санжар соңғы секундтарға дейін қарқынын бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ. Нәтижесінде, бес төреші де же­ңісті отандасымызға берді. Бұл – осы біріншіліктегі қазақ-өзбек текетіресіндегі екінші айқас бо­латын. Қазірше есеп – 1:1. С.Тәшкенбай кеше ширек финал­да қырғызстандық Мирлан Түрікбайұлымен жұдырықтасты.

Ал қазақстандық боксшылардан бірінші болып ширек финал бәсекелерін бастап берген 51 кило салмақтағы отандасымыз Сәкен Бибосынов екінші кездесуін де сәтті аяқтады. Екінші айналымда үндістандық Кумар Спарштан 4:1 есебімен айласын асырған Сәкен ¼ финалда малайзиялық Каюм Ариффинді жарыс жолынан ығыстырды. Жыл басында ғана 48 кило салмақ дәрежесінде жастар арасындағы Азия чемпионатында бақ сынаған Каюм Ариффин араға 10 ай салып ересектер додасында жаңа салмақ­та бақ сынауға бел буған екен. Әзірше жас боксшының жолы болар емес. Осылайша, былтырғы әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз Азия біріншілігінің жартылай финалына жолдама алып, ел қоржынына кем дегенде қола жүлде салып отыр. Бір айта кетерлігі, ол 2021 жылы Дубайда ұйымдастырылған Сары құрлық бірінші­лігінде қола жүлдегер атанған болатын. Сәкен Бибосыновтың биылғы додадағы басты мақсаты – Азия чемпионы атану.

Енді жерлесіміз финалға шығу үшін Сербиядағы әлем чем­пионатының 54 кило салмақтағы жеңімпазы – жапо­ниялық Томоя Цубоимен жұдырық­тасады. Ол ширек финалда тайваньдық По Вей Туды жеңді. Екі боксшы ара­сын­дағы жекпе-жек 10 қарашаға жоспар­ланған.

Шәміл Сафиуллин жетек­шілік ететін Қазақстан әйел­дер құрамасының Азия чем­пио­на­тындағы өнеріне тоқталар бол­сақ, әзірше қыздарымыз­дың да қар­қыны қуантарлық жағдай­­да. Дегенмен 12 салмақта бар­ған қазақстандық бокс­шылардың екеуі Азия біріншілігін ширек финалдан аяқтауға мәжбүр болды.

Мәселен, 1/4 финалда бірінші кез­десуін өткізген 63 килоға дейін сал­мақ­тағы жерлесіміз Аида Әбі­кеева жапониялық Кито Маиден төре­шілердің аралас шешімімен жеңілсе, 2016 жылғы әлем чемпионы, 2017 жыл­ғы Азия чемпионатының күміс жүл­дегері Валентина Хальзова Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері үндістандық Ловлина Боргохаиннен айласын асыра алмады. 75 кило салмақта өт­кен жекпе-жекте де жерлесіміз төрешілердің аралас шешімімен ұтылып қалды.

Дегенмен өзге боксшыларымыз жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуанта алды. Атап айтқанда, екі дүр­кін әлем чем­пионы, былтырғы Азия бірін­шілігінің жеңімпазы Назым Қы­зайбай алғашқы жекпе-же­гінде таи­ландтық Чутхамат Рак­сатпен кездесіп, бір ұпай басым­дығымен жеңіске жет­ті. Жерлесіміз кешегі ширек финал бәсекесінде моңғолия­лық Мунгунсаран Балсанмен күш сынасты.

Сондай-ақ қыздар арасын­дағы ширек финалдық жекпе-жектерде шаршы алаңға көтерілген Жазира Орақбаева (52 кило) Корея өкілі Ким Чае Вонды төрешілер шешімімен қапы қалдырса, қыздар ара­сын­дағы ең олжалы боксшымыз Жайна Шекербекова (54 кило) жапониялық Хан Наритуды 5:0 есебімен тізе бүктірді. 57 ки­лодағы Карина Ибр­агимова да төрешілердің бірауыз ше­шімімен тағы бір кореялық Им Ае Джиннен басым түсті. Ал Рио Олим­пиадасының қола жүл­дегері Дариға Шәкімова (70 кило) үндістандық Пуд­жейді бет қаратпай ұтты – 5:0.

Бокстан ерлер және әйелдер арасын­дағы Азия біріншілігі 12 қарашада мәресіне жетеді.