![Майбалықтан түлеп ұшқан қырандар](/media/2022/11/07/maybalyq-07-11.jpg)
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тарих куәгері
Бүгінгі «Қызылсуат» кентіне кешегі Майбалық ауылының тұрғындары көшіп келіп қоныстанған. Тұрғындардың «баяғыда» деп басталатын әңгімелері қайта-қайта Майбалыққа орала береді. Оның сабынсыз бас жуатын суын, денеге түскен жараны емдейтін көлін айтсаңызшы. Кешке көлге салынған ау таңертең шүпілдеген балыққа толы болатын. Ол ауыл тұрғындарының несібесі ретінде әр шаңыраққа «қазандық» деп бөлініп берілетін.
Нұра, Есіл сулары көктемде тасып, ұлан-байтақ аумаққа жайылатын. Содан орман сияқты тұтасып өскен шөптің қалыңдығынан аттылы адам бір көрініп, бір көрінбей жүретінін де сол кезде майбалықтықтар мақтанышпен айтатын. Шөбі шүйгін, жайлы қонысқа өрістеген мал да ауылдың ырысы еді. Сондықтан сол заманда бұл қоныс «байлардың» ауылы деп аталатын.
«Қаладан алыс емес Майбалығың,
Кіндік кескен жері осы Талғатыңның.
Қажымұқан ауылы жақын маңда,
Аңызына айналған бар әлемнің.
Ақын әрі жазушы қос Ілияс,
Жүрген жандар біздермен
мүлде аралас.
Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев,
Ақмоладан аттанған жауына қас», – деп ақын Балмағамбет Жүнісұлы өзінің «Намыс» атты кітабында осы өңірден шыққан ұлыларды жырға қосады.
Ел басында түрлі нәубеттер болды ғой. Олардың ең күрделілерінің бірі, ең нәубеттісі 1929 және 30 жылдары басталған жаппай отырықшыландыру мен күштеп ұжымдастыру барысында елді айтып болмайтын зобалаң жайлағаны, аштық болған еді. Мал, адам қырылды. Аштан бұралған халық адамгершілік, мейірім, шапағат деген ұлы құндылықтарды ұмытқандай. Адам етін жеу де орын алды. Бірде ауылдықтар ағашқа сүйеніп тұрған қимылсыз әйелді байқаған. Ауылдастары оған «неғып тұрсың, бірге кетейік» десе, марқұм түрегеліп, ағашқа сүйеніп тұрып қайтыс болып кеткен екен. Ашаршылықта әрбір үйдің жанында бүрсиіп, өлейін деп жатқан адамдар көбейген.
Ол кезде ауланатын балыққа да норма берілетін. Бір көнекөз ақсақал ауданға тапсыруға дайындап қойған 12 қап балықты, көшеде аштан бұралып жатқан адамдар жеп қоймасын деп екі қабаған итті байлап қойған екен. Иттің үргеніне, қапқанына қарамай аштар балыққа бас салады. Бұл Қазақстанды жайлаған аштық кезеңінің жекелеген эпизодтары ғана еді.
Сол жылдары аштан қырылған адамдарды құрметтеп жерлеу деген ешкімнің ойына кіріп те шықпайтын. Себебі кез келген ауылда, жол бойында жүре алмай жатқан, аштан бұралған адамдарды арбаға жинап салып, Майбалықтағы ауыл зиратының төңірегіне әкеліп жүзін жасыратын. Ауыл ақсақалдары осы зираттың төңірегінде 5000-дай адамның сүйегі жатыр дейтін.
1928 жылы бүкіл елдегідей байлар мен дәулетті адамдар «байталау» деп аталатын – тәркілеуге түсті. 1932 жылы айтулы аштықтың кезінде осы қонысқа Жезқазған өңірі Жаңаарқадан біраз халық босып келді. Бұл да сол кездегі қайғылы заманның көріністері еді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың сойқан бұлты үйірілген кезде, қара жамылған майбалықтықтар бүкіл елдегідей аза тұтты. Осы шағын ғана ауылдан майданға аттанған 70 азаматтың көбі елге оралмады, 36 азамат хабарсыз кетті. Аңырап ана қалды, желегі түспей келін қалды, ел қайғыға батты.
Заман өтпелі. Адамзат өмірден жақсылық күтеді, Жаратушыдан рахым сұрайды, елінің, жерінің амандығына, өсіп келе жатқан бала-шағасының болашағына алаңдаумен өтеді.
Кейін өмір жақсара бастады. Сол кезде Майбалықта болған неміс, шешендер және жергілікті халық «бізді өлімнің аранынан аман алып қалған Майбалық қой, біз тек Майбалықтың арқасында тірі қалдық» деп отыратын.
1949-1950 жылдары бұл ауылға электр желісі тартылып, елді мекен түнде жарқырап-ақ тұратын. Ондағы 8 жылдық мектеп те аудандағы атақты білім ошақтарының бірі еді. Ауылда кезінде жүзден астам тұрғын үй, мыңға тарта мал, бес мың гектардай егін алқабы болған.
Бұл өңірдегі жер атаулары да қазақтың дәстүрлі ұғымына сай келетін. Сарықонған, Кірші, Төлеубек қыстауы, Бекетай, Бозшакөл, Битібай ауылы, Тоғынкөл, Төлеу, Төлеубек, Өміртай, Мамыртай, Отаутүскен – осылай болып, қасиетті қазақ атаулары жалғаса беретін. Одан кейінгі замандарда көшіп келген жаңа қоныстанушылар жер атауларының бәрін-дерлік өзгертті. Сол кездерде Майбалық ауылында жер ауып келген немістер де, шешендер де қазақтармен қатар тұрып, бір қазаннан ас ішіп, бар несібеге ортақтасатын. Бұл да қазақ халқының ешкімді өңменінен итермейтін, төрінен орын беріп, барымен бөлісетін қонақжайлығының бір мысалы. Қоныс аударып келгендерді жергілікті ағайын алдына малын салып, еш бөтенсінбей, оларды бауырына тартқан.
1960 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының жанынан құрылған оқу-тәжірибелік шаруашылығы бұл ауылға жаңа леп әкелді. Халықтың тұрмысы жақсарып, көптеген ауылшаруашылық мамандарын оқытып, бес мың гектар жерге егін егіп, мал бағып, елдің қоймасына мыңдаған тонна астық құйған кезі де болған.
Бірақ бұл елді мекенде ауыз судың тапшылығы, жол қатынасының жоқтығы халықты әр жаққа көшуге мәжбүр етті. Сөйтіп ауыл қаңырап бос қалды. Тоқырау заманының түрлі қиыншылықтарын да бастан өткізді. Жергілікті халық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қоғамдық мүліктің куәгерлері де болды.
Замана ағымы өмірге өзгерістер әкелді. Өткеннің куәгері – бүгінгі киелі Майбалық жерін басқару Алтынбек Қасымбек деген кәсіпкердің қолына өтті. Алтынбек осы киелі мекенде туып-өсіп, дүниеден өткен ұлы аруақтарды қастерлеу жөнінде көптеген ойлары бар ілкімді азамат. Қызылсуат елді мекенінде қазақтың қыран ұлы Талғат Бигелдиновке ескерткіш орнату ісін қолға алды. Көшек батыр қорғанын қалпына келтіріп, кесене тұрғызбақшы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бабалардан қалған ұлы сөзді қаперге алған болар. Бір сөзбен айтқанда, осы елді мекенге және ондағы тарихи орындарға қамқорлық жасау мәселесін қолға алып отыр.
Иә, ұлылардың мұраты да, атақ-даңқы да кейінгіге үлгі. Алдағыларға қарап ұрпақ өседі. Майбалықтан шыққан атпал азаматтар бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өзіне сай алған биігі, сіңірген еңбегі, жасаған ерлігі, атақ дәрежесі бар. Соған орай тарихымызда өзіндік орындары да екшеленіп қойған.
Аты аңызға айналған тұлғаларды өмірге әкелген Майбалық секілді ауылдар елімізде жетерлік. Десек те, өзекті өртейтін өкініштің бірі – бүгін сол елді мекеннің орнында, кезінде саман кірпіштен салынған, уақыттың салмағын көтере алмай қар, жаңбыр, шық-шылаудан езілген үйлердің орнында бір-бір төмпешіктер ғана қалғаны. Кешегі, батырлар жалаңаяқ жүгірген сары белден де сол іздер кете бастағандай. Шағын елді мекен елеусіз қалса да, ерлерінің есімі мәңгі ұмытылмайды. «Елдің атын ер шығарады» деген бәлкім, осы шығар. «Халық айтса қалт айтпайды» ғой.
Жақсының жақсылығын айт...
Қазақтың даңқты ұлы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры ұшқыш Талғат Бигелдинов сынды ірі тұлғалар шыққан Майбалықтан мың кісіге олжа саларлық, осы елдің мақтанышы болған азаматтардың бірі – білімді, білікті, өз заманының ірі қайраткеріне айналған генерал-майор Махмет Дүйсеновтің есімін зор құрметпен атаймыз. Заманында іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары деп бағаланған оны Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Гурьев облыстарына жұмысқа жіберген. Қай өңірде жұмыс істесе де оның бойынан ішкі істер саласы қызметкеріне тән барлық машық пен табандылық табылып отырған.
Ол Қызылорданың Арал қаласында жұмыс істеп жүргенде болашақ жары Балғаным Жәкенқызымен танысады. Сол кеш, сол кездесу оның өміріне үлкен өзгерістер ала келді. Балғаным келін бұл шаңыраққа бақыт болып енді. Махметтің абырой-атағы, қызметі еселеп өсе берді.
Ол ішкі істер саласында ұзақ та адал қызмет атқарды. Павлодар облысы ішкі істер басқармасын басқарған жылдары бұл өңір республика бойынша үздіктер қатарына енді, ал 1970 жылы Қазақстан облыстары ІІБ арасындағы жарыстар қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленді. Оның, әсіресе жастарды қолдап, оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыстары жоғары бағаланды. Оның замандасы полковник Цойдың айтуына қарағанда, ол жастарға көрсетер үлгі-эталон, қарапайым, инабатты, жастар ұмтылар нысана болған екен. Оның шәкірттері ұстазын ұмытпай жадында сақтады. Бұл оның өмірге босқа келіп, босқа кетпеген, еңбегі зая болмаған тұлға екенін көрсетеді.
Оның ерекше қызмет еткен жері – Павлодар облысы. Қарқынды индустрияландыру, өндірістің қарышты дамуы Махметтің жұмысына да үлкен жауапкершілік жүктеді. Махмет Дүйсенов Павлодар облысында тұңғыш милиция генерал-майоры атанды. Оның замандасы және әріптесі генерал Рүстем Қайдаров ол кезде генерал атағының қандай қиындықпен келетінін былай жеткізген болатын: «Генерал атағына ұсыну мәселесі облыстық партия комитетінен басталып, облыстық атқару комитеті арқылы Ішкі істер министрлігіне түседі. Одан партияның республикалық комитетінің Әкімшілік бөліміне түсіп, партияның Орталық комитетінің секретариатында талқыланады. Содан соң Мәскеудегі партияның Орталық комитетінде, Әкімшілік бөлімінде, секретариатта ұсыныс мақұлданғаннан кейін, КСРО-ның Министрлер кеңесінде қаулы қабылданады. Мінеки, ол заманда генералдық атаққа ие болу үшін осыншама ұйымдар арқылы өтетін болған», деп әріптесі генерал атағының қаншалықты жауапты және қаншалықты абыройлы екенін ескерткен.
Махметтің сөзі салмақты, абыройы биік, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі өңір азаматтарына үлгі болды. Соның да әсері болар, қайтыс болғанына 46 жыл өтсе де, ішкі істер саласының ардагерлері, облыстың жұртшылығы оның өңірде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, атын да, қызметін де ұмытпай, 100 жылдығын кең көлемде атап өтті. «Чекист жүрегі» атты кинофильм түсіріліп, кітап жазылып, қаланың орталық көшелерінің бірі ол кісінің есімімен аталып, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды.
Махметтің бір ұлының есімі – Қаныш. Ұлы адамның есімін алуы да жайдан-жай емес. Қаныш Имантайұлы Жезқазған өңірінде жұмыс істеген кезде Махмет Дүйсеновпен қатар жүрді. Оның жарық дүние есігін ашқан ұлына академик Сәтбаев ырымдап өз есімін берген екен. Ол есейіп, ержеткен кезде қазақтың белгілі тұлғасы генерал Тұмарбековтің қызына үйленеді және балалы болған кезде әкесінің есімі жойылмасын деген ниетпен оның есімін Махмет деп қояды.
Қазіргі таңда Дүйсеновтер үлкен әулетке айналып отыр. Олар Аллаберген Әбілжанұлы Дүйсеновтің басқаруымен жыл сайын аруақтарды, ата-бабаларын еске алып ас беруді дәстүрге айналдырған. Ал Аллабергеннің өзі техника тілін жетік білетін, «ЦелинСельмаштың» бір цехында 28 жыл табаны таймай қатардағы жұмысшыдан цех басшыларының біріне дейін өскен сауатты инженер. Сонымен қатар елдің тарихын, ата-баба шежіресін, Ақмола облысының белгілі тұлғалардың өмір-деректерін жинаумен шұғылданатын саналы азамат. Бабалар тарихы жазылған әрбір кітапты, әрбір газеттің қиындысын мұқият зерделеп, жадында сақтаған.
Ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар. Ата-баба тарихын құрмет тұтып, оны дәріптеумен көптен бері айналысып жүрген Аллабергеннің игілікті ісі Махмет Дүйсеновтен, оның арғы ата-бабасынан тамыр тартқан Отанға, туған жер мен елге деген сүйіспеншіліктің, дәстүрге беріктіктің заңды жалғасы деп айтуға толық негіз бар.
Ауыл анасы – Мұқтарима
Ұлы жазушы Ә.Кекілбаевтың: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деген ойын астарында терең мағына жатыр. Кітапхана – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі. Өйткені адам рухани қазына-байлықты кітаптан алатыны әлімсақтан белгілі. Сондықтан болар, дана халқымыз кітапты барлық ілімнің, сауаттың, мәдениеттің қайнар көзіне балаған. Ауылдағы кітапхана саласының дамуына айтарлықтай еңбек сіңіріп, із қалдырған Мұқтарима Бекішқызын мамандығының майталманы ретінде әңгімемізге арқау етсек, еш айыбы болмас. Ол кісінің тұла бойы тұнып тұрған үлгі-өнеге, айтар ойын нысанаға дәл тигізер шебер десек те жарасымды.
Мұқтарима Төлегенова – Қызылсуат ауылындағы мектептің кітапханасын және музейін басқаратын ізденімпаз адам, көптеген қоғамдық жұмыстың ортасында жүретін қайраткер. Осы ауылдың аналар кеңесі белсенді жұмыс істесе, мұны осы кеңестің төрайымы Мұқтарима Бекішқызының белсенділігі деп бағалаған дұрыс.
Ұрпақ тәрбиесінде қашанда ата-әженің рөлі айрықша. Сондықтан да болар, бұл ауылдың аналар кеңесі жұмысы белсенді және көптеген шара ұйымдастырады. Мұқтариманың өзі үлгі көрсетіп, түрлі шараларға немерелері мен келіндерін қатыстырып, өнерге баулып жүреді.
Біз кездескен кезде Мұқтарима Бекішқызы Бурабайдағы Абылай хан алаңында өткен байқауға ауылдағы «Беу, қыздар-ай» атты өнерлі топпен қатысып, жүлделі орынға ие болып келіп жатқан беті екен.
Келесі күні Астана қаласының Алматы ауданында «Әже, келін, немере» деп аталған номинация бойынша үш ұрпақ өкілдерінің өнегелі, өнерлі және шеберлік сайысына қатысып, тағы да жүлделі орынға ие болды.
Бұл кісінің басшылығымен ауыл жастарының және тұрғындарының ұлттық өнерімізді насихаттайтын шаралар тізбегі осылай жалғаса береді. Осы өңір туралы тарихи деректер қажет болса, келген қонақтарды қабылдау кезінде де «Мұқтарима апай қайда екен? Біздің тарихымыз туралы ол кісіден артық әңгіме айтатын тірі куәгер жоқ қой!? Апайды шақырыңдар!» деп жатады.
Ол алыста қалған жас күнінің ескерткішіндей Майбалық ауылының адамдары, олардың іс-әрекеті, барымен бөлісетін ақкөңіл, дарқан пейілдері туралы беріле әңгімелейді.
Мұқтарима: «Біз қазақы тәрбиенің тұнығына қанып өстік. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бабаларымыз болашақ ана, жар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген ғой. «Қыз бала секеңдеп көше кезіп, қыдыңдап биге, киноға бара бермеуі керек», деп отыратын ауыл үлкендері. Анам «Үйде отыр, сәтті күні «Төлегенің» өзі келеді» дейтін. Қасиетті анамның сөзі айна-қатесіз дәл келді. Болашақ жарым Омарбек аяқ жетпес алыстан өзі келді. Анамның айтқандарын орындағаннан кем болғаным жоқ. Бүгінгі дәрежеге жеттім», дейді.
Майбалықтан ел жаңа қонысқа көшіп жатқан-ды. Ауылда екі-үш үй ғана қалған. Міне, осы үйлердің бірінде Мұқтарима Бекішқызының бауыр еті баласы – Сағынбек Омарбекұлы Төлегенов 1986 жылы дүниеге келген еді. Қазір ол өмірдің базарында өз орнын тапқан үйлі-баранды азамат.
Мұқтарима бауырынан өнген 4 баласын аяққа тұрғызды. Ата-анасынан ерте айырылған тумаластарын да қолтығынан сүйеп, жәрдемдесіп, оқытып, еңбекке араласуына себепші болды.
Ол ауылдық жердегі көптеген мамандықтарда өзінің бақытын сынап көрді. Комсомолдық жолдамамен трактордың да «штурвалына» отырды. Ертелетіп шелегін ұстап сиыр фермасында сауыншы да, сол ферманың бригадирі де болды.
Жүре келе мәдениет пен әлеуметтік салаға ауысып, өнімді еңбегін жалғады. Елордада колледжді бітіріп, кітапхана маманы болды. Бүгінгі Мұқтарима балаларынан өнген, балауса шыбық немерелерінің арасында жол сілтеп, бағыт беріп отырған бақытты әже. Тек өз балалары ғана емес, елдің балаларына да аналық тілегін айтып, қамқорлық танытып жүреді. Ол жастармен кездесуде халық даналықтарын және Нұра өңірінің белгілі азаматы Құрманғали Жақыпбекұлы Құлымбеттің мына нақыл сөздерін жиі келтіреді: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады», «Жаманға бақыт қонса, ол қонғанын сезбейді, ұшқанын ғана сезеді», «Ақылды болып еңбек етсең озарсың, ақымақ болып еңбек етсең азарсың».
Замананың неше алуан оқиғаларын бастан өткеріп, бүгінгі күнге жеткен Мұқтариманың жастарға айтар әңгімесі де, үлгі-өнегесі де жетерлік. Өн бойына халқымыздың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін сақтап, оны егемен еліміздің жас ұрпағының бойына сіңіру – Мұқтариманың басты қағидасы.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор