Отандық футболшы және функционер Михаил Гурманның құрметіне өткізілген ел біріншілігінің соңғы турында чемпиондықтан үміткер «Астана» Қарағандыға сапар шегіп, жергілікті «Шахтер» клубымен кездессе, «Ақтөбе» өз алаңында Алматының «Қайратымен» жасыл алаңда жолықты. Жарыс жеңімпазын анықтап беретін екі матчта да бас жүлдеден үмітті командалар жеңіске жеткенімен, соңғы тур алдында «Ақтөбенің» алдын орап кеткен елордалық ұжым Қазақстан біріншілігінің 30-шы маусымында топ жарды. 26-турда «Астана» сырт алаңда «Шахтерді» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің қызу қолдауының арқасында «Қайратты» ірі есеппен жеңді – 4:1. Осылайша, «Астана» – чемпион, «Ақтөбе» футболшылары күміс жүлдені мойнына ілді.
«Қайраттың» соңғы турдағы жеңілісін Қостанайдың «Тобылы» тиімді пайдаланып, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Оралда жергілікті «Ақжайықпен» ойнаған «Тобыл» бұл матчта жеңіске жетіп қана қоймай (3:1), алаң иелерін Премьер-лигадан шығарып жіберді. Сөйтіп, «Ақжайық» келесі маусымды Бірінші лигада өткізетін болды. Игорь Сергеев пен Серж Дебле дубліне «Ақжайық» футболшысы Илья Коваленко бір доппен жауап қайтарғанымен, командасын жоғары топта сақтап қала алмады. Дей тұрғанмен, Орал клубы үшін биылғы футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. Олар 12 қарашада Шымкенттің «Ордабасы» клубымен Қазақстан кубогын сарапқа салады. Жеңіске жеткен ұжым келер жылғы Еурокубок ойындарына жолдама алады.
Сондай-ақ келесі жылы «Ақжайықпен» бірге Түркістанның «Тұраны» да Бірінші лигада доп тебетін болды. Бірер жыл бұрын ғана жоғары топқа қосылып, атауын «Тұран» деп өзгерткен оңтүстіктің командасы соңғы турда «Тараздан» басым түссе де (3:2), бәрібір Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алмады.
Ал Бірінші лигада жеңіске жеткен Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен екінші орынға табан тіреген Қызылорданың «Қайсары» Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. «Оқжетпес» 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша төменгі лигаға түсіп қалғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Енді, міне, араға екі жыл салып, жоғары топқа қайта қосылды. «Қайсар» Бірінші лигада бір ғана маусым өткізді. Сөйтіп, келесі жылғы ел чемпионатында «Оқжетпес» пен «Қайсар» «Ақжайық» пен «Тұранның» орнын басатын болды.
Биылғы футбол маусымының статистикасына аз-кем тоқталып өтер болсақ, 26 турда 53 ұпай жинап, чемпион атанған «Астана» осымен жетінші мәрте қос құлақты кубокты олжалап, ел біріншілігінде ең көп жеңіске жеткен команда ретінде рекорд орнатты. Бұған дейінгі рекорд та «Астанаға» тиесілі еді. Қазақстан чемпионатында бес мәрте топ жарған «Ақтөбе» екінші орында келеді. Сондай-ақ елордалық команда 26 турдың 16 кездесуінде жеңіске жетіп, 5 матчта қарсыластарымен тең түссе, 5 ойында жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. «Астана» футболшылары қарсыластары қақпасына жалпы саны 65 гол соғып, өз қақпаларына 24 гол өткізіп алды.
Бір маусымда 18 гол соққан «Астананың» португалиялық футболшысы Педро Эуженио үздік сұрмерген атанды. Екінші орынды «Астананың» тағы бір өкілі, хорватиялық Марин Томасов (15) иеленсе, үздік үштікті «Атыраудың» шабуылшысы Андрия Филипович (13) түйіндеді. Байқап отырсаңыздар үш мерген де легионер.
Чемпионаттың ең тәртіпсіз командасы ретінде біріншілік дебютанты «Мақтаарал» көзге түсті. 26 ойында Түркістан облысы клубының жеті футболшысы төреші тарапынан «қызыл» қағазбен жазаланып, алаңнан қуылған. Кейінгі орындарға «Тұран» (6), «Шахтер», «Қайрат», «Тараз» (5) клубтары жайғасқан. Ал «Астана» мен «Қызылжар» футболшыларына тек бір-бір мәрте «қызыл» қағаз көрсетілген. Жалпы, осы маусымда 51 футболшының «қызыл» қағазбен жазаланғанын айта кетейік.