Ол кезде ауылда алтыншы сыныпта оқитынмын. Сабақ үлгерімім жақсы болғанымен, тәртіп жағынан үлгілі оқушылардың қатарына жатпайтын едім. Сондықтан да тәртібіме байланысты шешем марқұмды мектепке жиі шақыртатын. Сондай күндердің бірінде шешем маған:
– Егерде бұзықтықты қоятын болсаң, Кәкімжан ағаң мен Орынша тәтең сені Алматыдағы №2 экспериментальды мектеп-интернатына оқытпақшы, – деді. Бұл жаңалықты естігенде қуаныштан төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Содан кейін:
– Тәте (шешемді солай атайтын едім), бұзық болмаймын, шынымды айтамын, сол жерден оқытыңызшы, – деп көзімнен ыстық жасым ыршып кете жаздады. Және де күтпеген жерден құлағыма тиген мына хабардың әсерінен үш ай демалыс бойы бала қиялдың шырмауында жүрдім. Ондайда әншейінде зулап өтетін уақыт та тасбақа сияқты баяу жылжиды емес пе. Ақыры сол арманым орындалды әйтеуір. Осылайша, маңдайыма Алматы қаласындағы республикаға белгілі №2 мектеп-интернатта (қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектепте) оқу бақыты бұйырды.
Сол жылдары аталған оқу орнында нағашым Кәкімжан Қазыбаевтың жолдасы, белгілі педагог-жазушы Орынша Қарабалина апай сабақ беретін. Мектеп-интернатқа келген бетте Орынша апайдың сол оқу орнында ең беделді ұстаздардың қатарына жататынын бірден байқадым. Мектеп директорынан бастап ешбір мұғалім алдын қиып өтпейтін. Ал енді Орынша Жолмұратқызының мектепке келе жатқанын көрген оқушылар: «Қарабалина апай келе жатыр» деп айнала тып-тыныш бола қалатын. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш еді. Және де Орынша апайдың сол мектепте сабақ беруі маған үлкен тірек болды. Олай дейтінім, мектепке алғаш келген бетте ауылдағы тентек қылықтарымды біразға дейін тыя алмадым. Соның салдарынан екі-үш мәрте интернаттан шығып қалудың аз-ақ алдында қалған жайым бар. Ал енді бұл мектептен шығып қалған жағдайда тағдырымның қалай қалыптасатыны бір Жаратқан иемізге ғана белгілі болатыны түсінікті.
Осылайша, аққан селдей, соққан желдей өте шығатын өмір ағымы бізді де ерте есейткен жайы бар. Олай дейтінім, Кәкімжан аға мен Орынша апайдың тәлімі мен тәрбиесінің арқасында жоғары оқу орнын бітіріп, Алматыда қызметке қалдым. Талай зиялы адамдармен араласып, ғибратты көштің соңына ілестім. Сол арқылы оңым мен солымды таныдым, өмірге деген дұрыс көзқарасым қалыптасты. Шығармашылық қызметпен айналысып, шамам келгенше біраз белесті бағындырдым. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі және Қазақ журналистикасының қайраткері атанып, екі мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағына ие болдым. Сонымен қатар кеден саласы бойынша екі оқу құралын жазып, жоғары оқу орнында кеден саласы бойынша дәріс те бердім. Ал қызмет барысында қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің полковнигіне, қатардағы инспектордан кеден басшысына дейінгі жолдан өттім. Сондай-ақ көркем шығармаға негізделген үш кітаптың авторы атандым. Қаламымнан шыққан шығармаларымның ең алғашқы оқырманы да және сыншысы да Орынша апай болғалы қашан. Күндіз қызметте болсам, кешкілік шығармашылықпен айналыстым. Уақытымды бос өткізбеуге тырыстым. Мұндай еңбекқорлыққа үйреткен де Кәкімжан аға мен Орынша апай. Себебі қанша жыл ұстаздықпен айналысып жүрсе де, Орынша апайдың ертеңгі күнгі сабағына оқушы сияқты тыңғылықты дайындалатынына таң қалатын едім. Сабақ берген кезде қосымша әдебиеттерді де көп қолданатын. Ал Кәкімжан ағаның абыр-сабыр қызметтен шаршап келсе де, түннің жарымына дейін шығармашылықпен айналысатын еңбекқорлығы мен ерік-жігеріне тәнті болатынмын. Демалыс дегенді білмейтін еді. Сол үшін де осындай өнегені көруге нәсіп еткен Жаратқан иемізге мың да бір шүкіршілік етемін.
Иә, өмір болған соң өрге шығып сүйінесің, өзекке түсіп күйінесің. Біздің де басымыздан талай сынақтың өткен жайы бар. Бұл – әрине, қиындыққа мойымауға, өмір ағымына қарсы жүзе білуге үйреткен Орынша апай мен Кәкімжан ағамның тәрбиесі. Осы орайда Орынша Жолмұратқызының тағдырындағы тар жол, тайғақ кешулерді білетін адам ғана өмірдің мәні мен мағынасын және күйініші мен сүйінішін терең бағалай алады. Бес жасынан бастап үрім-бұтағымен қуғын-сүргінге ұшырап, репрессияның азабын тартты. Қанша қиналып жүрсе де, жоғары оқу орнын үздік бітірді. Кейіннен қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының келіні атанып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың жары болды. Бақытты ана, беделді ұстаз атанды. Алайда фәни жалғанның қайғысы мен қуанышы қатар жүретін заңдылықтары Орынша апайды да айналып өтпеді. Бүкіл ел таныған алтын асықтай екі ұлы: Нұртасы мен Батыры бақи дүниенің есігін ерте ашты. Екеуі де қандай азаматтар еді десеңші. Нұртасы 30 мыңнан аса операция жасаған алтын қолды хирург болса, Батыры интернет журналистиканың негізін салып, есімі елімізге танымал медиа менеджер атанды. Жуырда журналистика саласы бойынша Батыр Қазыбаев атындағы республикалық «Үркер» сыйлығының тағайындалуы да Батыр бауырымыздың қандай азамат болғанын айғақтайды.
Иә, сол заманның өлшемімен алатын болсақ, Кәкімжан аға мен Орынша апайдың арқасында мен көрген зиялы орта талайға арман болып қалары сөзсіз. Олай дейтінім, Орынша апайдың шаңырағында қазақ интеллигенциясының қаймағы болып саналатын небір мықтылардың қолына су құю бақытына ие болып, зиялы әңгімелерін тыңдадым. Сондай кісілерге ұқсауға тырыстым. Қилы-қилы тағдырына қанықтым. Өмірдегі ең үлкен рухани олжамның бірі сол, әрине. Атап айтсам, Рейхстагқа ту тіккен даңқты батырымыз Рақымжан Қошқарбаев, белгілі ақын-жазушылар Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Хайдолла Тілемісов, Бақытжан Момышұлы, Зейнеп Ахметова, Сапар Байжанов, Камал Смайылов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар Мұхтар Арын, Шәмша Беркімбаева, Көпжасар Нәрібаев секілді зиялы қауым өкілдерінің әңгімелерін тыңдап, жазған кітаптарын оқыдым. Сонымен қатар сол жылдары ондай танымал адамдардың кітаптарына қолтаңба жаздырып алу да мен үшін үлкен мақтаныш еді. Маған қолтаңба берген аталған ақын-жазушылардың кітаптарын ауылға апарып, достарыма көрсеткен кезде таңданғаннан ба, әлде қызғаныштан ба, талайларының демі ішіне түсіп кететін. Бұл жағдайлар руханият кеңістігіне құлаш сермеуіме және шығармашылық ауылына ат басын бұруыма да үлкен себеп болды.
Орынша апай тек ұстаздықпен ғана емес, шығармашылықпен де белсене айналысты. Оның қаламынан шыққан «Ұстаз жүгі қашанда ауыр», «Ұстаз бақыты», «Ұстаз жүгі: қиын, ауыр, қызық» атты педагогикалық-танымдық кітаптары мен «Тағдыр», «Жүрек сыры» атты ғұмырнамалық хикаяттары оқырман тарапынан өте жоғары бағасын алды. Осы орайда Орынша апайдың «Тағдыр» атты ғұмырнамалық хикаятын оқыған белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Орынша Қарабалинаның кітабын оқып отырып, 37 жеріне леп белгісін қойдым. Бұл менің 37 мәрте көзіме жас алғанымның белгісі...» деп жазған еді. Шынымен де Орынша апайдың қаламынан шыққан кітаптарын оқыған адам оның ардақты ана мен білікті ұстаз ғана емес, құрыштай шыныққан бейнесін де көре алады. Сонымен қатар үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында педагогика саласында Орынша апай алмаған марапат кемде-кем шығар. Атап айтсақ, өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағымен марапатталса, осы жылдың қазан айында «Алматы қаласының құрметті азаматы» деген атаққа ие болды. Ал енді мұндай марапатқа ие болған ұстаздар республика көлемінде кемде-кем екені сөзсіз. Осылайша, өз басым өмір жолында Орынша апай сияқты еңбекқор, білімді, парасатты, жалған беделге бой алдырмайтын ұстаздарды өте сирек кездестірдім.
Бүгінде жасы тоқсанның тұғырына шықса да, Орынша Жолмұратқызы қолынан қаламы мен кітабын тастаған емес. Көргені де, айтары да терең адам екенінде дау жоқ. Бұл әрине, бекзаттықпен қатар өмір төзгісіне шыныққандықтың белгісі. Кезінде белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай Орынша апай жөнінде «Қарашаңырақ Қарабалинамен мақтанады» атты эссе жазған еді. Бүгін ұстаздың атымен өзі елу жылдан артық еңбек еткен дарынды балаларға арналған мектеп-интернат қана емес, еліміздің түпкір-түпкірінде жүрген мыңдаған шәкірттері де мақтанады. Орынша Жолмұратқызының алдынан дәріс алған оқушыларының ішінде билік басында, саясатта, ғылым мен білім жүйесінде және өнер мен бизнес саласында жүрген шәкірттері жетерлік. Солардың қатарына Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевты, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліні, кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Әділ Шаяхметовті, сондай-ақ өнер мен шығармашылық саласында марқұм Кеңес Дүйсекеевті, Тоқтар Серіковті, Ақбота Керімбекованы, Бейбіт Қорғанды, Нұрлан Албанды, Тамара Асарды, бизнестегі Дулат Тастекеев пен Нұржан Өкімбаевты, ғылымда профессор А.Құлсариеваны айтып өтуге болады. Бұл тізім айта берсе ұзаққа барады.
Біз жасымыз біразға келсе де әлі күнге дейін Орынша апайдың ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Мысалы, ол кісі менің өмір жолымдағы бағыт-бағдарымды айқындайтын компас сияқты болады да тұрады. Сонымен қатар апай туралы әңгіме қозғалған кезде көз алдыма жемістері жайқалған мәуелі саябақты баптап жүрген бағбанның бейнесі елестейді. Өйткені данагөй ұстазымыздың мәпелеп баптауымен және дұрыс бағыт беруімен қаншама шәкірттері өмірде өз орындарын адаспай таба білді. Талайлы елдің атын шығаратын азаматтар болып қалыптасты және егеменді еліміздің іргетасын қалауда үлкен еңбек сіңірді. Осы орайда белгілі қолбасшы Александр Македонский: «Өмірім үшін – әкеме, абыройлы дәрежем үшін – ұстазым Аристотельге қарыздармын» деген екен. Сол сияқты біздер де бойымызға аналық жүрегі мен ұстаздық ұлағатын сіңіре білген Орынша апайға мәңгілік қарыздармыз.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты