Білім • 07 Қараша, 2022

Ауыр сөмкенің жыры

337 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде оқушыларға қатысты талқыланып жүрген мәселелер аз емес. Ата-аналардың біразы ауыр сөмке баланы ауруға шалдықтырады десе, енді бірі үй тапсырмасын үйіп-төгіп, мектептен тыс уақытта оқушының миын ашытудың еш қажеті жоқ деп санайды. Яғни бала сабағын тек мектепте оқып, үйдегі бос уақытында үйірмелерге қатысып, денсаулыққа көңіл бөліп, бір мезгіл ойынға да уақыт табуы керек деп есептейді.

Ауыр сөмкенің жыры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының сөмкесі тым ауыр екенін айтып, мәселені цифрландыру арқылы шешуді ұсынған-ды. «Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа
ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын», деді Президент.

Осыдан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов балаларды ауыр сөм­ке та­су­дан босатуды тапсырған еді. Иә, бұл тұр­ғыда ата-аналар балалардың сөмкесі тым ауыр екенін жиі айтып жүр. Жур­на­лист Нұрболат Туысбайұлы дамы­ған елдерде оқушы мектепке кітап та­сы­май­тынын және барлық оқу құралы мек­тепте қалып, сөмкесінде жүріс-тұ­рысқа керегі ғана жүретінін алға тартады.

«Ата-ана ретінде өтінішім, оқушыларды екі нәрседен босату керек. Біріншісі – бұл енді талай айтылған проблема. Қазіргі кітап­тар­дың көлемі үлкен, мектепке барғанда ауыстырып киетін аяқкиімі, дене шынықтыруға киетін формасы және ішетін суы бар, бір ба­ланың арқасындағы жүк тым ауыр. Бала­ла­рымыз ауыр сөмкесін көтере алмай бү­кі­рейіп, еңсесі түсіп, дорбасы жер иіскеп бара жатады. Обал-ақ. Екінші мәселе де осымен тығыз байланысты. Бала үйге келгенде сабақ оқымайды, оқығысы да келмейді. Сосын үйде сабақты ата-ана орындайды. Есебін шығарады, эссесін жазады, керек болса суретін де салып береді. Оны мұғалім білмейді емес, біле тұра бағалайды. Сонда кім кімге алданып жүр? Мұғалім ата-анаға баға қоя ма? Бала үйде әке-шешесіне ерке­лейді, көмектесетінін біліп, арқа сүйейді. Одан сабақ оқыған бола ма? Ал мектепте отырған бала сабағын өз бетінше оқып, мұғалімнің алдында деңгейін көрсетеді. Соған қарап педагог баланың «кем-кетігін» жөндеп, сол бағытта жұмыс жүргізуі керек қой. Бізде әзірге олай болмай тұр. Бала сабағын мектепте оқып, бос уақытында секцияларына барсын. Үйде басқа кітап (мектеп міндеттемейтін) оқысын, одан босаса ойнасын. Ең бастысы, мектепке моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да шаршамай барсын. Сонда дені сау баланың оқуға ынтасы зор болар еді», дейді ол.

Талдықорған қаласының тұрғыны, мұға­лім Назкен Қараева: «Бала денсаулығы мен біліміне қатты алаңдаймын. Бірақ балам үшін сабақ оқып көргенім жоқ. Үй тапсырмасы босқа бе­ріл­мейді, ол мектепте алған білімін ны­ғай­ту­ға арналған. Сөмкені де, үй тапсырмасын да алып тастауға мүлде болмайды», деп өз пікірін білдірді.

Ал Астана тұрғыны, медбике Жансая Әбдіқадырова: «Сөмкесіз оқушы бола ма, оған мектептер әлі дайын емес. Шетелмен салыстырмау керек. Оларда білім беру жолдары әртүрлі. Мәселен, таңертең кетіп, кешке бір-ақ келетіндері бар. Оқушы мектепте оқиды, демалады, түскі тамағын ішеді, үй тапсырмасын орындайды, үйірмесіне қатысады, бәріне үлгеруге болады. Бәріміз сөмке арқалап білім алдық, денсаулығымыз шүкір, жақсы», дейді.

Әр ата-ана үшін бала денсаулығы қашанда – басты назарда. Дегенмен бала саулығы үшін мектеп сөмкелерінің стандарттық салмағы, өзіндік бекітілген нормалары бар. Елімізде оқушының сөмкесіндегі заттың салмағы бала салмағының 10%-ын ғана құрауы керек. Яғни оқушының салмағы 30 кило болса, сөмкедегі зат 3 килодан аспауға тиіс. Бұл тепе-теңдік сақталғанда ғана бала денсаулығына қауіп төнбейді дейді мамандар. Мәселен, Минск қаласында оқушы сөмкелері мен портфолиосының салмағы былайша нормаланады. Бастауыш сынып оқушылары үшін сөмке салмағы 600-700 грамнан, ал орта және жоғары сынып оқушылары үшін 1 килограмнан аспауға тиіс. Ал АҚШ-тың тұтыну өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы жыл сайын сөмкеге байланысты жарақат алған 5 мың бала Төтенше жағдайлар басқармасына жіберілетіні және 14 мыңнан аса бала сөмке артынған кезде алған жарақатына байланыс­ты емделетіні туралы ақпаратпен бөліседі. Яғни америкалық Ортопедиялық хирургтер академиясы дұрыс пайдаланылмаған сөмкелер бұлшықеттер мен буындарды зақымдауы және арқа, мойын және иықтың қатты ауырсынуына, сондай-ақ ыңғайсыз қалыпқа әкелуі мүмкін екенін айтады.

Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен «Бі­лім беру объек­тілеріне қо­йылатын­ са­ни­тарлық-эпидемиологиялық талаптар» са­нитарлық қағидаларының 74-тармағына сәйкес күнделікті оқу жиынтығының салмағы: 1-3 сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5-2 кг, 4-5 сыныпқа – 2-2,5 кг, 6-7-сыныпқа – 3-3,5 кг, 8-11(12)-сынып оқушылары үшін 4-4,5 кг болып бекітілген. Оны бақылау үшін балалардың мектеп портфельдерін өлшеуге қойылатын талаптар болмағандықтан, білім беру объектілеріне қатысты тексерулер жүр­гізілмейді. Осыған байланысты ха­лық­­тың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы сала­сындағы мемлекеттік орган маман­да­рының мектеп портфельдерінің салмағына күнделікті мониторингті жүзеге асыруы мүмкін емес. Сондықтан денсаулық сақтауды, аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету және тиісті санитарлық-гигиеналық жағ­дайлар жасау үшін министрлік оқушылардың сөмкелерінің салмағын мониторингтеу жер­гі­лікті білім басқармаларының бастамасы бойынша ата-аналармен бірлесіп жүзеге асырылуы керек деп санайды. Мысалы, ойыншықтар, күнделікті кестеде қарас­ты­рыл­маған оқулықтар мен керек-жарақтар, ауыстырылатын аяқкиім, спорт­тық формалар санитарлық ережелермен белгіленген салмақтан асып кетуі мүмкін. Сондықтан бастауыш сынып жетекшілеріне түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу және ата-аналар сөм­кені қажетті кестеге сәйкес күнделікті бақы­лауы қажет-ақ.

Ауыр сөмкелер бала денесін зақымдай­тын­дықтан дәрігерлер сөмке сатып алған кезде де мұқият болып, бос сөмкенің салмағы жарты килодан аспауын ескертеді.

«Ауыр сөмке балаңызға қосымша жүк. Өкінішке қарай, мектеп портфолиосының салмағы ауыр, ата-аналардың алаңдауы орынды. Иықта, мойында ауырсыну, қолдың ұюы байқалуы мүмкін. Бұл бас ауруы, сколиоз, лордоз немесе кифоз ауруын шақы­руы ықтимал. Сондай-ақ баланың сүйек аппара­тының қалыптан тыс дамуы да қосылады. 6-7 жастағы балаларда ағзаның, тірек-қимыл аппаратының қалыптасуы жақсы жүреді, сондықтан оған ауыр затпен кедергі жасамауымыз керек. Көп ауру омыртқаның қисаюынан басталатындықтан бұл мәселеге бей-жай қарамаған дұрыс», дейді академик Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығының травматолог-ортопед дәрігері Досбол Ғалымұлы.

Қазір елімізде электронды оқулықтар арқылы оқушылардың ауыр сөмкелерді тасу мәселесін шешу жолдары қарастырылуда. Алайда электронды оқулықтың оқушы омырт­­қа­сына, өмір салтының қозғалыс-қи­мы­лына, шамадан тыс компьютерлік тә­уел­ділікке әке­ле­тінін де ескергеніміз жөн. Сондай-ақ қо­ғамда оқушыларға оқулық­тар­дың екі жиын­тығын, яғни біреуін үйге, екіншісін мектепке сатып алу арқылы ауыр сөмке салмағын едәуір жеңілдетуге болады деген ұтымды ұсыныстар да айтылуда. Айталық, АҚШ-та ауыр сөмкеден құтылу үшін оқулықтың біреуі мектепте, біреуі үйде тұрса, Швецияда 8-сыныпқа дейін оқу­шылар сөмке ұстамайды, яғни үй тапсырмасы берілмейді. Ал Еуропаның кейбір мемлекеттерінде оқушылар күнделікті үй тапсырмасын тек көшірме түрінде қағазбен ғана алса, Қытайда мектеп сөмкесін дәрігерлердің тек­серуінен кейін ғана шығаруға рұқсат бері­леді. Малайзияда оқулықтың орнына ноутбуктер қолданса, Израильде білім беру министрлігі бекіткен мектеп сөмкесінің массасын ата-аналар комитеті қадағалайды екен.

Байқағанымыздай, ауыр сөмкеден арылу мәселесі әр елде бар және оны шешу мәселесі де әртүрлі. Иә, мектеп – тек ғимарат қана емес, бала­лардың білімімен қатар денсаулығына да жағдай жасайтын қастерлі де қасиетті ша­ңы­рақ. «Ұлт болашағы – дені сау, білімді ұр­пақ» екені әсте есімізден шықпауға тиіс.