– Нұржан Кеңесбайұлы, бірден көптің көкейінде жүрген сауалдан бастасақ. Ескі ауылшаруашылық техникасын жеңілдік сертификатына алмастырғандар кейін сол сертификатын кәдеге жарата алмай, автосалондар қабылдамады. Осы мәселе шешілді ме?
– Бүгінгі таңда «Жасыл даму» АҚ Үкіметтің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №20 қаулысын іске асыру шеңберінде «ӨКМ Операторы» серіктестігінің кәдеге жаратуға тапсырылған ескі көліктер мен агротехникаларға ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдік сертификаттарын өтеу туралы құқықтық міндеттемелерін орындау жұмысын толығымен аяқтады деп айтуға болады. Әрине, бұл бір-екі айдың ішінде біте қалатын жұмыс болған жоқ. Өйткені «ӨКМ Операторы» қызмет еткен уақыттағы жұмыстарға аудиторлық тексерістерден бөлек, құзырлы орган тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілді. Осы процестерге байланысты жеңілдік сертификаттарын қаржыландыру уақытша тоқтатылған еді. Қазіргі таңда «Жасыл даму» АҚ отандық автоөндірушілерден агротехника мен көлік құралдарын сатып алу үшін «ӨКМ Операторы» берген жеңілдік сертификаттарын қаржыландыруды қайта бастады. Нәтижесінде, 8 бірдей автоөндіруші 176 автокөлік моделін жеңілдік сертификаты арқылы сатып алуды ұсынып отыр. Енді қолданыстағы жеңілдік сертификаттарының иелері жаңа көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін отандық автоөндірушілерге жүгінуіне мүмкіндік бар. Өндірушілер мен көлік модельдерінің тізімі «Жасыл даму» компаниясының ресми сайтында тұр. Ал ескі көліктерін ақшалай өтемақыға тапсырғандар да тиісті төлемін ала алады. Бүгінгі таңда олар өздерінің өтініштерін жолдап, банктік деректемелерін ұсынды. Төлем жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мерзімі өткен жеңілдік сертификаттарын пайдалану мәселесі бар. Қазіргі уақытта біз автоөндірушілерді ынталандыру қағидаларына тиісті өзгерістер енгізуді жүргізіп жатырмыз. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін мерзімі өткен сертифаттарды пайдалану мүмкін болады. Сондықтан ескі көлігін тапсырған азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ.
– Мамыр айында сырттан әкелінетін көліктерге утилизациялық алым 50 пайызға төмендетілді. Жаңа мөлшерлеме іске қосылған уақыттан бері елімізге қанша көлік әкелінді және олардан түскен қаражат мөлшері қанша?
– Сырттан әкелетін техникаларға утилизациялық төлемді төмендету бойынша жыл басында Президент тапсырма жүктеді. Экология, геология және табиғи ресустар министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, оның құрамында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, қоғам белсенділері, экологтер, автоөндірушілер мен сала сарапшылары қызу талқы жасады. Соның нәтижесінде утилизациялық алым мөлшері 50 пайызға төмендетілді. Сонымен қатар халықаралық тасымалдарға қатысатын ершікті тартқыш техникалар кәдеге жарату алымынан босатылды. Жаңа мөлшерлеме енгізілген күннен бастап (2022 жылдың 14 мамыр) бүгінге дейін отандық автоөндірушілер мен сырттан әкелінген көлік құралдарына кәдеге жарату төлемі үшін 71 млрд теңге қаражат төленді. Бұл 67 410 жеңіл автокөлік, 1 293 автобус, 9 350 жүк көлігі, 4 082 агротехника (комбайн-трактор) болды.
– Утилизациялық алымнан түсіп жатқан қаражат қандай бағыттарға жұмсалып отыр?
– Кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат экологиялық кодекстің 388-бабына сәйкес көрсетілген бағыттарға жұмсалады. Яғни қаптама қалдықтарынан бастап, автокомпонент қалдықтарын жинау, қайта өңдеу, кәдеге жарату, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, қауіпті қалдықтарды басқару жұмыстарына бағытталады. Сонымен қатар экологиялық таза автокөлік өндірушілерді қаржылай ынталандыру қарастырылған. Аталған бағыт бойынша «Жасыл даму» АҚ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Жеңіл көлік пен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасына «Жасыл даму» АҚ есебінен биыл 130 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар қалдық басқарудың жүйесін дамытуға баса назар аударылады.
– Ұйымның негізгі бағытының бір тармағы – тұрмыстық қалдықты реттеу, қалдық өңдеуге қажетті инфрақұрылымды жасақтау. Бүгінгі таңда қалдықты кәдеге жаратуға қандай жағдай жасалып жатыр?
– Қазақстан «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына сәйкес 2030 жылға қарай қайта өңделген қалдық үлесін 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізу межесі қойылған. Бүгінгі дерек бойынша өңделіп жатқан тұрмыстық қалдық үлесі 21 пайыздан асып отыр. Әрине, бұл – көңіл көншітетін нәтиже емес. Дегенмен де ілгері басу бар. 2017 жылы қалдық өңдеу көлемі 9 пайыз еді. Жылдан жылға оның көлемі артып келеді. Қазір қайталама шикізатты өңдейтін кәсіпорындардың саны да өсіп отыр. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықты жинайтын шағын бизнес субъектілері де көбейді. Жақында Өскемен қаласында өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алатын автоматты кешен іске қосылды. Сұрыптау желісін Грек компаниясы орнатты. Мұндай автоматтандырылған кешен әзірге Қазақстанның ешбір аймағында жоқ. Дәл осындай кешен алдағы уақытта Семей қаласында да іске қосылады. Бұған қоса Ақтөбе қаласында да жартылай автоматтандырылған кешен салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда қажетті құрылғылар аталған қалаларға жеткізілген. Енді жергілікті әкімдік нысан қабырғасын тұрғызып берсе болды. Аталған үш қалаға сұрыптау желісі салынбас бұрын қоқыс контейнерлері мен арнайы техникалар сатып әперілді. Нәтижесінде, қалдық сұрыптау жүйесіне қала халқы бейімделе бастады. Жалпы, қалдықтың жүйелі басқарылуы үшін өзге қалаларды да қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау кезек-кезеңімен жүзеге асыру жағы қарастырылуда. Жоғарыда айтқан өңдеу көлемін арттыру жұмысы – бір айдың немесе бір жылдың ішінде қол жеткізетін нәтиже емес. Барлық қадам жүйелі түрде жүзеге асырылады.
– Қолдау демекші, «ӨКМ Операторы» жұмысын тоқтатқаннан кейін қаптама қалдығын жинайтын, өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсету жағында өзгерістер болды ма?
– «ӨКМ Операторы» кезінде қаптама қалдығын жинайтын, тасымалдайтын және өңдейтін кәсіпорындарды қаржыландыратын «EcoQolday» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған еді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы жекеден мемлекеттік мекемеге өткеннен кейін, аталған жүйенің жұмысы қайта қаралуда. Яғни «Жасыл даму» аталған бағдарламаның жүйесін ақпараттық қауіпсіздік жағынан сынақтан өткізуге техникалық құжаттама әзірлеп жатыр. Ақпарттық қауіпсіздік туралы заңнамаға сай келетін болса, оған зияткерлік меншік құқығын рәсімдеу қажет. Осымен қатар қолданыстағы заңнамаға қосымша өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі шарт. Жалпы алғанда «Жасыл даму» өзіне жүктелген міндеттемелерді толығымен орындайды. Қаптама қалдығын жинап, оны кәдеге жаратушы кәсіпорындар алдындағы «ӨКМ Операторы» берешегі бүгінгі таңда қайтарылып жатыр. Қайта өңдеуге тапсырылған шикізат пен өңделген өнім көлемін растаған кәсіпорындарға 196 млн теңге қаражат төленді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»